Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов қызметіне кіріскен күнінен бастап әкімшілік ресурстарды барынша пайдалану арқылы қала, аудан, ауылдардың әлеуметтік картасын жасау үшін топтар аттандырған. Ауыл әкімінің өзін жыға тани бермейтін ауылдарға да өзі барған әкім әу баста діттеген мақсатына жетті. Елді мекендерге дейін әлеуметтік карта жасалып, шешілмеген барлық проблемалар компьютердің мишығына салынып қойылды. Қазір әр ауыл, елді мекен не айтады деп аузына қарап отырмайды, қаржы жағдайына қарай мәселелері шешіліп жатыр. Ауыл, аудандардың сан жылдаған проблемаларын шешу үшін қаржы қажет. Мұндайда ең жеңілі мемлекеттің мойнына мініп алу. Ал, іскер әкімдер басқа жолды таңдайды. Қосымша қаржы ресурстарын қарастырады. Облыс басшысы мемлекеттік сатып алу конкурсына ұсынылған нысандарға мониторинг жасау барысында жеке біреулердің бас пайдасы үшін артық жазылған қаржыларды анықтаған.
Оңтүстік Қазақстан облысы мұнай атқылаған қазба байлықтың үстінде отырған жоқ. Мемлекеттің мойнына масыл бола бермеу үшін өз ішінен қаржы көздерін іздестірмесе болмайды. Оның жолы – салық базасын нығайту. Облыс әкімінің тапсырмасымен оның орынбасары Ерлан Айтаханов облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы және салық департаментімен бірлесе тыңғылықты жұмыс жасаған. Соның нәтижесінде қосымша 4 млрд. теңге кіріс көзі анықталды. Бұрын бюджетте байқалмаған осы мол қаржы қолға қалай тиді, кіріс көздері қалай анықталды? Осы сауалдарды Ерлан АЙТАХАНОВҚА қойған едік.
– Ерлан Қуанышұлы, жергілікті бюджеттердің салық базасын ұлғайту оңай шаруа емес екендігі белгілі. Бұрнағы бір әкімдердің осы мәселені шешу жолында базардағы сауда нысандарын жіпке тізіп санап, базар басшыларына салықты көбейткенін білеміз. Түсім көлемін арттыру мақсатында жұмысты неден бастадыңыздар?
– Облыс халқының пайдасы үшін күн көзіне түспей қаға берісте жатқан мәселелердің бәріне баруға болады. Мысал үшін айтайық, облыстық салық департаменті салық салып отырған жер көлемі 1 млн. 947 мың 884 гектар. Ал, облыста 4 млн. 391 мың 291 гектар жер бар. Арасында айырмашылық бар ма?
– Қызық екен. Айырмаса 2 млн. гектардан мол асады. Енді осыны жілік-жілікке бөліп, түсіндіріңізші. Сонда осынша жер көлімінен салық алынбай келген бе?
– Жер салығы бойынша облыстағы барлық жер көлемін сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп, салық салу базасы ретінде қамтылмаған жер көлемі анықталған болатын.
Облыстық салық департаменті мен жер қатынастары басқармасына ауылшаруашылық және өнеркәсіп мақсатындағы жерлердің көлемін түгендеу, сонымен қатар олардан түсетін жер салығы мен жерді жалға беру төлемақысын сәйкестендіру нәтижесінде мынаған көз жеткіздік. 2009 жылғы жер балансы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі 4 млн. 391 мың 291 гектарды құраса, облыстық салық департаментінің мәліметі бойынша салық салынып отырған жер көлемі 1 млн. 947 мың 884 гектар болып отыр.
Жоғарыда айтылған екі басқарманың мәліметтері арасындағы айырмашылық 2 млн. 443 мың 407 гектар жер көлемін құрап, зерттеу барысында төмендегідей себептер анықталды.
