Сондықтан ба екен, ақын мінезі бейғам шөлдей тұнық, сабырлы, сырлы. Сабырхан Асанов жырларының сыршылдығы, жан дүниесінің нәзік иірімдері оқырманды сағынышқа, түймедей құбылысты ескеруге, елеуге үндейді.
Киіп кетіп жатпаса да ой көлденең,
әліге дейін айыра алмай мен келем!
Ақша бұлттар менің аппақ жаным ба,
ақ бұлттардың жанымын ба әлде мен.
Немесе,
Ақша бұлт Алатауға жал боп тұрды,
қыздырды күн сүйгіштеп жалпақ қырды.
Биікте жүрген қыран көлеңкесі,
болмады бір басыма қалпақ құрлы.
Бейнелі өлеңдер табиғат құбылыстарымен тұтасып, жер ананың төсімен бірге өрбитін секілді. «Сынып түссе бір бұта, қабырғама қараймын» дегендей, ақын жаны табиғаттағы мөлдірлікке, түймедақ гүлі шашындай үлбірек сезімге айналып кеткендей сезіледі. Ақынның көп өлеңі махаббат, жастық өмірді сағыну, жас адам бойындағы тұмалықты сағынуға құрылған.
Жазығым не,
өзіңді сүйгенім бе,
сүйгенім бе, отыңа күйгенім бе.
Жүрегіңнің жұрт ұқпас сырын ұғып,
ешкімге айтпай,
ішіме түйгенім бе.
Жазығым не,
балқып тіл қатқаныңда,
аш беліңнен ақырын тартқаным ба,
құлап кетер секілді көрінген соң,
ақ білекті мойныма артқаныңда.
Өлеңдегі кемерінен тасыған сезім көлі кісіге сан түрлі күй кештіріп, белгісіз әлемге шақырады. Қыр артында қалған қиқулы көктемді, масатыдай түрленген балалықтағы асуды, ай жарығымен сәулеленген талдырмаш бойжеткеннің бұлдыраған бейнесін ойға оралтады.
Сабырхан Асановтың алғашқы тұсауын кесіп, арқасынан қаққан аңызға айналған Әбілда Тәжібаев еді. Халық жазушысы алғысөз жазып, алғаш рет жас ақынның өлеңдерін басылым бетіне ұсынады. «Өзі де нәзік, сөзі де нәзік жас жігіт маған бір топ өлеңін әкелді. Мен соларды оқып отырып, көп жерінде селт еткендей, сезім тапқандай қуанып отырдым. «О, дала, дала, сенің кеңдігіңді, Ержетіп тентек балаң енді білді. Көк салсам, қуанғаннан кеудем менің Түндіктей желпілдейді желді күнгі...» – депті жас ақын. Бұл тамылжыған сезім күй. Мұның авторы – Қазақтың мемлекеттік университетінің студенті Сабырхан Асанов екен». Иә, ерте кезден-ақ ағалардың алқауына іліккен ақынның дүниені тек өз ракурсымен көретін, өлеңнен басқаны бар деп білмейтін бұлаң, ерке шағына тағы бір естелік арқылы куә боламыз. Замандасы жайлы жазған Тұманбай Молдағалиев Асановтың албырт көңілінен, асау кезеңінен жалт еткен қызықты естелігімен бөліседі. «Сабырхан өз өлеңдеріне сәт сапарды Мұхтар Әуезовтің өзінен алғысы келіпті. «Жұрт Әбілданы, Жұбанды, Сырбайды айналдырып жүр. Тіпті Сәбит Мұқановты да жиып қойып Әуезовтің өзіне телефон соқтым», – дейді Сабырхан жастық шағын еске алып. Бірақ Мұхаң: «Жігітім, алдымен мәдениетті болуды үйрен», – деп сөгіп тастады. Көзім боталап, шекем шыңылдап үйге қайттым». Бір қарасаңыз, күлкі шақырарлық. Бірақ осы оқиғадан Сабырхан Асановтың мөлдір жанын, ақындық аласапыран сезімдерін, биікке құмартқан асқақ тұрпатын көреміз.
Бірде жаз боп
үй ішін тұрам өртеп,
бірде қыс боп
қаһарды құрам ерте.
Бірде күліп,
біресе күйіп тұрсам,
не болды деп себебін сұрама, еркем.
Ұрынарға біресе қара таппай,
жас үйірем көзіңе қарақаттай.
Біресе өткір пышақ боп ақ жаныңды,
аямастан беремін жарақаттай.
Сабырхан Асанов кеңістігі – тұмса, аяулы, кірсіз жүректен жаралған кеңістік. Ол не нәрсені де аппақ көзілдірігімен танып байқайды. Көзілдірікке шыбынның қанатындай тозаң қондыруды қаламайды. Мұндай ақыннан туған өлеңдер де адам жанын жаңбырмен жуған себеттей жарық ететіні бар.