Мемлекеттің басты құндылығы – адам. Ал елдің тұрақты дамуы ұлттың саулығы мен сапалы біліміне тығыз байланысты. Жолдау көтерген маңызды бағдар әлеуметтік саясатты жетілдіріп, экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуді көздейді. Осы орайда жиын модераторы, Алматы қалалық мәслихатының хатшысы Станислав Канкуров ел дамуының келешегін айқындайтын құжаттың саяси-экономикалық маңызына тоқталды. Бес бағдардан тұратын стратегиялық құжат еліміз аймақтарында қордаланған көкейкесті мәселелерді таяу уақытта шешіп, республика жұртшылығына қолайлы жағдай жасауды мақсат етеді. Елді мекендерде медицина мекемелерін көбейтіп, қолжетімділігін арттыру, сонымен қатар ауыл шаруашылығына, шағын және орта бизнеске көңіл бөлу, салық жүйесін жетілдірумен қатар Ұлттық қордың игілігін көру, макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізіп, адами капиталдың дамуына, заң үстемдігін орнатудың маңызына назар аударып отыр. Осы орайда С.Канкуров «Еліміздегі саяси өзгерістерді жүйелі іске асыру мен тұрақты даму жолына бағытталған Жолдауды жүзеге асыруға қолдау білдіреміз», деп атап өтті.
Мәслихаттың Қоғамдық даму, мәдениет, спорт, дін және жастар жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары Кенжехан Матыжанов Жолдаудағы әлеуметтік басымдықтарға назар аударды. Нарықтық экономика жағдайында макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізу, бәсекелестікті арттыру, салық саясаты, заңнамаларды жетілдірудің маңызды екендігіне тоқталған сарапшы экономикалық саясаттың ашықтығы, жемқорлықпен күресте цифрландыру саласын дамытудың маңызын атап өтті. «Әсіресе «Халық қатысатын бюджет» жобасында цифрландыру саясаты тиімділігін көрсетті. Бұл жобаға жұртшылықтың, қоғамдық ұйымдардың араласып отырғаны қуантады. Ал білімді, дені сау ұрпақ – елдің келешегі. Жолдауда білім мен денсаулық саласына айрықша көңіл бөлініп отырғаны да сондықтан», деді К.Матыжанов. Мектепке дейінгі білім, тәрбие жұмысы, тәрбиешілерге көңіл бөлу мәселесіне тоқталған сарапшы Финляндия елінде балабақша тәрбиешісіне маманданудың талабы жоғары екендігіне назар аударды. Бұл елде тәрбиешілердің жалақысы жоғары, әлеуметтік жағдайы да жақсы. Екі, үш ауысымды мектептердің Еуропа елдерінде жоқ екенін айтқан ол Жолдау жүктеген міндеттер жүзеге асатын болса, білім саласында қордаланған мәселелер шешімін табатынын атап өтті.
«Бүгінде елімізде 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Қазіргі жағдайда еліміздің шалғай аймақтарында денсаулық саласын дамыту, медициналық мекемелердің санын арттыра отырып, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету уақыт күттірмейді». Президент Жолдауында айтылған басымдықтар жүзеге асатын болса, елді мекендерде қолжетімді медицина дамып, заманауи жарақталған емханалар мен ауруханалар бой көтереді. «Бұл Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған маңызды қадам», деп атап өтті мәслихаттың Денсаулық сақтау, білім және жұмыспен қамту жөніндегі комиссия төрағасы Болат Садықов.
Кәсіпкерлік, инвестициялар, туризм, жер қатынастары және экология жөніндегі комиссия төрағасы Федор Константинов, Коммуналдық инфрақұрылым, қалалық мобильдік, құрылыс, сәулет және урбанистика, энергетика және сумен жабдықтау жөніндегі комиссия төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов, Экономика, қаржы, активтер, мемлекеттік басқаруды дамыту және қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары, «Ауыл» партиясының Алматы қаласы бойынша филиалының жетекшісі Махамбет Хасенов болашаққа арналған маңызды құжатта шағын және орта кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын дамытуға, халыққа қызмет көрсету жүйесіне қатысты айтылған мәселелерге орай ой-пікірлерімен бөлісті.
Қоғамдық даму, мәдениет, спорт, дін және жастар жөніндегі комиссия төрағасы Асия Ақанова Жолдаудағы әлеуметтік мәселелерді тарқата келіп, мемлекеттік тілде сапалы оқулықтар шығару, жастарға қолжетімді несие берумен қатар студенттерді қолдау, оқу орындарымен тығыз байланысты дамытуға байланысты пікірін білдірді. Amanat партиясы фракциясының жетекшісі Серік Есматов «Жолдауда айқындалған маңызды бағыттар «Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» жүзеге асатын жарқын жобалар» деп атап өтсе, Денсаулық сақтау, білім және жұмыспен қамту жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Арайлым Шамова білім саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды. «Бүгінде Алматының Алатау, Наурыз аудандарында мектеп жетіспейді. Сондықтан таяу келешекте заманауи мектептердің бой көтеретіндігі шағын аудандардағы мектеп мәселесінің шешілуіне зор ықпалын тигізеді. Ал әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың балаларына тұрақты қолдау көрсетіп отыру, білім алуына жағдай жасап, денсаулығына көңіл бөлу ұрпақ болашағына алаңдаушылықты білдіреді. Сондықтан Жолдауда көтерілген мәселелер еліміздің болашағы үшін жауапкершілігі жоғары», деді А.Шамова.
АЛМАТЫ