Конференция қатысушыларының алдында сөз сөйлеген Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, академик Серік Сейдуманов еліміздің отыз жыл мерзімдегі даму жетістіктеріне тоқталды. С.Сейдуманов атап өткендей, белгілі жағдайларға байланысты Қазақстанда объективті бағалауды және оны іске асыру технологияларын әзірлеуді қажет ететін бірқатар «жасырын процестер» сақталып отыр. «Бұл бағытта адам құқықтары, әлеуметтік теңсіздік, олигополия, халықтың өмір сүру сапасының тоқырауы сияқты проблемаларды шешу – ел Үкіметі үшін бірінші кезектегі міндеттер. Мемлекеттік менеджмент бүкіл қоғам үшін транспарентті және оңтайлы шешімдерге функционалдық көшуді жандандыру, мемлекетті қоғамдық бақылаудың жаңа институттарын демократияландыру мен бейімдеу, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құралдарын іс жүзіне асыру, оны бюрократиясыздандыру мен шешімдердің формализмін еңсеру жолымен жаңғыртылуға тиіс. Осы міндеттер шеңберінде республиканың қолданыстағы Конституциясының нормалары белгіленген жоспарларды нәтижелі іске асыру үшін барлық заңды мүмкіндік пен жеткілікті ресурстарға ие», деді академик.
Конференцияның модераторы – Саяси зерттеулер орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты Айдар Әміребаев конституциялық жаңғыртудың үдерістері мен перспективаларына қатысты пікір алмасу және оған қатысты кәсіби ұсыныстардың болуы заңдылық екенін алға тартты. Конституция тарихына тоқталған сарапшы «Қазақстан халқы осы маңызды құжат негізінде экономика мен әлеуметтік-саяси жүйені жаңғыртуда, егемендік пен тәуелсіздікті нығайтуда үлкен тарихи жолдарды еңсерді», деп атап өтті. «Осы жылдар ішінде еліміздің экономикалық іргетасы қалыптасты. Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі көшбасшылардың бірі, халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесіне айналды. Десек те, бүгінде еліміздің алдында күрделі геосаяси жағдайлар мен тәуекелдерге байланысты жаңа міндеттер тұр. Бұл жағдайда ел Президентінің бастамасы бойынша қабылданған қолданыстағы Конституцияға енгізілетін түзетулер шешуші рөлге ие. Еліміздің жаңартылған Конституциясы күшті Парламенті бар Президенттік басқаруға жол ашуға тиіс. Бұл ретте отандық интеллигенция мен ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың жетекші өкілдері басталған «Жаңа Қазақстан» жалпыұлттық жобасын табысты іске асыруға өздерінің зор кәсіби үлестерін қосуға мүдделі», деді орталық директоры.
Конференция барысында Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары А.Теменов, заң ғылымдарының докторы, профессор, Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры М.Бәшімов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі С.Ананьева, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ш.Тілеубаев, «Қоғамдық келісім» РММ бас сарапшысы Г.Біләлова, ФСДИ бас ғылыми қызметкері, профессор Р.Қадыржанов конституциялық жаңғырту үдерістерінің талдамалық мәні мен перспективаларына қатысты ұсыныстарын білдіріп, ішкі саяси процестерді дамытудың ерекшеліктеріне қатысты ойларымен бөлісті.
Сарапшылардың пікірінше, ашық қоғамда әрбір азаматтың пікірі құнды. Жастардың өз құқықтары мен бостандықтарына кепіл бола алатын елде өмір сүруі елдің келешектегі табысты дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Бұл бағытта Президенттің өзі ескіліктен арылу қажеттігін алға тартып отыр. Елдің жаңғыруы оның азаматтарының білімі, денсаулығы, құқығы ескерілген тұрақты конституциялық орта қалыптасқанда ғана орындалатыны анық. Ал мұндай қадам кәсіби қоғамдастықтың қоғаммен ашық жұмыс істеуі, мемлекеттік аппараттың халық үніне құлақ асуымен тығыз байланысты екенін қаперде ұстау қажет.
АЛМАТЫ