13 Мамыр, 2014

Қазақтың барлық жақсы қасиетін бойларына дарытқан әулет

384 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
О.ЛункинаЕшкімге ұқсамайтын айрықша адамдар, өзгеше тағдыр иелері болады. Сірә, бұл кісімен араласып келе жатқанымызға жиырма жыл болған шығар. Қуанышта да, қайғыда да бірге болдық. Осы Ольга Алексеевна қазақ десе өзегін жұлып беретін жан. Оған талай көзіміз жеткен. Тіпті, бұл отбасын толайым қазақ халқымен тағдырлас десе де болады. Ата-бабасының, әке-шешесі, балаларының да кіндік қаны қазақ топырағына тамған. Сондықтан болар, ол кісі өзге елден бақыт іздеуді ойлаған да емес. Қазақстаннан басқа Отаным бар деп есептемейді. Ақылшы анамыздай Ольга Алексеевнаны марқұм досым, қазақ иллюзионисі Алтынай Байтоқанова арқылы танитын едім. Бұл кісі Алтынайдың өкіл шешесі болды. Өнерге баулыды. Өмір көрген адам ғой, жас кезімізде қиналсақ, ақыл-кеңесін айтып отыратын. Талай рет бәлішін жеп, басымызды иығына сүйеп, үйінде де қонып қалатынбыз. Бантик таққан кезінен білетін досым қайтыс болғанда естірткен де, сонау Жезқазғанға досымның денесін бірге апарысқан да осы кісі еді... Ольга Алексеевнаның анасы Галина әжей өмірден озғанда да қазақ достары ол кісіге көп демеу болды. Алтынай да өз әжесі қайтқандай, көпке дейін қамығып жүргенін білемін. Айтқандай, Ольга Лункина – «Megapolis Events» атты мерекелер өткізу жөніндегі шығармашылық жобалар агенттігінің директоры. Бірақ, ол кісінің қызметіне қатысты сирек тоқайласқан екенбіз. Алайда, өмірде бірге келе жатырмыз. Қос құлыны – Елена мен Екатерина көз алдымызда бойжетті. Байқап қарасам, Ольга Алексеевнадан қазақ туралы сөз сұрасаң талай қызықты оқиғаны айтып, ішек-сілесі қатып күледі, яки болмаса көзіне жас алады. «Қазақтың кең даласында менің атам да, әжем де, әкем де, шешем де, көзімнің ағы мен қарасындай қыздарым да туған. Әжем аттың құлағында ойнаушы еді. Қорықпай мініп алып, шауып жүретін. Аздап домбыра да тартатын. Әрине, бізге қарағанда қазақша жақсы білді. Шешем қазақша өлеңдерді мәнеріне келтіріп айтушы еді. Меніңше, жер бетінде Қазақстаннан сұлу жер жоқ. Бізде бәрі бар: таулар мен теңіздер, сайын дала, сарқыраған өзендер. Менің тарихи Отаным – Қазақстан. Кім туған жеріне жамандық ойлайды?! Тілегеніміз – елдің амандығы, алға қарай өркендегені. Өссек те, өшсек те осы далада қалатынымызға көзім жеткен», дейтін Ольга Алексеевнаның әңгімелері тіпті қызық. – Маған бұл оқиғаны бала күнімде әжем айтқан. Осыдан тура жүз жыл бұрын ғой. Әжеміз жас кезінде әкесімен бір қазақтың бір байының үйіне қыдырып барады. Ол кезде жергілікті халықтың дәстүрін біле бермейтін әжеміз жастық аңғалдықпен байдың бұзауын, байдың тоқымашылары тоқып бітіріп, сыртқа жайып қойған кілемін мақтай берген ғой. Әкесі екеуі қайтуға жиналғанда жаңағы ауқатты қазақтар пәуес­келеріне бұзауды байлап, кілемді салып қойыпты. Қонақ десе ас­тындағы жалғыз атын сойып бе­ретін қазақтың жомарттығы мен қонақжайлығын бұдан асырып қалай айтарсың, – дейді Ольга Лункина. – Сол қонақжайлылық бізге де сіңісті болып кеткен екен. Қонақ келсе үй-ішімізбен қуанамыз. Дастарқанды барынша толтырып, кетіп бара жатқан