Жұдырығы жойқын жігіттердің көшін даңқты Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) бастап тұр. Екінші орында – Жәнібек Әлімханұлы (12-0, 8 КО). Тіптен дуалы ауыз мамандардың өздері күні кеше ғана WBO тұжырымының теңдессізі деп танылған қазақтың қайсар ұлының бағындырар белестері бұдан да биік болады деп отыр. Үшінші сатыға Сергей Липинец (17-2-1, 13 KO) жайғасты. Жуырда жартылай орта салмақта WBC-тың алтын белбеуін иеленген бұл жігіт Ресейдің туы астында өнер көрсететіні белгілі. Десек те ол Ақтөбе облысы, Мәртөк ауылының тумасы екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Бәлкім, Boxrec.com сайты Липинецті қазақстандық боксшылардың қатарына қосқанда осы жайтты ескерген болар.
Сондай-ақ ТОП-10 боксшының қатарына Мейірім Нұрсұлтанов (17-0, 10 КО), Руслан Мәдиев (14-2, 5 КО), Жан Кособуцкий (18-0, 17 КО), Бекман Сойлыбаев (14-1, 5 КО), Қанат Ислам (28-1, 22 КО), Данияр Елеусінов (11-0, 6 КО) және Батыр Жүкембаев (19-1, 15 КО) енді.