Спорт • 01 Қыркүйек, 2022

Бублик Бустадан жеңілді

134 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нью-Йоркте өтіп жатқан АҚШ-тың ашық біріншілігінің екінші кезеңінде қазақстандық теннисші Александр Бублик Испанияның өкілі Пабло Карреньо Бустамен күш сынасты.

Бублик Бустадан жеңілді

31 жастағы Пабло Карреньо АТР тур­нирлерін жеті мәрте ұтып, 2017 және 2020 жылдары дәл осы жарыстың жартылай финалында өнер көрсетті. Ролан Гаррос­тың ширек финалына дейін жетіп, биыл Аустралияның ашық біріншілігінің төртінші кезеңінде сүрінді. Былтыр Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында қола м­едальды қоржынға салды. Кезінде US Open додасының жұптық сайысының финалында өнер көрсетті. Қазіргі кезде Буста әлемдік рейтингте 14-орынды иеленуде. Бұл ойын­шының жолы Бубликпен үш мәрте қиысып, сол бәсекелердің барлығында испаниялық ойыншы жеңіске жеткен еді. Бұл жолы да сол жағдай қайталанды. Екі тен­нисші бір-бірімен үш сағат бойы айқас­ты. Нәтижесінде, Пиреней түбегі өкілі­нің мерейі үстем болды. Есеп – 4:6, 6:4, 6:3, 7:6.

Биылғы АҚШ-тың ашық біріншілігі тосын нәтижелерге толы болайын деп тұр. Бұған дейін біз румыниялық Симона Халеп, ресейлік Дарья Касаткина, грекиялық Стефанос Циципас сынды саңлақтар тұсау­кесер кездесулерінде сүрінгені жайында жаз­дық. Іле-шала Эмма Радукану да жеңі­лістің кермек дәмін татты. Былтыр US Open турнирінде алдына жан салмаған Ұлы­британияның аруы әлемдік рейтингте өзінен әлдеқайда төмен тұрған франциялық Ализе Корнеге есе жіберді.

Тағы бір айта кетерлік жайт, аталған жарыс­­тың жасөспірімдер арасындағы турни­рінде Қазақстанның үш бірдей өрені бақ сынайды. Олар – Максим Батютенко, Аружан Сағын­дықова және Сандуғаш Кен­жебаева. Бұл ойыншылардың барлығы да Team Kazakhstan акаде­миясының түлектері. Жас өрендердің додасы 4-10 қыркүйек аралығында өтеді.