Қоғам • 01 Қыркүйек, 2022

Мас күйінде көлік жүргізетіндер көбейді

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында алғашқы жартыжылдықта 700-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 128 адам бақилық болған. Жалпы жол-көлік оқиғаларының 99 пайызына жүргізушілер кінәлі екені анықталып отыр. Алты айдың ішінде 396 көлік жүргізушісінің мас күйінде көлік тізгінін қолға алғаны да ойландырмай қоймайды.

Мас күйінде көлік жүргізетіндер көбейді

Ішіне отты су түссе, көлік руліне жармасатындардың қа­ра­сы әлі сиремей тұр. Қара жол қателікті кешірмейтінін біле тұра мас күйінде көлік жүргізуден бас тартпай­тын­дардың саны күн өткен сайын өрши түспесе, кемитін түрі жоқ. Тексеру жұ­мыс­тары тағы да жаға ұстататын көрсеткіштерді анықтап берді. Бар болғаны 22 күннің ішінде мас күйінде көлікті басқарған 75 жүргізуші полиция қызметкерлерінің назарына ілікті.

Мас күйінде бір рет ұс­тал­ғаннан кейін сабақ ал­ған­­ды жөн көрмейтіндер де бар. Деректерге сенсек, ұстал­ған­дардың бірі жол-көлік оқиға­сының себепкері болыпты. Ал 5 азамат масаң күйінде қайта­дан көлік жүргізуге кірісіп кеткен. Осылайша, олар бір емес, екінші рет ұсталып отыр.

Тұрар Рысқұлов ауда­ны­ның орталығы Құлан ауы­лының «Жібек жолы» кө­ше­сінде жол-көлік оқиғасы тіркелген. 57 жастағы «Мер­се­дес» автокөлігінің жүр­гізушісі мейрамхана ма­ңын­дағы тұраққа қойылған тағы бір «Мерседесті» соққан. Ме­дициналық куәландыру қоры­тындысы жол-көлік оқи­ға­сына себепкер болған аза­мат­­тың орта дәрежеде мас бол­­ғанын анықтапты. Бүгінгі таңда аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 346-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Автокөлік айып тұра­ғына қойылды.

Тәртіп сақшыларының жедел әрекет етуінің арқасында мас күйінде көлік жүргізген азаматтар дер кезінде ұсталып жатыр. Алғашқы жартыжылдық­­та 16 азамат көлікті мас кү­йін­де екінші рет жүргізгені үшін қыл­мыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың қатарына тағы да 5 адам қосылып отыр.

Ішімдік ішіп көлік жүргізген 396 өңір тұрғыны бұған дейін де15 тәулікке қамалып, 7 жыл бойы көлік басқару құқығынан айырылған екен.

 

Жамбыл облысы