Спорт • 01 Қыркүйек, 2022

Мықтылар Нью-Йоркте бас қосты

136 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Теннистен Нью-Йоркте өтіп жатқан АҚШ-тың ашық біріншілігінің алғашқы айналымы артта қалды. Бұл жарыстың жекелеген сайысында Қазақстанның үш өкілі өнер көрсеткен еді. Өкінішке қарай, еліміздің ең атақты ойыншысы Елена Рыбакина тұсаукесер кездесуінде сүрінді. Ал Юлия Путинцева мен Александр Бублик келесі кезеңге өтті.

Мықтылар Нью-Йоркте бас қосты

Әлемдік рейтингте 22-орында тұрған Елена Рыбакина іріктеу турнирінде жеңімпаз атанған 21 жастағы Францияның жас дарыны Клара Бюрельмен шеберлік байқасты. Жерлесіміздің бұл кез­десуде жеңіске жететініне ешкімнің күмәні болған жоқ еді. Алайда сол күні Клара өте керемет ойнап, Еленаны жер сипатып кетті. Бір жарым сағатқа созылған сайыс 4:6, 4:6 есебімен аяқталды.

WTA тізімінде 37-орында тұрған Юлия Путинцева тұсау­кесер кездесуін сол күні, яғни 31 тамызда 21 жасқа толған Аман­­да Анисимовамен өткізді. Өзі­нің жастығына қарамастан АҚШ теннисшісі осы күнге дейін біраз белесті бағындырып та үл­­герген. Атап айтсақ, ол 2019 жылы Ролан Гарростың жартылай финалына дейін жетіп, биыл Уимбл­­донның ширек финалында өнер көрсетті. Әлемдік рейтингте 20-орынға жайғасқан Аманда WTA турнирлерін екі рет ұтып, басқа да дүбірлі додаларда өзінің айшықты өнерімен көзге түсті. Десек те бұл тартыста Юлия барын салып, жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетті. Есеп – 6:3, 6:3. Енді Путинцева германиялық Юле Нимайермен кездеседі.

25 жастағы Александр Бублик жастар буынының өкілі Юго Гастонмен күш сынасты. 26 қыр­күйекте 22 жасқа толғалы отырған қарсыласы АТР рейтингінде 71-орынға тұрақтаған. Осыдан төрт жыл бұрын Жасөспірімдердің дүние­­жүзілік олимпиадасында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген Францияның өрені 2020 жылы Ролан Гарростың төр­тінші кезеңіне шығып, көп­шілік назарын өзіне аударған еді. Бұл бәсекеде жерлесіміздің мық­тылығы еш күмән туғызған жоқ. 1 сағат 46 минутқа созылған ойын 6:4, 6:4, 6:4 есебімен аяқ­талды. Екінші ке­зеңде Бублик испаниялық Пабло Карреньо Бус­тамен ойнайды.

н

Бір айта кетерлігі, биылғы US open турниріне әлемге әйгілі тен­нис­шілердің біразы қатыспады. Оның өзіндік себептері де бар. Мә­селен, әлемнің екінші ракетка­сы, германиялық Александр Зверев Нью-Йоркке жарақатына байланыс­ты келмеді. Даңқы жер жарған Швей­царияның мақ­та­нышы Роджер Федерер әлі де ем-дом қабылдап жатқан көрінеді. АТР тізімінде ал­тын­шы орында тұрған Сербияның саңлағы Новак Джокович коронавирустан вакцинация алудан бас тартқаны үшін тағы бір дүбірлі додадан шет қалды. Әйелдер арасында Анжелика Керберді корттан көр­мей­міз. Немістің атақты ойыншысы де­креттік демалыста.

Аталған турнир басталған бетте бірқатар сенсациялық нәтиже тіркелгенін де атап өткеніміз жөн. Әлемнің кезіндегі бірінші ракет­касы, румыниялық Симона Халеп 20 жастағы украиналық Дарья Сни­гурге жол берсе, Ресейдің мықтысы Дарья Касаткина есімі көпшілікке бей­мәлім ұлыбританиялық Хэр­риет Дарттан ұтылды. Ал Гре­­кия­ның мақтанышы Сте­фанос Ци­ци­пас колумбиялық Даниэль-Элаи Галанға есе жіберді. Е.Ры­бакина да солардың кебін киді.