Біріншіден, бірыңғай жер салығын төлейтін тұлғалардың яғни, шаруа қожалықтары жерлері есебінен 2 млн. 024 мың 743,5 гектар, екіншіден, жер салығын төлеуден босатылған бюджеттік мекемелердің 5 683 гектар жерлері ескерілмеген. Сонымен қатар, 2 477 агроқұрылымдардың пайдалануындағы 432 753,5 гектар жер көлемі салық органдарына тіркелмегендігі анықталып, олардан есептелетін қосымша салық сомасы 1 416,7 мың теңгені құрды. 2009 жылғы жер балансы бойынша өнеркәсіп мақсатындағы жердің көлемі 61 784 гектарды құраса, облыстық салық департаментінің мәліметі бойынша салық салынып отырған өнеркәсіп мақсатындағы жердің көлемі 28 464 гектар. Екі арадағы айырмашылық 33 320 гектар болып отырғанын байқап отырсыз.
Сәйкестендіру жұмыстарының нәтижесінде өнеркәсіп мақсатындағы жердің ішінде 15 039 гектар жері салық салынбайтын яғни, автокөлік жолдары, ал пайдаланудағы 1 131 гектар жер көлемі жергілікті салық органдарына тіркелмегені анықталып, олардан есептелген салық сомасы есебінен түсетін қосымша қаражат көлемі 626,9 мың теңгені құрайды.
Жер учаскелерін жалға беру бойынша 2008 жылдан бері осы мақсатта жасалынған келісім-шарттардың көрсетілген жер сату ставкаларын қайта қарап, қолданыстағы ставкаға сәйкестендіру мақсатында 96 978,1 мың теңгеге кіріс көзі анықталып отыр.
Алдағы уақытта салық базасын толығымен қамту әрі қосымша кіріс көзін анықтау мақсатында аудан, қала әкімдіктері жер учаскесін жалға беру туралы жергілікті атқарушы органдар мен жер пайдаланушылар арасында 2008 жылға дейінгі жасалған келісім-шарттарды зерттеп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы Салық кодексіндегі жалпы жер салығының ставкасына сәйкестендіру тиіс.
– Ана бір жылдары үйірмелік жердің құны аспандап тұрған шақта қала, аудандардың барлығы дерлік аукциондар ұйымдастырды. Мол қаржы түсірді. Артынан, әрине, сиырқұйымшақтанып кетті. Жер учаскелерін сату бойынша түсімдер көңілдегідей ме?
– Жер учаскелерін сатудан түсетін түсім бойынша облыстық салық департаменті тарапынан жүргізілген тексеру жұмыстары барысында 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2009 жылдың 1 қазанына дейін келісім-шарттарды түзу кезінде тиісті аудандық, қалалық жер қатынастары бөлімдері тарапынан жіберілген кемшіліктер негізінде бюджетке барлығы 894,6 млн. теңге төленбей келген. Ең көп сомадағы заң бұзушылықтарды Төлеби, Түлкібас аудандары мен Түркістан, Шымкент қалаларының жер қатынастар бөлімдері жібергендігі анықталып отыр. Атап айтқанда, Үкіметтің келісім-шарттарды түзу бойынша келісім-шарт үлгісі туралы 2003 жылғы 13 қарашадағы №1440 қаулысына, өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2006 жылдың 6 маусымдағы №511 және 2008 жылдың 18 наурыздағы №262 қаулыларын ескермеген. Яғни, жерді сатып алу келісім-шарттарында жер құнын төлеу мерзімдері көрсетілмеген. Осыған сәйкес, Шымкент қаласында тексеру жұмыстарын жүргізу кезінде құны 134,1 млн. теңгені құрайтын 113 келісім-шарттардың жер құны төленбеген. Сол сияқты кемшіліктер басқа да аудандарда орын алу есебінен жергілікті бюджетке 303,4 млн. теңге төленбегендігі анықталды. Осы аталған заң бұзушылық фактілер мен кемшіліктерді жою мақсатында облыстық салық департаменті құқық қорғау органдарына құжаттарды тапсыруы тиіс.
– Салықты тағы бір өндіретін тұс жеке тұлғалардың мүлкіне қатысты болса керек. Шымкенттің аздаған жылдарда көлемі әлденеше есе ұлғайды. Қала ішінде бос жерлер жоқ, тротуарлардың үсті де пышақ үстінен бөліске түсіп, құрылыс салынып кетті...
