Қазақстан • 31 Тамыз, 2022

Білім реформаторы

335 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ел егемендігін енді алған сындарлы сәтте ұлт үшін қызмет көрсетудің озық үлгісін көрсеткен айдарлы азаматтардың қатарында Ережеп Мәмбетқазиевтің есімі зор ілтипатпен аталады. Қаншама жастың арманына жол тапқан «Болашақ» бағдарламасы, үш тұғырлы тіл саясаты, тестілеу жобасы, өңірлік университеттердің құрылуы, жоғары мектеп академиясын құру сынды ғалымның бірқатар еңбегі – сол бір елең-алаң шақта дүниеге келген жобалар. Еліміздің ертеңі үшін кідірмей жұмыс бастап кеткен Қазақстанның алғашқы Білім министрінің ғылым жолындағы осынау толағай табыстары жайында әңгіме өрбітсек дейміз.

Білім реформаторы

Қазақ білімінің жолында әлі күнге аттан түспей келе жатқан, еңселі істерімен елге танылған Ережеп Әлқайырұлы – Шығыс Қазақстан өңірінің құрметті азаматы. Мыңжылдық қарағайы, самырсыны, балқарағайы жайқалып өскен осынау ғажап жердің халқының оны құрметтеуі бекер емес. Академиктің әуел баста жабық болған түсті металлургия орталығына төккен тері, еткен еңбегі көп. Ол – осы өлкені ел түгіл, әлемге таныту жолында аянбай қызмет етті.

Бүгінде мерейлі сексен беске тол­ған профессор Астрахань облысы Ка­ли­нин селосында дүниеге келген. 2015 жылы Володар ауданы әкімдігінің ше­шімімен академик Е.Мәмбетқазиевтің есімі берілген Калинин орта мектебін бітірген. 1963 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық университеті, кезіндегі педагогикалық институтта оқыған. Кейінірек білімін әлемге әйгілі ғалымдар, ғылым корифейлері академик, Социалистік Еңбек Ері А.Н.Фрумкин, Б.Б.Дамаскин, Я.М.Колотыркин, С.И.Жда­­нов, Н.М.Дятлова, В.А.Каза­ри­нов, Ю.В.Овчинникова, В.А.Легасов, Н.С.Лидоренко, В.И.Кравцова, Г.А.Яго­дина сынды ғалымдар басшылық еткен тамаша ғылыми мектеп М.В.Ломоносов атындағы ММУ-де жетілдірді. Ленин­град, Днепропетровск, Қазан, Рига, Крас­­нодардағы ғылыми орталықтарда тағы­­лымдамадан өтіп, докторлық диссертацияны сәтті қорғап шықты. Бұл оқу орны ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудың ең үздігі екені белгілі. Мұнда ол ғалым ретінде ғана емес, білім мен ғылымды ұйымдастырушы ретінде де қалыптасты.

1963-1984 жылдар аралығында аспиранттан ассистент, профессор, кафедра меңгерушісі, ҚазМУ-дың химия фа­культеті деканының орынбасарына дейін өсіп, 1984 жылы Өскемен педагогикалық институтын басқару жөнінде ұсыныс алады. 1991 жылы Шығыс Қазақстан жерінде өңірге қажет маман даярлайтын ҚазМУ, ҚарМУ секілді елдегі үшінші мемлекеттік университетті ашу жолында батыл қадам жасады. ШҚМУ үлгісі бойынша Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Талдықорған, Атырау өңірлік университеттерін құрды. Сондай-ақ ол – Семей, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары ғалымдарының әлеуетін біріктірген ҰҒА Шығыс бөлімінің ашы­луына сүбелі үлес қосты. Мұндай шешім еліміздің 100-ге жуық жетекші академиктерінің қатысуымен Өскемен қаласында өткен ҰҒА президиумының көшпелі отырысында қабылданған-ды. Осы аталған істер әлбетте елеусіз қалмады. ШҚМУ-дың жаңашыл ЖОО ретіндегі жоғары беделін тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев лайықты бағалап, Ережеп Әлқайырұлы Қазақстанның Білім министрі лауазы­мына тағайындалды. Ол министр болған тұста қазақ білім беру жүйесі дамудың жаңа деңгейіне жетті. Бүгінге дейін оқу ісінде қолданыста жүрген үштілділік, тестілеу, өңірлік университеттер, «Болашақ» бағдарламасы, «бакалавр-магистр-PhD докторы» жүйесі, Жоғары мек­теп академиясын құру, жеке ЖОО-лар сияқ­ты жобалар – сол кездегі идеялардың жемісі.

Е.Мәмбетқазиев Еуропа, Америка және Азияның дамыған елдерінің білім жүйесіне бірігуді мақсат тұтты. ШҚМУ мен шетел жоғары оқу орындары, өндіріс орындары, кәсіпкерлер арасындағы серіктестіктің негізін қалады. 90-жылдардың реформалары білімді дамудың жаңа кеңістігіне шығарды деуге әбден болады. Мыңдаған дарынды отан­дасымыз президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша үздік шетелдік ЖОО-да білім алып келеді. Заманауи мамандар мен басшылардың буыны қалыптасуда. Бұл әріптестік дамыған ел­дердің тәжірибесімен алмасудың тамаша мүмкіндігіне айналды. Біз өз кезе­гімізде шетелдік талапкерлерге есі­гімізді аштық. Білім мен ғылым қаншама елмен араны жалғады.

Е.Мәмбетқазиев металдардың дипи­ридильді кешендерінің электрохимиясы бойынша ғылыми мектептің негізін қалаушы екенін де айта кеткен жөн. Ұзақ жылдар бойы ғылыми кеңестердің, докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі арнайы кеңестердің мүшесі, бірқатар Бүкілодақтық кеңестің, ғылыми-практикалық конференциялардың бастамашысы және жетекшісі болды. АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Чехословакия, Оңтүстік Корея, ҚХР, Мажарстан, Син­гапур, Малайзия университеттерінде дәріс оқыды. Оның ғылыми зерттеулерінің нәтижелері республиканың, бұрынғы Одақтың ірі кәсіпорындарында енгізілді. ВНИИТ-пен бірлесіп жүргізілген күміс-мырыш аккумуляторларын модернизациялау бойынша қолданбалы зерттеулер әскери және ғарыштық техникада, электр өнеркәсібінде кеңінен қолданылады.

Инновациялық технологияларды өндіріске енгізудің ғылыми-практикалық проблемалары бойынша елдің, өңірдің жетекші кәсіпорындарының, ірі бизнес-құрылымдарының ғылыми кеңесшісі. Білім мен ғылымның өзекті мәселелері бойынша 750 ғылыми еңбек пен монографиясы жарық көрген. Бірқатар еңбегі Ресей, АҚШ, Моңғолия, ҚХР-да қайта басылып шыққан. «Ректор – ЖОО ар-ожданы» монографиясы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген. Мұнда ректор жоғары оқу орны жай ғана маман даярлау ұстаханасы емес, моральдық-психологиялық жағынан сау тұлғаны қалыптастырушы орта екенін алға тартады. Талапкерлерге білім беріп қана қоймай, оларды басты адами құндылықтан алыстамауға үйретіп, ар-ождан мен ақыл-парасатты қатар ұстауға шақырады. Осыдан-ақ университет басшысының жауапкершілігі аз емес екенін аңғаруға болады. Аталған құндылықтар әр басшының саясатының арқауына айналса игі дейсің.

Ережеп Әлхайырұлының білім саласына әкелген тағы бір игі ісі Америкамен серіктестік орнатқан Қазақстан-Америка Еркін университетін құру болды. Аталған оқу орны еуразиялық интеграцияны дамытуға қосқан үлесі мен Еуропа стандартына сәйкес білім беру ісін жақсартуға қосқан үлесі үшін көптеген марапатқа ие болған. Өз кезегінде ректор қоғамның интеллектуалды дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Ұлт интеллектісі» халық­аралық марапатына ұсынылған. АҚШ Конгресі Комитетінің шақыруымен екі рет АҚШ Президенттері Дж.Буш және Б.Обамамен, сондай-ақ АҚШ Үкіметі мүшелерімен әлемнің 120 елінен келген интеллектуалды элита өкілдерімен бірге дәстүрлі Ұлттық қонақасына қатысу құрметіне ие болған азамат.

Біз бүгін білім реформаторының же­тістіктері мен игі істерінің жартысын ғана атап өттік. Айтылмағаны қаншама! Елшіл азаматтың мерейтойы тұсында бі­лім беру ісіне сіңірген ерен еңбегін қа­лай айтсақ та жарасады. Орны бөлек ор­нықты тұлғаның абыройлы асқақ жолы жас ұр­паққа қашанда үлгі-өнеге болары сөзсіз.

 

Ғани ТІЛЕУБЕКОВ