мейманның сөмкесіне бауырсақ, кәмпиттерді, сый-сияпатты толтырып салып бермесек көңіліміз көншімейді, – дейді ол кісі күліп. Расы солай. Ольга Алексеевнаның әжесінің әжесі қазақтың жетім баласын асырап алып, үйлі-жайлы еткен. Өскенде ол жігіт шопыр болып, кейін екі рет осы асырап алған отбасын ажал аузынан алып қалған деседі. Ол бір ұзақ хикая. Ольга Алексеевнаның өз әжесі де қиын-қыстау жылдарда жетім татар қызы Мариямды бауырларына басып, бойжеткізіп, кейін ұшқыш жігітке ұзатқан екен. Мұндай әңгімелерді ол кісі мақтану үшін айтпайды, өткен өмірі еске түскенде өзінен-өзі төгілетін естеліктер ғой. – Қазақпен етене араласып, туыстардай сіңіп кеткен біз ғана емеспіз. Жас кезімізде небір әңгімелерді естуші едік. Мысалы, біздің қазақ көршіміз Рая өзінің бес баласы болса да Ваня деген орыс баласын қосып бақты. Кейін осы Ваня жақсы азамат болып өсіп, асырап алған ата-анасының алдынан қия кеспей, сыйлаумен өтті. Қазақстан – пейіліне берген ғажайып ел. Пешенемізге осы халық бұйырған біз де бақыттымыз. Елуден астам ұлт тіршілігін жасап, тату күн кешіп жатыр. Жаситындай жағдайымыз жоқ. Еңбек етсең, ешкімге де алақан жаймайсың. Бірақ, қазақ тілінің мәселесі бар екенін білемін, осыған аздап қынжылып қалсам да, мұның бәрі орнына келеді деп ойлаймын. Менің кіндік балам қазақша балабақшаға барды. Қазақ мектебінде оқып жүр. Мектебіне барсам, үзілісте қазақша сайрап жүреді. Бұдан он жыл бұрын Алматыдағы қазақ мектебінде оқитын балалардың өзі қоңырауда орысша шүлдірлесіп ойнайтын. Қазір бәрі де өзгеріп келеді. Егер тұрақтылық пен татулық болса, мұндай қиындықтың бәрі де өт­кінші, – дейтін Ольга Алек­сеевнаның өкіл қызы Алтынайға қатысты өкініші әлі де тарқамапты. «Соңғы жиырма жылда Алтынайсыз өткен күнім жоқ, – дейді ол. – Тіпті, алыс шетелдерде жүрсе де күн сайын хабарласып тұратынбыз. Менің қайта тумас Алтынайымның орнын ешкім баса алмайды. Мен оған ұстаз да, дос та, ана да болдым. Өзімнің үлкен қызым деп есептеуші едім. Алтынайдай маған да ешкім қамқоршы болған емес. Оның өз ата-анасы Жезқазғанда тұрды. Өте бір жақсы адамдар. 14 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп жеткізді. Алтынай өмірінің соңғы минуттарына дейін кәрі әке-шешесін уайымдап кетті. Сондықтан мен оның әке-шешесінің орнын алмастырамын деп айта алмаймын. Бірақ, Алтынайдан жақын адамым болған жоқ. Ол да маған екі қызым бойжеткенше көмектесті. Олар Алтынайды тәтелеп жақсы көретін, әрі аздап қаймығатын. Алтынай өз пәтерін иллюзия өнері үшін сатып жіберіп, біраз жылдар шетелдерде жүрді. Цирктермен келісімшарты аяқталып, Алматыға келіп баспаналы болғанша шешем бәріміз біздің кішкентай жер үйде тұрдық. Бір рет те тар деп айтпаған екенбіз. Кешке жұмыстан келгенімде Алтынай қасыма отыра қалып, сахна көйлектерін тігіп отыратын. Әңгімелесіп, күндіз көрген-білгендерін айтады, ақылдасады. Бірақ, өзі тура жетпіс жыл жасағандай көреген еді. Осыдан бес жыл бұрын қатты науқастанып, ауруханаға түстім. Ота өте ауыр болды. Сол кезде мен үшін Алтынайдың қалай жылағанын өмірімнің соңына дейін ұмытпаймын. Қаладағы ең жақсы дәрігерлердің бәріне қаратып, менің орныма жұмысқа