Аймақтар • 01 Қыркүйек, 2022

Көп көңілінен шыққан Жолдау

664 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбындағы Жолдауын зейін қоя тыңдап, ой елегінен өткізіп, көңіл таразысына салып тыңдадық. Президентіміз алдымызға қойып отырған асқаралы міндеттер өмірдің өзінен ойып алынған жайлар. Бар сөзі, тұтас бағыты, сарабдал салмағы көпшіліктің көкейінде жүрген дүние.

Көп көңілінен шыққан Жолдау

Алдымыздағы адастырмас жол сілтер, айнытпас бағыт берер темірқазық нысана да осы. Жеке өз басым ұзақ жыл білім беру саласында еңбек етіп келе жатқандықтан табиғатымызға бір табан жақын білім беру саласына қатысты Президент пікірін мейлінше мұқият тыңдадым. Айтылған кесек те көкейкесті мәселелер көп көңілінен шыққанына еш шүбә жоқ. Мәселен, Президент  «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп бастады өз сөзін. Осы бір ауыз сөздің астарында ұрпақ тәрбиесіне қатысты мың батпан салмақтың менмұндалап жатқандығы шындық. Бала тәрбиесін басынан бастауымыз керек. Оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мекемесінде. Тәлімді тәрбиенің тамаша өрімі осы жерде басталып, осы жерде бүр жарса құба-құп. Жолдауда айтылған 2-ден 6 жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды деген пікіріне бөле-жара тоқталсақ, артықтығы болмас. ХХІ ғасырда мұндай мүшкіл халде отырғанымыздың өзі ұят. Мұның арғы жағында әлеуметтік қиын жағдайдың қалыптасып отырғандығын жасқанбай айтуымыз керек. Балалардың балабақшаға бара алмауы, олардың дұрыс тәрбиесіне ғана емес, отбасының жағдайына да әсер етеді. Жас шаңырақтың жиі шайқалуы да осындай олқылықтың салдары. Жолдауда балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу міндеті қойылып отыр. Оның үстіне тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек екендігі де айтылды. Біз күнделікті өмірде мектепке дейінгі мекемелерде жұмыс істейтін тәрбиешілердің жалақысы аз екенін көріп, біліп жүрміз. Жалақы аз болғаннан кейін олардан заман талабына толық жауап беретін жұмыс сұраудың әбестік. Бұл пікірді барлық тәрбиешілердің қуана құптайтыны даусыз. Әрі осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптардың бекітілуі тиістігі де айтылды. Оған қоса жұмыс жүктемесінің де біртіндеп азаятындығы мәлім болды. Бала тәрбиесіндегі олқы түсіп жатқан осы бір жай өте дұрыс көтеріліп отыр.

Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Бұл пікір осы Жолдауда айтылды. Күнделікті өмірмен байланыстыратын болсақ, облыс орталығындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде кәсіби білікті мамандар дайындалуда. Олар қашанда сұранысқа ие. Біздің ыстық ұямыздан түлеп ұшатын түлектердің қоғамға қажет екендігін әр жыл сайын жұмысқа орналасу көрсеткішінен көріп, біліп отырмыз. Өнер мен мәдениет саласына қызмет ететін колледж түлектері ел бесігін түзеуге өз үлесін қосуда. Осы орайда ел Президентінің әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екендігін айтуы өте орынды болды деп есептеймін. Шынын айту керек, соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру бағытында көп жұмыс жасалуда. Бұл бізді қуантады, қанаттандырады. Алдағы уақытта да замандастарымыздың рухани әлемін нұрландыратын, ұлы өмірді сүйе білуге және сүйікті болуға баулитын мамандардың сапасын арттыру бағытында жұмыс істей береміз.

Шағын пікірде бар жайды қамтып, түгел айтып шығу мүмкін емес. Ширатып айтқанда, Жолдаудың айрықша маңыздылығы көрініп тұр. Қоғамдық өміріміздегі бар саланы түгел қамтыған десе де боларлық.

 

Құралай ЫДЫРЫСОВА,

Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің директоры, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері.