Спорт • 02 Қыркүйек, 2022

Жартылай финалға жолдама алды

127 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан кубогы жо­лындағы жарыстың ширек финалдық ойындары Алматы, Тараз, Қызылорда және Нұр-Сұлтан қалаларында өтті.

Жартылай финалға жолдама алды

«Қайрат» Орталық стадионда Оралдың «Ақжайығын» қабылдады. Есеп 78-минутта ғана ашылды. Айып добын мүлтіксіз орындаған Сергей Кейлер алаң иелерін алға шығарды. Алайда бұл есепті алматылықтар ұзақ ұстап тұра алмады. 87-минутта Виктор Васин автоголдың авторы атанса, 90-минутта Оралхан Өміртаев қонақтарға жеңіс сыйлады – 1:2. «Тараз» бен «Шахтердің» арасындағы матч тең аяқталды – 1:1. Десек те пенальти соғу барысында «Тараздың» бағы жанды – 4:2. «Қайсар» мен «Ордабасы» арасындағы кездесуде дәл сондай «сценариймен» өрбіп, негізгі және қосымша уақытта екі команда да бір-бір голдан соқты. «Футбол лотереясында» шымкенттіктердің асығы алшысынан түсті – 4:1. «Астана» мен «Мақтааралдың» да футболшылары ұзақ тартысты. Бәсеке тағдырын 90-минутта елордалықтардың сапындағы франциялық легионер Килан Лебонның соққан жалғыз голы шешті – 1:0.

Осылайша, «Ақжайық», «Тараз», «Орда­басы» және «Астана» жартылай финалға жолдама алды. Бұл межедегі ойындар 19 қазанда өтсе, ел кубогының иегері 12 қарашада анық­талады.