Еліміздің Ата Заңы адамзат баласының жүздеген жылдар бойы қалыптасқан жалпы құндылықтарын бойына сіңірді. Конституция – бабалардың даналығы мен қазіргі заманның рухын бірлестіріп, үйлестірген, жүзден аса ұлт пен ұлыстың теңдігін тегіне қарамастан бекіткен ұлы құжат болды.
Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар атқарылды. Көптеген конституция, әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданғандары мұқият сараптаудан өткізілді. 1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Егемен Қазақстанда Конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелер барынша толық пайдаланылған еді.
Ата Заңымыз – мемлекеттіліктің барлық арман-мүддесін толық қамтыған, елімізде жүзеге асқан және жүзеге асатын саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңарулар мен жетістіктердің құқықтық тұғыры болды. Ол Қазақстанның тәуелсіздігін түбегейлі айқындап, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы мен бекуінің нық негізін қалады.
Қазақстан Конституциясы күшіне енгеннен кейін кеңестік сипаттағы жалған демократия мен жалаң биліктің белең алуына жол бермей, әлемдік өркениетке тән рухани құндылықтар мен саяси-әлеуметтік және экономикалық өзгерістерге жол ашты. Сонымен қатар еркіндік пен теңдік сезімдері терең, тарихи, мәдени, рухани дәстүрі бай ежелгі қазақ халқының өзіндік ұлттық даму ерекшеліктері де ескерілді.
Ұлттық рухымыздың адастырмас темірқазығына айналған Конституция аясында 27 жыл ішінде қабылданған 2800-ден астам заң қоғамдық өмірдің әр саласында тиімді қолданылып, ел тыныштығы мен ұлт бірлігінің бекуіне ықпал етті, экономиканың өрлеуі мен халықтың әл-ауқатының жақсаруына жол ашты. Конституциядағы «Адам және азамат» деп аталатын бөлім елдің ең асыл қазынасы – адам және оның құқықтары мен бостандығын қорғауға арналған. Атап айтқанда, 30-бап адамның құқығы мен бостандығы өмірге келген сәтінен бастап, оған тиесілі екенін және оған ешкімнің қол сұғуына жол берілмейтінін бекітеді.
Ал Қазақстан азаматтарының Конституциямен кепілдендірілген құқықтары мен бостандықтарының аясы кең, ауқымы зор. Атап айтқанда, ұлты, тегі, түсі, тілі, діні, әлеуметтік жағдайы, саяси көзқарасы бойынша ешкім қуғындалмауы; сөз және шығармашылық бостандығы; еңбек ету, қызмет түрі мен мамандық таңдау бостандығы; білім алу, отбасы құндылықтарын қорғау, жекеменшігін қорғау құқықтары; жиындарға және шерулерге қатысу, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарға мүше болу, мемлекеттік басқаруға қатысу, мемлекеттік басқару органдарын сайлау, сайлану және тағы басқа құқықтары халықаралық құқық нормаларына толық сәйкес қорғалады. Яғни біздің негізгі заңымыз мыңжылдық тарихы мен дәстүрі бар өркениетті мемлекеттердің заңдарымен тұспалдас.
Конституция, саяси, экономикалық, әлеуметтік жетістіктердің жаңа белесіне құқықтық негіз берген Ата Заңымыз болып табылады. Себебі еліміздегі барлық болып жатқан саяси, экономикалық, құқықтық шаралар осы Ата Заңымыз негізінен туындайды. Өйткені барлық қоғамдық қатынас тиісінше заңдармен реттеледі. «Конституция – елдегі қоғамдық күштердің шын мәніндегі арақатынасы», деп Фердинанд Лассаль осыдан 160 жыл бұрын айтқан екен. Осы қанатты сөздің ақиқатына дербес өмірге жолдама алған әр мемлекеттің көзі жеткені анық. Ендеше, еркін халықтың санасында мәңгі орнаған бостандық идеясының жүзеге аса бастауының негізі болып отырған Конституцияның Қазақ елі үшін орны бөлек.
Ата Заңымызға өзгерістерді қабылдай отырып, біз өз тәуелсіздігімізді одан әрі нақтылай түстік. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қадағалайды. Міне, осы сынды жаңа құқықтық нормалар елдің тәуелсіздігін толықтай құқықтық тұрғыда қамтамасыз етуде.
Қоғамның оң дамуы Негізгі Заңның табиғаты бойынша қаншалықты прогрессивті және демократиялық екеніне тығыз байланыс. Осы орайда конституциялық реформа арқылы күн тәртібіне шығарылған – Конституциялық сотты қайта жасақтау, Жоғары аудиторлық палата құру, Сенаттың заң шығару процесінен ішінара шеттетілуі, қоғамда абырой-беделі бар азаматтардың Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарда депутат болу мүмкіндігі, өлім жазасының алынып тасталуы, Президенттің тек облыс деңгейінде, онда да шектелген форматта билігінің қалуы – тұтастай алғанда жағымды өзгерістер екені даусыз.
Конституцияда көрсетілген саяси, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған мақсаттар тәуелсіздіктің арқасында еңсесін тіктеген Қазақ елінде қай салада болсын жемісті жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда саясаты салмақты, экономикасы еңселі, әлеуметтік жағдайы әлді, халқы тату, қорғанысы бекем, болашағы жарқын еліміз Ата Заңның аясында өркениетті елдермен терезесі тең болуды көздеп отыр. Күллі халықтың талқысынан өтіп, ел игілігіне айналған Ата Заңымыз біздің мемлекетіміздің басты төлқұжаты болып саналады. Конституция – арайлы азаттығымыздың айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары. Ол елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың бастау қайнары болатындығы ақиқат!
Айдар САБЫРОВ,
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің доценті