Неге Ұлытау шекарасынан кейін шекеміз тырысқанын айталық онда. Қызылорда облысының аумағында жол жөндеу жұмыстары басталып кетіпті. Қазір құм төсеп жатыр екен, теп-тегіс қылып. Сонымен зырғытып, уақыт ұтып алдық.
«Қазавтожол» ұлттық компаниясының дерегінше, тасжолдың жалпы ұзындығы 427 шақырымды құрайды. Оның 219-ы Қызылорда аумағына тиесілі болса, 208 шақырымы Ұлытау облысыныкі. Былайша айтқанда, шекара қақ бөлінген. Қызылорда облысы әкімдігінің былтырғы жариялаған мәліметіне сүйенер болсақ, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Еуропа қайта құру және даму банкімен құны 240 миллион доллар тұратын жобаға 2021 жылы қол қойған. Қызылорда мен Жезқазған арасындағы ұзындығы 204 шақырымдық ескі жолды күрделі жөндеуге, сондай-ақ Қызылордадағы ұзындығы 14,8 шақырымдық айналма жолдың құрылысына жұмсалмақшы бұл қаржы. Бастысы, Сыр өңірінде сең қозғалды. Ал жаңа құрылған Ұлытау облысы ше? Шынында да, бұл жақтағы жолдың күрсінгенін көзбен көрдік...
Сонымен, астымдағы көлігімді Қызылордадан шыққанда ғана тексертіп алған едік. Бәрі оңды екеніне көз жеткізген соң барып бір-ақ шыққанбыз. Сол сапарда «Аталған жолдың жай-күйін әдейілеп көзбен көрейік» деген мақсатымның болғанын да несіне жасырайын? Әйтпесе, еңбек демалысында ел аралап жүрген біздің айналма жолмен қайтуға уақытымыз да бар еді. Жеттік: мақсатқа да, көліктің алдыңғы «тірегінің» түбіне де. Әйтеуір, аман-есен жеткенімізге тәубе дестік. Келе сала көлік жөндейтін шеберге көрсеткенімде, әлгі маман басын шайқады да: «Қалқам-ау, Қызылордадан келе жатсың ба?», деді. Әрі қарай әлгі әңгімені сарнатты-ай келіп...
Республикалық маңызы бар тас жол дейміз-ау. Осы бағытпен қызылордалық жолаушылар елордаға өтеді. Ал тақтайдай тегіс жолмен жүрейін десе, жарты Қазақстанды шарлауы керек. Жол азабынан қашайын десе, шығыны да шаш етектен. Жезқазған қаласының өзінде Қызылорда облысының қаншама баласы білім алып жатыр. Олар да осы жолмен қатынауға мәжбүр. Жүк көліктерінің де жүрер жолы – осы. Ойдым-ойдымнан қашып, қара жолмен жүрмек болған едік, кері қайттық. Жүк көліктері езіп жіберіпті. Олар да осы жолмен амалдаған ғой. Түсіп кеткен жолдың ортасы көліктің астына тиіп, әбігерге әбден түсірді. Жеңіл көлік жүрерлік мүмкіндік мүлде жоқ екен.
Сізге өтірік болғанымен, бізге шын, Ұлытау облысының шекарасына кіргеннен кейінгі 120 шақырымды төрт сағаттан аса әзер еңсердік. Ал алдымыздан асфальт төселген жол шыққанда автобанға шыққандай қуандық. Екі-үш шақырым жүре түскеніміз сол еді, қуанышымыз ұзаққа созылмады. Асфальт жол бітті де қалды. Ойқы-шойқы, шұңқырдан көз ашпайсың. «Шіркін-ай, тым болмаса осы ойықтарды тегістеп қойса болмас па еді?», деген ой маза бермеді.
Әлгі ойқыш-ойқыш «грейдер жолды» аңсап кетесіз. Жезқазған маңындағы Талап деген ауылға жеткенше сол бейнет көретініңіз. Қанша жерден әккі жүргізушімін десеңіз де, көліктің астын оңдырмай соғасыз. Иә, біз жүріп өткен бір күнгі бейнет – осы. Айтпақшы, жол бойы жаңбыр жаумағанын тілеп келдік. Сәтін салғанда, жауынға ұрынбадық. Әйтпегенде, ми батпаққа батып, сорымыз тіпті қалыңдар ма еді, кім білсін?
...Осы жолдың азабын күнде көре жүріп, күн көріп жүрген таксистер бар екен. Жиырма жылдан астам екі ортаға жолаушы тасумен күнін өткізген Бауыржан Әкімов есімді азаматты тауып, хабарласқан едік.
– Е, шырағым, несін сұрайсың? – деп бастады көңілсіздеу әңгімесін ол кісі. – Бұл жолдың бейнетін бізден көп көрген адам жоқ шығар. Бір қыста тоғыз күн далада қалғанымыз бар. Елсіз жер ғой. Сонда қасымыздағы жүк көлігі тері әкетіп бара жатыр. Үшінші күн. Аш жатырмыз. Өлеміз бе, енді? Терінің құйрық жағындағы майын суға қайнатып, сорпа қылып іштік. Қасымыздағы «Камаз» ұн артып алыпты. Қардың суын қайнатып, ұнды илеп, «пәтір» қылып жедік. Осылай тоғыз күн қиналғанымыз есімнен кетпейді. Жолдың 205-інші шақырымын үнемі қар басады. Қыста осылай қиындық көрсек, көктем мен күзде батпақта қалатынбыз. Әлі де сол. Жаңбыр жаумаса деп отырамыз. Жол пісте май төккендей шылқып жатады...
Осы секілді бейнет көрген көпшілік көп. Бауыржан Әкімовтің айтуынша, Sprinter-ге алған жаңа доңғалақпен бес-алты мәрте ғана жүріп өтеді екен жолды. Әсіресе Жезқазған аумағындағы пышақтай болып жататын үшкір тастар оңдырмайды. Тапқан-таянғанының көбі көлігін жаңалауға кететін көрінеді. «Көліктен артылғанын ғана бала-шағаға апарамыз», дейді ол...
Біз де «Қазавтожол» ұлттық компаниясына сұрау салдық. Ұлытау жаңа облыс болып жатқандықтан, жақсы жаңалық болып қалар деген үмітпен. Компанияның ресми өкілі Ләззат Стамғазиева қуантып қойды. Өзін сөйлетейік...
– Қазіргі уақытта Қызылорда облысы бойынша тасжол жөнделіп жатыр. Ал Ұлытау облысы бойынша мердігерлерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Жылдың соңына дейін келісімшарттарға қол қою жоспарланып отыр. Яғни қайта жаңарту жұмыстары бойынша Қайта жаңарту жұмыстарынан соң, күре жол II техникалық санатқа сай екі жолақты болады. Жобалық-сметалық құжатқа сәйкес жұмыс 2025 жылға дейін аяқталуға тиіс, – дейді ресми өкіл.
Ал ресми дерек болса, аталған жолдың соңғы рет 2003 жылы орташа жөндеуден өткенін айтады.
Ресми өкілдің хабарын жоғарыда айтқан таксист ағайға жеткізген едім, ол кісі: «Осындай құрғақ уәдені естіп келе жатқанымызға отыз жыл болды ғой», деп күңк етті.
Қызылорда-Жезқазған күрежолының тамырына қан жүгірсе, жаңа облыстың экономикасы да жан бітер еді. Ұлытаулықтарды қос бүйірден қысқан қымбатшылық тоқтар еді. Бұл – біздің ғана пікіріміз емес, халықтың арман-тілегі...
Қасымхан ҒАЛЫМ,
журналист
Ұлытау облысы