Қазақстан • 02 Қыркүйек, 2022

Саяси реформалардың заңды жалғасы

385 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палата­ларының бірлескен отырысына қатысып, VII шақы­рылымдағы Парламенттің III сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады.

Саяси реформалардың заңды жалғасы

«Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталатын жаңа Жолдау «Жа­­ңа экономикалық саясат», «Нақ­ты секторды дамыту», «Ел бола­шағына арналған страте­гиялық инвести­ция», «Мемле­кеттік басқару ісін қай­та жаң­ғыр­ту», «Заң және тәр­тіп» сынды бағ­дарлардан және тағы бір тың саяси реформаларды қам­ти­­­­тын қорытынды бөлімнен тұ­рады.

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қо­ша­­нов­тың төрағалық етуімен өт­кен Парламент Мәжілісінің VII ша­қы­рылымы III сессиясының ал­ғашқы жалпы отырысында да Қ.Тоқаев­тың халыққа Жол­дауы­­ның басымдықтары талқы­лан­ды.

Палата Төрағасы сессияда сөйлеген сөзінде бұл Жолдаудың бұрын басталған реформалардың қисынды жалғасы екенін атап өтті.

Мәжіліс Төрағасы елдің болашақ дамуы мен тағдырына қатысты ауқымды мәселелер көтерілген ма­ңызды құжатта Мемлекет басшы­сының алғаш рет болашақ сайлау науқандарының кестесін жариялап, еліміздің бүкіл саяси жүйесінің жаңарып-жаңғыруына жол ашып бергенін айтты.

«Бұл биліктің ашықтығын және мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің нығаюын айқын көрсетеді әрі еліміздің жаңару жолында жасалған нық қадамдар», деді Па­лата Спикері.

«Депутаттардың өңірлерге сапары кезінде жұртшылық көтерген өзекті, күрделі мәселелердің барлығына дерлік Жолдауда жауап берілді», деген Е.Қошанов: «Негізінен Мемлекет басшысы Жолдауда айтқан барлық мәселе қоғам сұранысына сай келеді. Қазір қазақстандықтарды толғандыратын ең басты мәселе – экономиканың дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру. Елді баға мен тарифтердің өсуі алаңдатып отыр», деп мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынас­ты түбегейлі өзгертуді ұсынды. Оның бас­ты мақсаты – бизнес ашып, кәсіпкер­лікпен айналысу үшін тең мүмкіндіктер жасау, экономикалық еркіндікті қолдау, мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту. Сонымен бірге салық және бюджет жүйесін жаңғыртуға, бюджет қаражатының тиімділігін арттыруға, мемлекет-жекеменшік әріптес­тігі мен мемлекеттік сатып алу меха­низм­дерін жетілдіруге, отандық бизнес үшін несие ресурстарының тапшы­лығы мәселесін шешуге ерекше басымдық беріліп отыр», деді бұл жа­йында Мәжіліс Төрағасы.

Халықтың қамын ойлау, олар­ға қамқорлық таныту, сапалы білім беру, медициналық қыз­мет­терді жақсарту, жастар мен педагогтерді қолдау сияқты мәсе­лелер – мемлекеттің басты назарында. Маңызды құжатта айтылған өзекті мәселелер жеткілікті. Мәсе­лен, Президент екі жыл ішінде 650 елді мекенде медициналық нысандар салынаты­нын мәлімдеді. Төтенше жағдай режі­мінде жұмыс істейтін және үш ауысымда оқитын мектептер мәселесі шешіледі. 2025 жылға қарай 800 мыңнан астам бала заманауи мектептерде оқиды. Ең төменгі жалақы деңгейі 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін өседі, бұл 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді.

«Биылғы Жолдаудағы тың бастама – бұл балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтаушы шоттарына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 па­йызын аудару. Бұл әлеуметтік әділдік орнатудың бастамасы», деді Мәжіліс Төрағасы.

Е.Қошанов Жолдау жүктеген міндеттерге орай сот және құқық қорғау, мемлекеттік басқару жүйе­лерінде де біраз реформалар жүргізі­летінін жеткізді. «Бұдан бөлек, біз мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң қабылдау, Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерді жетілдіру, Қала құрылысы кодексін қабылдау бойынша жұмысқа кірісетін боламыз. Мәжіліс депутаттары алдында конституциялық реформалар аясында да бірқатар заңды қабылдау міндеті тұр. Бұл – жалпыхалықтық референдумда қазақстандықтардың көпшілігі да­уыс берген елді демократияландыру жөніндегі үлкен қадам», деді ол.

Президенттің Жолдауда Парла­мент жұмысының негізгі бағыттарын айқындап бергенін шегелеп өткен Палата Спикері: «Алдағы сессияда депутаттар жұмыс істейтін заң жобаларының ерекше маңызы бар және оны қоғам да күтіп отыр. Сондықтан оларды қарау кезінде халықтың, азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылардың пікірі мейлінше ескерілуге тиіс», деді.

Жұмыс топтарының отырыстары, заң жобалардың таныстырылымы сияқты барлық жиынға жұртшылықты кеңінен қатыстыру қажеттігін айтқан Е.Қошанов сөзін: «Парламент жұмысының негізгі бағыттары айқын. Сондықтан бар күш-жігерімізді ел Президентінің бастамаларын қолдауға және жүзеге асыруға жұмылдыруымыз керек», деп түйіндеді.