Мюнхендегі оқиға былай өрбіген: Сол күні түнгі сағат 4:30-да Палестинаның радикалды ұйымының мұздай қаруланған сегіз мүшесі жасырын түрде Олимпиадалық қалашыққа еніп, Израильдің спорттық делегациясы орналасқан павильонға келеді. Кірген бетте ұйқылы-ояулы бірнеше адамды кепілдікке алады. Араларында қарсылық көрсетпек болған спортшыларды аяусыз жазалайды. Террористер өздерін «Қаралы қыркүйек» деп аталатын ұйымның мүшелері екендерін айтып, Израиль мен Батыс Еуропа елдерінің түрмелерінде жатқан «Палестинаны азат ету» қозғалысының 250 мүшесін сағат 9:00-ге дейін босатуды талап етеді. Ал өздері Мысырға аттанатындарын айтып, «Бізді ұшақпен қамтамасыз етіңдер» дейді. Сағат таңғы алтылар шамасында бұл оқиға жер жаһанға тарайды.
Әуелде талапқа көнгендей сыңай танытқан жергілікті билік астыртын жоспар құрады. Террористер мен кепілдікке алынған адамдарды тікұшақпен Мюнхеннің әскери аэродромына әкеліп, «Сіздерді Каирға дейін ұшақпен жеткіземіз» деп сендіреді. Ал аэродром аймағында снайперлер оқ жаудыруға даяр тұрады. Террористер белгіленген жерге жеткенде, басшылар бұйрық береді де, мергендер дереу іске кіріседі. Қарсы жақ та қарап қалмайды. Теледидар арқылы күллі әлем бұл атыс-шабыстың куәсі болады. Нәтижесінде, кепілдікке алынғандар түгелдей қаза тауып, сонымен қоса бес террорист пен бір полицей оқиға орнында көз жұмды. Барлығы 17 адам бақилық болды. Қалған қарақшылар қолға түседі. Бұл оқиға «Қаралы қыркүйек» деген атаумен тарихта қалды.
Израильдің сол кездегі Премьер-министрі Голд Меир палестиналықтардан қалайда кек алуды көздеп, террористердің түгелдей көздерін жойыңдар деген бұйрық береді. Ол тапсырма мүлтіксіз орындалады. 16 қыркүйекте «Қаралы қыркүйектің» Рим қаласындағы резиденті Ваэл Әбу Цвайтер өз үйінің ауласында оққа ұшады. 8 желтоқсанда Париждегі тағы бір резидент, доктор Махмұд Хамшаридің телефонына жарылыс қондырғысы орнатылып, оның күлі көкке ұшады. Қаралы тізім сөйтіп жалғаса береді... Бас-аяғы жеті жыл аралығында Мюнхендегі оқиға тікелей қатысы бар радикалды топтың барлық мүшесі қаза тапты.