Қоғам • 04 Қыркүйек, 2022

Тексеріс пе, текетірес пе?

296 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Подгорное елді мекенінде орналасқан «Норд жолдары» ЖШС жол жөндеумен айналысады. Осыдан төрт жыл бұрын серіктестік басшылығы асфальт-бетон зауытын салуға үш гектар жер телімін алу үшін Қызылжар аудандық әкімдігіне өтініш беріп, заңды рұқсатын алған.

Тексеріс пе, текетірес пе?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Күл-қоқыс үйіндісіне айналған стихиялық полигон тазартылып, ретке келтіріліп, озық жобаны жүзеге асыруға 2 млрд теңгеге жуық инвестиция жұмсалған. 32 млн теңге тұратын заманауи сүзгі қондырғысы орнатылып, қоршаған ортаны сақтау та­лап­тары барынша қамтамасыз етіл­ген. Осы жылдар ішінде жол құ­рылысына бағытталған қар­жының жалпы көлемі 17 млрд теңгеге жуық. Өкініштісі, ше­неу­ніктердің қатысуымен ашылып, өңірде инвестициялық жо­ба ретінде жоғары бағаланған кәсіп­орынның жер телімдерін сатып алу жөніндегі келісімшарты сот тарапынан заңсыз деп танылып, қомақты қаражаттың желге ұшу қаупі төніп тұр. Бұл жөнінде белгілі адвокат Олег Хрупин жан-жақты хабардар етті.

Олег Сергеевичтің айтуын­ша, даудың басы табиғат қор­­ғау прокуратурасының тексері­сі­нен туындап, оның соңы теке­тіреске ұласқан сықылды. Проку­ра­тураның ұсынысы негізінде жер қатынастары инспекция­сы зауытты жабу туралы маман­дан­дырылған ауданаралық эконо­ми­калық сотқа шағым түсірген. Талап арызды қараған судья Айгүл Досаева жер учаскесі уәкілетті мемлекеттік орган­ның рұқсатынсыз берілгендіктен, за­уыт­тың Смирнов зоологиялық қо­рығы ерекше қорғалатын та­би­ғи аумақта орналасуы заңсыз деген шешім шығарған. Судья Смирнов қорығының аумағын­да орналасқан жер учаскелерін ­иелену, пайдалану және билік ету құқығы жергілікті атқарушы органның міндетіне кірмейді және қандай да бір мәмілелер жасауға құқылы емес, мұндай құзырет ел үкіметіне берілген деп қол­даныстағы заңнамаға сілтеме жасаған. Облыстық аппеляциялық сот та жер телімдерін сатып туралы аудан әкімдігінің ұйғарымын жарамсыз деп танып, шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Адвокат сот шешімдерімен ке­ліспейді. Дүдәмал тұстарға, еске­рілмеген жайттарға, соған қа­тыс­ты өзі келтірген уәжге тоқ­талды.