– Заңды және жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық түрі бойынша оңтүстік өңірінен өтетін “Қазақстан-Қытай” бағытындағы газ құбырының іске қосылуына байланысты 2 031,7 млн. теңге көлемінде қосымша кіріс көзі анықталған болатын. Осы аталған жұмыстарды облыстық салық департаментімен жалғастыра отырып, аудан, қала кесіндісінде әрбір заңды тұлғалардың мүлкін қайта есептеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 247,5 млн. теңге анықталса, осы аталған салық түрінен қосымша кірістердің барлығы 2 279,2 млн. теңгені құрады.
Жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық бойынша, Шымкент қалалық салық басқармасына “ОҚО бойынша жылжымайтын мүлік орталығы” РМҚК 2010 жылға кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылмайтын 142 752 нысандар (тұрғын үй, пәтерлер, саяжайлар мен гараждар) санын ұсынса, осы аталған мекеме 2009 жылға салық салынуға жататын 151 571 нысандар (тұрғын үй, пәтерлер, саяжайлар мен гараждар) ұсынған болатын. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда нысандар саны 8 819-ға азайған.
Сонымен қатар, Шымкент қалалық салық басқармасы тарапынан 2005-2009 жылдар аралығында “Нұрсат” шағын ауданы бойынша кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылмайтын жеке тұрғын үйлердің, пәтерлер иелерінің реквизиттері бойынша қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушыларды тасымалдау және автомобиль жолдары бөлімінен сұратылған мәліметінде пәтерлердің саны 2534 бірлікті құраса, “ОҚО бойынша жылжымайтын мүлік орталығы” РМҚК жүргізген қабылдау және тапсыру актісі негізінде 1653 пәтерді ұсынған. Айырмашылығы 881 пәтерді құрап отыр. Яғни, жылжымайтын мүлік орталығының жүргізген есебінің сапасыздығына сәйкес салық толық көлемде қамтылмаған. Осыған сәйкес, Әділет министрлігі тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің “Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жылжымайтын мүлік орталығы” РМҚК мен ОҚО әділет департаменті тарапына нақты шаралар қабылдануы қажет.
– Қаржы дағдарысы құрсаудай қысып жатыр десек те қазір жеке көлігі жоқ үй кемде-кем. Облыстық ішкі істер департаментінде есепте тұрған автокөліктер мен салық департаментінде тіркелген көліктердің арасында алшақтықтар бар ма? Жол полицейлері көбейді, айыппұлдар да кіріс кіргізіп жатқан шығар?
– Көлік құралдарына салынатын салық түрінен, 2009 жылдың қорытындысы бойынша облыстық салық департаменті мен жол полициясы басқармасы тарапынан аудан, қала кесіндісінде автокөліктердің санына сараптама жүргізу барысында, салық департаментінде жеке тұлғалардың тіркелген автокөліктер саны 263 420 болса, ал жол полиция басқармасында тіркелгендер саны 363 259 автокөлікті құрап, 99 839 автокөлік облыстық салық департаментінде тіркелмегендігі анықталып отыр.
Жеке тұлғалардың көлік салығының базасын түгендеу жұмыстарын жүргізу үшін 2010 жылдың 31 наурызы мен 23 сәуірі аралығында аудандық, қалалық салық басқармалары мен жол полициясы басқармасының аудандық (қалалық) бөлімшелерінің арасындағы салыстыру актісіне ОҚО бойынша ішкі істер департаменті жол полициясы басқармасымен келісу кестесі бекітіп берілді. Оның қорытындысы негізінде анықталған кіріс көздерін алдағы уақытта жоспарлау болжануда.
