Жолдауда айтылған жаңа экономикалық саясатқа қатысты әрбір бастама ел қолдауына ие болары анық. Ауыл шаруашылығы, су мәселесі, ұлт саулығы, білім беру салалары бойынша тың да қарапайым халыққа жағдай жасау мейлінше ескерілген бастамаларды жүзеге асыру маңызды. Мысалы, шағын және орта бизнесті қолдаудың нақты жолдары аталды. Айта кетелік, Түркістан облысында кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдер қатары артып келеді. Статистикаға сәйкес, шағын және орта кәсіпкерліктің 32%-ында әйелдер басшылық жасауда. Яғни Түркістан өңірінде жұмыс істейтін әрбір үшінші кәсіпкер – әйел. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы да әйел кәсіпкерлері тарапынан белсенді қолданылуда. Бағдарлама арқылы өткен жылы кәсіпкерлерге 25 млрд теңгеге 6 пайызбен 1371 жеңілдетілген несие берілген болса, қолдау алған жобалардың тең жартысы – нәзік жандар. Осы жылдың 6 айында 9,6 млрд теңгеге 274 жоба қолдау тапса, оның 48%-ы әйел кәсіпкерлердің үлесінде.
Жолдауда соңғы кезде рұқсат етілген митингілерде жиі көтеріліп жүрген әйелдердің зейнетке шығу жасына қатысты нақты жауап берілді. «Кеңінен көтеріліп жүрген әлеуметтік сауалды ескере отырып, әйелдер үшін зейнетке шығу жасының межесі 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекітіледі», деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Президент Бірыңғай жинақтау зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясын әзірлеуді тапсырды. «Әр отбасы елдің ұлттық байлықтарын пайдаланудан нақты игілік көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылында «Ұлттық қор – балаларға» атты түбегейлі жаңа бағдарламаны бастау керек деп есептеймін. Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50%-ын балалардың жасы 18-ге толғанға дейін жеке шоттарына мерзімінен бұрын шешіп алу құқығынсыз аударып отыруды ұсынамын», деді Мемлекет басшысы. Бұл қаражатты 18-ге толған азамат баспана мен білім алуға жұмсайтын болады. Сондай-ақ елімізде ең төменгі жалақы деңгейі 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін көтеріледі. Яғни еліміздегі 1,8 млн адамның кірісі артады.
Өз сөзінде қуатты ұлттың діңгегі халық екендігін айтқан Президент ел бірлігіне ерекше мән берді. Иә, бүгінде қашанда ең басты құндылық саналатын ел бірлігінің өзектілігі арта түскен. Демек бірлік-ынтымағымызды сақтап және оны нығайта түсе, Жолдауда айтылған игі бастамаларды жүзеге асыруда аянбайық.
Инара НАМАЗБАЕВА,
«Түркістан облысындағы азаматтық Альянсы» бірлестігінің президенті,
облыстық мәслихат депутаты