барып жүрді. Кейін ол ауруханаға түскенде сынған қолыммен Алтынайдың жақсы көретін тамақтарын өзім даярлап жүрдім. Сіңлісі мен туысқандары қасында болып, тамақ тасып жүрсе де мен әзірлеген асты сүйіп жейтініне мақтанып қалушы едім. Алайда, ажалдан аман алып қалу қолымнан келмеді. Бұл – менің бітпейтін өкінішім... Өлгеніне сенбеймін. Көп гастрольдің біріне кеткен сияқты. Бір күні әдеттегідей есіктен жарқ етіп кіріп келетіндей көрінеді де тұрады. Туған қыздарым да мені жақсы көреді, жандары қалмай бәйек болып жатқаны, бірақ менің өмірімде Алтынайдың орны бөлек. Жүрегімнен бірдеңе үзіліп түскендей, кеудем қаңырап қалды». «Өмір бар жерде – өлім бар» деген осы ғой. Жылы өтсе де Алтынай деп жылап жүрген Ольга Алексеевнаның басқа қазақ достары, туыстары да жеткілікті. Кім біледі, бұйыртып жатса қазақпен құйрық-бауыр желініп, құда болатын күн де алыс емес шығар. Ол кісі Алтынайдай қазақ қызына өкіл шеше болса, оған да ұстаз болған ғажайып қазақстандықтар бар. Мысалы, О.Лункина бір кезде №3 лицейдің директоры болған Екатерина Самсаеваны өзіне ұстаз тұтады. – Екатерина Сайытқызы – ғажайып адам. Жасы жетпістен асса да сұлулығына сұқтанбау мүмкін емес. Әлі күнге дейін шаш қойып, бізөкше туфлимен, келісті киініп жүреді. Осы бір текті жан балалар үйінде өскенін білгенде әбден таңданғанмын. Бірақ, оның үлкен жүрегінен бәрімізге орын табылды. Талай адамға жанашыр болды. Қолынан келсе, кісі баласынан көмегін аяған емес. Ол бізді өмір сүруге, адал еңбекпен табыс табуға тәрбиеледі. Ең бас­тысы – бізге жақсылық жасауды үйретті. Оны білетін талайлар қыздарына Екатерина деп ат қойды. Менің де кіші қызымның аты – Екатерина. Қазір де ол кісі қалалық білім басқармасында жұмыс істеп жүр. Кейінгі буынды педагогиканың қыр-сырына баулып келеді. Өз шәкірттерін жәй мұғалім емес, нағыз ұстаз етіп тәрбиелейтіндігіне талай рет куә болдым. Әнші Ералхан Әбішевпен де отыз жыл бойы араласып келеді екенбіз. Жас кезімізде мен оның берген ақыл-кеңестеріне қарап, бір жағы қалжыңдап, «ақсақал» деуші едім. Менімен жездесінен бетер әзілдеседі. Достарымның ішінде қазақ та, орыс, өзбек, татар, қырғыз, корей де бар. Бірақ, бәріне қазақтың болмысы жұққан, – дейді Ольга Алексеевна. О.Лункина оңтүстікте өмірге келсе де, еңбек жолы Торғай облысында басталған. Жетекші ретінде қалыптасуыма – №3 кәсіптік-техникалық училище көп із қалдырды. Бұл ұжым менің есімде қалады», дейді ол. Одан кейін бес жылдай Бі­лім министрлігіне қарасты рес­публикалық Мәдениет үйінің директоры болыпты. Ол да оның өмірінің жарқын кезеңдері екен. Еңбегі еленді. «Білім үздігі» деген марапатқа ие болды. – Осы Мәдениет үйінде қызмет атқарып жүріп түйсінгенім – мерекелерге ұйытқы болу тағдырым екен. Кейін циркке келгенде де шоу-бағдарламаларға жетекшілік жасадым. Цирк мені ешқашан босатқан емес. Қазақ мемлекеттік циркінің пілдерімен, жолбарыс­тарымен гастрольдерге шығып, кең-байтақ еліміздің барлық бұрышын араладық. Қазір енді жас емеспіз. Бірақ әлі де қалалық деңгейдегі мерекелік шараларды ұйымдастырып жүрміз. Өмір жалғасуда, – дейді Ольга Алексеевна. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.