Алайда, бұл жұмыстардың аяқталуы мерзіміне қарамастан бүгінгі таңда салық департаментінде тіркелген 263 420 автокөлік болса, оның ішінде 40 639 автокөлік салық салуға жатпайтыны анықталған. Жеке тұлғалардың көлік құралдарының санын түгендеу жұмыстарын жүргізу барысында, қазіргі таңда, 24 743 көлік құралдарына салық салынбағандығы анықталса, осы автокөлікті әкімшіліктендіру есебінен бюджетке 79,6 млн. теңге қосымша кіріс көзін түсіру жоспарланса, сондай ақ Салық кодексінде көрсеткендей, көлік құралдары айлық есептік көрсеткішпен есептелуіне байланысты 106,5 млн. теңге немесе барлығы 186, 0 млн. теңге бюджетке қосымша кіріс түсіру жоспарлануда.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын, атап айтқанда, жол полициясы органдарында көлік құралдарын ресімдеу, қайта рәсімдеу немесе техникалық байқаудан өткізу үшін салық органдары тарапынан сол көлік құралына салық төленгендігі жөніндегі анықтама негізінде ғана жұмыс жүргізе алады. Осыған орай, Шымкент қаласы бойынша салық басқармасы тарапынан ОҚО ішкі істер департаменті жол полициясы басқармасынан 2010 жылдың 1 қаңтары мен 1 наурызы аралығында қайта ресімдеуден, техникалық байқаудан және сенімхатты растайтын көлік иелерінің тізімі туралы мәлімет сұраған. Осыған сәйкес, жол полициясы басқармасы 1 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Шымкент қаласындағы автокөліктерді ресімдеу, қайта ресімдеуден немесе техникалық байқаудан өткен 4 650 автокөліктің тізімін ұсынған, ұсынылған мәлімет негізінде, оның ішінен күш қуаты 2000 текше метрден асатын 100 автокөлікке сараптама жүргізу барысында жол полициясы басқармасы тарапынан заң талаптарының толық орындалмағандығы анықталды. Атап айтқанда, 100 автокөліктен түсетін салық көлемі 1 882 910 теңге түсу керек болса, бет есепті ашып көру барысында бар-жоғы 9 891 теңге төлеген немесе 1 873 019 теңге бюджетке төленбеген.
Сонымен қатар, жергілікті мемлекеттік органдар салатын әкімшілік айыппұлдар бойынша 2009 жылдың қорытындысында облыстық ішкі істер департаменті және жол полициясы басқармасы тарапынан салынған айыппұлдар сомасы 411 618,2 мың теңге болса, өндірілгені 335 849,5 мың теңге немесе 82 пайызды құраған. Ал 2009 жылдың 1 наурызына салынған айыппұлдар көлемі 42 775,1 мың теңге болса, өндірілген айыппұл көлемі 32 830,5 мың теңге немесе 76,8 пайызды құраған. Ал өз кезегінде 2010 жылдың 1 наурызына салынған айыппұл көлемін өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,5 есеге өскен, алайда салынған айыппұлдардың өндірілу деңгейі өте төмен болып, аталған кезеңге салынған айыппұл сомасы 149 715,2 мың теңге болса, өндірілгені 87 119,5 мың теңгені немесе небәрі 42 пайызды құрап отыр.
Осындай жұмыстар жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін алынатын лицензиялық алым бойынша және жергілікті маңызы бар, елді мекендердегі жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының бөлу жолағында сыртқы жарнамаларды орналастырғаны үшін алынатын төлемдермен де жүргізілді. Соның арқасында бюджетке үлкен кіріс көзін таптық.
Қорыта айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысында бюджеттің кіріс бөлігін молайтуға әлі де мүмкіндіктер мол. Сондықтан қолданыстағы заңдардың талаптарына сәйкес салықтың толық төленуін қамтамасыз ету үшін облыстық әкімдік өзі қолға алған шараларды алдағы кезде одан әрі жалғастыра береді. Біздің басты міндетіміз салық төлеушілерге салықты уақытылы төлеу арқылы экономика мен халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге үлкен үлес қосып келе жатқанын түсіндіріп, олардың жауапкершілігін арттыру болып табылады.
Осындай жұмыстардың арқасында Оңтүстіктің де көсегесі көгеріп, республикалық бюджеттің жүгін жеңілдетеді. Көптеген күрмеулі мәселелердің түйінін облыстың өзінде тарқатуға мүмкіндіктер туады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН.