Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Адамзат атаулының ортақ игілігіне айналған табиғатты қорғаудың өзіндік мәні зор. Жамбыл өңірінде қандай жан-жануарлар бар? Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен аңдардың қандай түрлері кездеседі? Жалпы, оны қорғау, көбейту бағытында қандай жұмыс атқарылып жатыр? Осы орайда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұратхан Шүкеев өңірде ерекше қорғауға алынатын аумақтар санын арттыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Сирек кездесетін және жойылуға шақ қалған жануарларды қорғау мақсатында құрылған төрт бірдей жергілікті маңызы бар табиғи қаумалдағы жұмыстарды жандандыруға айрықша назар аударылған.
«Тұрар Рысқұлов ауданы аумағында орналасқан «Үмбет», Меркі өңіріндегі «Меркі», Қордай ауданындағы «Қордай-Жайсаң», Жуалы ауданындағы «Жуалы-Қарашат» зоологиялық қаумалдары – өңіріміздің мақтанышы. Құрылғаннан бері табиғатты қорғау бағытында іске асқан жұмыстар нәтижесінде, бұл аумақтарда жануарлардың саны мейлінше артып келеді. Мәселен, бір ғана «Үмбет» ерекше қорғалатын табиғи аумағын мекен ететін жануарлардың саны соңғы бірнеше жылда еселеп артқанын байқауға болады. Аталған аумақта қамыс елігі 6-дан 52 басқа, жабайы доңыз 52-ден 468 басқа, қоян 127-ден 336 басқа, қырғауыл 420-дан 1 988 басқа, қарақұйрық 197-ден 239 басқа көбейген. Бұдан бөлек, өзге де жиі жолықтыра бермейтін аң-құс түрлерін кездестіруге болады», дейді басқарма басшысы.
М.Шүкеевтің айтуынша, өңірде тағы да жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын үш бірдей табиғи аумақтарды құру бағытында қарқынды жұмыс қолға алыныпты. Оның қатарына «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі, «Сұлутөр-Ботамойнақ», «Бетпақдала» мемлекеттік қаумалдары енбек.
«Қар барысын және таудағы биоалуантүрліліктің бүкіл кешенін қорғау үшін ұсынылатын ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың бірі – Қырғыз Алатауы жотасының қазақстандық бөлігі. Ондағы Аспара өзені маңы мен Меркі шатқалы және осы жотаның биік таулы аймағының батыс шетін қоса алғанда Луговой ауылының деңгейіне дейінгі аралық саябаққа айналмақ.
«Меркі» өңірлік табиғи паркін ұйымдастыру жоспарланып отырған аумақ Қырғыз Алатауының Солтүстік, Орталық және Батыс Тянь-Шань жоталарының торабында орналасқан. Тянь-Шань тау жүйелерінің көнелігі, күрделі жер бедері мен оған жету қиындығынан туындайтын табиғи жағдайлардың әртүрлілігі, онда мекендейтін жануарлардың географиялық оқшаулануы флора мен фаунаның сирек кездесетін және эндемикалық түрлерінің көптігімен іс жүзінде бастапқы түрінде бірегей үйлесетін ландшафттардың сақталуына ықпал етті», дейді ол.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, «Меркі» жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалында қору жұмыстары жүргізілгеннен бастап, арқардың, Сібір тау ешкісінің, Сібір елігінің саны едәуір артқан. Аталған қаумалды мекендейтін қар барысын қорғап, өсімін молайту үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасымен бірге Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы «Меркі» қаумалын өңірлік деңгейдегі парк түріне айналдыру жұмыстарын кешенді түрде жүргізбек.
«Аталған парк аумағында мекендейтін Қызыл кітапқа енген қар барысы, арқар, үнді жайрасы, қызыл қасқыр, Түркістан сілеусіні, тас сусары, жапалақ, бүркіт, ителгі, көк құс, Қызыл кітапқа енген өсімдіктерден Грейг қызғалдағы, Виттрок рауғашы, жылтыр жанаргүл, Меркі таспасы, мұздақ пастернаковигі, «Попов» томаға шөбі, ұялы шмальгаузенияны қорғау және өсімін молайту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі құрылған соң, бұл аумақта экотуризмді дамыту жұмыстары мақсатты түрде іске асады.
Аталған аумақтарда Қызыл кітапқа енген, өте сирек кездесетін және жойылу қаупі бар 17 аң мен құс түрі шоғырланған. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, ерекше қорғалатын аумақтарда аң аулауға тыйым салынған. Сондықтан қаумалдар құру арқылы сирек кездесетін жануарлар түрлерін сақтап қалуға болады», дейді М.Шүкеев.
Жамбыл облысы