Медицина • 30 Тамыз, 2022

Инсульт алған испандық туристі емдеді

364 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жазым деген аяқ астында. Ис­паниядан Қазақ­станның көрік­ті жерлерін тама­шалауға келе жат­қан Фернандо Боделон ұшақта инсульт алып, трапқа да аяғы тимей, ауруханадан бір-ақ шықты.

Инсульт алған испандық туристі емдеді

44 жастағы испандық бұған дейін денсаулығына шағым­данып көрмеген адам екен. Қазақстанның таны­мал туристік бағыттары бо­йын­ша саяхаттап көру үшін Мадрид – Алматы бағы­тында ұшып келе жатып, қо­нуға бірнеше сағат қалған­да өзін нашар сезіне бастайды.

«Ұшақта мойным ауырып, күрт түрім бозарып кетті, қайта-қай­та құстым. Содан кейін сол қо­лым мен сол аяқта әлсіздік пай­да болды. Алматы әуежайына қон­ған соң мені жедел жәрдем дәрі­гер­лері күтіп алды», деп еске алады сол күнді Фернандо Боделон.

Турист №4 қалалық ауру­ха­наның қабылдау бөліміне кел­ген кезде дәрігерлер оның жағдайың ауыр деп бағалаған. Аурухана ней­ро­хирургтері шетелдік қонақ­тың өмірі үшін 27 күн бойы күресті.

«Миға жасалған КТ оң геми­сфе­раның қыртыс асты ядролары аймағында қарыншалық жүйе­нің бұзылуын, оған қоса гемор­рагиялық типті ми қан айналы­мының жедел бұзылуын, мидың ісінуін көрсетті. Науқас шұ­ғыл жансақтау бөліміне жат­қызылды», дейді №4 қала­­лық клиникалық ауру­хананың қабылдау бөлімі­нің меңгерушісі Магадин Хайроев.

Туристің өмірін сақтап қалу үшін оған жедел түрде операция жасау қажет болып, оны нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұржан Әжібеков, ассистент Ельдар Бесенов пен анестезиолог Маржан Мусина қолға алды. Опера­ция 60 минутқа созылып, сәтті аяқталды. Дәрігерлер мидың қан айналымын қалпына келтіре алды.

«Біз науқасқа ми іші­лік гематома дренажын жасадық. Опера­ция­дан кейінгі кезең тұрақты түр­­де ауыр өтіп, кейіннен оңала бас­тады. Дәрігерлердің бақы­лауы­нан кейін Фернан­доның жағ­дайы жақсарып, ауруханадан шы­ға­рыл­ды», дейді емдеуші дәрігер, №4 қалалық клиникалық ауруха­на­ның нейрохирургі Алдоңғар Айсауытов.

Ал Ф.Боделон ауруханадан шыққаннан кейін бірден Испанияға оралыпты, қазір оның оңалту курсынан өтіп жатқан жайы бар. Болашақта турист орындалмаған сапарын жалғастырып, екінші туған жері – Қазақстанға қайта оралуды жоспарлап отырған көрінеді.

«Мен бұл клиниканы, дәрігер­лері мен қызмет­керлерін қашан да ыстық ілтипатпен еске алатын боламын. Маған өмірге екінші рет оралуға мүмкіндік бер­гендеріңіз үшін рақ­мет!», дейді Ф.Боделон.

 

АЛМАТЫ