«Ерекше қорғалатын аумақ санаты тізіміне енгізілген Смир­нов қорығы 240 мың гектар ал­қапты алып жатыр. Оның басты мақсаты – тіршілік ететін жа­нуарлар мен өсімдіктер дүние­сін қорғау, сақтау, туризмге, рек­реацияға арналған нысан ре­тінде экологиялық, ғылыми, мә­дени жағынан ерекше құнды­лықтар­дың кең өріс алуына мүм­кіндік тудыру. Ал соттың Смир­нов қо­рығының шекарасына кіре­тін кез келген жер учаскесі бо­йынша жергілікті атқарушы орган­дар қандай да мәміле жасауға құқы­ғы жоқ деуі қисынсыз. Өйткені қорықтың орналасқан жері Айыр­тау ауданындағы ұлттық парк сияқты айрықша қорғалатын та­биғи аумаққа жатпайды. Иә, аң аулауға, аңшылық жасауға тыйым салынған. Алайда жерді пайдалануға рұқсат бар. Оның аумағына Мамлют, Аққайың, Есіл аудандарының бір бөлігі, Смирново, Астарханка, Рублевка, Подгорное, Трудовая нива, Чапаево сияқты ірі елді мекендер, ондаған орта және шағын бизнес субьектілері кіреді. Сонда олардың бәрін сүріп тастау керек пе? Тұрғындар үй-жайын сатқан кезде тікелей үкіметке қайырыла ма? Меніңше, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекет­тік тұрғыдан қамтамасыз ететін уәкілетті органдар мен олардың жергілікті бөлімшелерінің құзы­реті шектеліп отыр. Тексеруші органдар осы мәселенің ара-жігін ажыратып алмай бірден сот­қа шағымдануы тығырықтан шығудың, медиациялық келісім­ге келудің ұтымды жолы емес. Асфальт зауытын салу туралы шешімді аудан әкімдігі емес, үкімет қабылдайды деу – бұл процедуралардың жергілікті би­лік арқылы іске асырылатынын елемеу. Сот осы жағын мұқият зерделемеген. Орлиногорск орман шаруашылығынан 50 гектар жер қалайы бар кен орнын игеруге берілді. Бұл шаралар жергілікті уәкілетті орындардың өтініштері арқылы орындалды», деген заңгер Жер кодексінің кей баптарына мән берілмегеніне қынжылады.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері мемлекет мен­шігінде болатыны және иеліктен шығаруға жатпайтыны белгілі. Бірақ Қазақстан Республикасы­ның заңдарында көзделген тәртіп­пен және жағдайларда шектеулі шаруашылық мақсаттары үшін пайдаланылуы мүмкін екендігі, уәкілетті органның ұсынысымен босалқы жерге ауыстыру, сондай-ақ босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жеріне ауыстыру тәртібі Жер кодексінде айқын жазылған. Демек бұл жағдайда атқарушы орындар бұл жерлерді азаматтар мен кәсіпкерлерге пайдалануға беруге құқылы екені сот назарынан тыс қалған тәрізді.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қалай ажыратуға болады деген сауалға облыс­тық кәсіпкерлер палатасы жанын­дағы кәсіпкерлердің құқық­тарын қорғау және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жөнін­дегі кеңестің төрайымы Инесса Қуанова былай жауап берді.

– Ерекше қорғалатын таби­ғи аумақтар шекарасы заңда нақ­ты белгіленіп, бірнеше түр­ге бөлінген. Ұлттық табиғи парк­терде ережелер барынша қатаң­датылған. Ал Смирнов секілді зоологиялық қорықтарды пайдалану талабы басқаша, оларда белгілі шектеулер болғанымен, айрықша қорғалатын табиғи аумақтарға жатпайды. Мұндағы жер меншік иелерінен алынбайды және қорықтың жері болып есептелмейді. Сот шешімі дұрыс десек, қорық аумағындағы нысандарды басқа жақтарға көшіруге не сүруге тура келеді. Тек қана осы кәсіпорынның «қармаққа ілінуі» түсініксіз.

Иә, табиғатты қорғау прокуратурасы Смирнов қорығы аума­ғында бірнеше жылдан бері ір­кіліссіз жұмыс істеп келе жатқан өндіріс ошағын кенеттен «байқап» қалғанына қайран қалғандар осылай дейді. Қырағы болса, бой көтерерде неге дабыл қақпаған? Екіншіден, шаруасы оңғарылып, ісі алға басқан өндіріс ошағы ғана «қызықтырғаны» дүдәмал тудырады.

«Ендігі бар үмітіміз – Жоғар­ғы сотта. Асфальт-бетон зауы­тын жабу еш қисынға келмейді деп есептейміз. Әділдік үшін ақы­рына дейін бел шешіп, күресетін боламыз. Өйткені кәсіпкердің тарапынан экологиялық та, эконо­микалық та заң бұзушылық орын алып отырған жоқ. Бизнес ашпас бұрын тиісті мемлекеттік органдардың рұқсатын алған. Несие арқылы жер телімдерін рәсімдеген. Мемлекетке салмақ салмай өз жұмысын талапқа сай атқарып, тікелей өндіріспен айналысып отыр. Салығы төлеулі, жүзге жуық адам жұмыспен қам­тулы. Бұдан артық не керек? Тек­серушілердің «олқылық тап­тық» деп масайрауы таңғал­ды­рады», деді сөз соңында Олег Сергеевич.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

журналист

 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Қызылжар ауданы