Елорда • 31 Тамыз, 2022

Елордада электр беру желісінің астында орналасқан үйлер бұзылады

198 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорда әкімі Алтай Көлгінов 26 жылға созылған мәселенің шешілетінін хабарлады, деп жазады Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада электр беру желісінің астында орналасқан үйлер бұзылады

«Әрбір ауданның өзіне тән күрделі әрі шешілуі тиіс маңызды проблемалары бар. Мәселен Байқоңыр ауданының Күлтегін көшесінде жоғары вольтты электр беру желісі (ЭБЖ) орналасқан. Бұл мәселе 26 жыл бойы шешімін таппаған. Аудан тұрғындарымен кездестік. Үйлер кезең-кезеңімен бұзылатын болады. Ең алдымен электр беру желісі жанында орналасқан Күлтегін, Асан қайғы, Сырдария, Лермонтов көшелеріндегі үйлерге баса мән беріледі. Осыған ұқсас жұмыс алдағы уақытта іргелес аумақта да  жүргізіледі. Алайда бұл бір күндік немесе бір жылдық жұмыс емес», деп жазды әкім әлеуметтік желідегі парақшасында.

Алтай Көлгіновтың айтуынша, жоба орташа есеппен алғанда 3 жылдан 5 жылға дейін созылады.

«Былтыр электр беру желісін шығару бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды қолға алдық, қазір ол сараптамадан өтіп жатыр. Ал биыл күзде ауқымды жобаны іске асыруға кірісеміз. Бірінші кезекте, жолдардың және инженерлік желілердің құрылысы жоспарланған учаскелердегі үйлер, сол сияқты электр беру желісі астындағы үйлер бұзылады. Бұған қоса бұзылатын үйлердің құнын белгілеу, оларды сатып алу және бұзу жұмыстары жүргізіледі», деп жазды қала басшысы.

еғ

Әкім Асан қайғы көшесінде қосымша электр қуаты қосылғаннан кейін Күлтегін көшесіндегі электр желісі демонтаждалатынын жеткізді.

«Бас жоспарда егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірледік. Жеке сектордың орнына әлеуметтік нысандар, тұрғын үй кешені, қоғамдық кеңістіктер бой көтереді. Асан қайғы көшесінің өзінде 200-ден астам үй орналасқан. Мұнда біз Уәлиханов көшесіне параллель, инженерлік желілері толық сегіз жолақты жол салуды жоспарлап отырмыз. Міне осыдан кейін шағынаудан инвесторлар үшін де тартымды болмақ. Осылайша, биылдан бастап Күлтегін, Асан қайғы, Сырдария және т.б. көшелердегі үйлерді кезең-кезеңімен бұзуды бастаймыз», делінген хабарламада.