Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2022

Әділетті мемлекет – берекелі қоғам негізі

1260 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қаралы қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев көтерген «Жаңа Қазақстан» идеясы ауқымды реформалар мен оң өзгерістерге негіз салып, тың мүмкіндіктер мен заманауи үрдістерге жол ашты. Жаңа Қазақстанның жаңару мен жаңғыру жолы ел Президентінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауында да жан-жақты қамтылып, жарқын болашақ құрудағы жасампаз жоспарларымыз бен кешенді бағдарламалар айқындалды.

Әділетті мемлекет – берекелі қоғам негізі

Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұжырым – қоғамымыздың мызғымас тұғыры. Реформалардың маз­мұны жан-жақты толыға бермек. Жал­пы­ұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз», дей келе, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы. Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ», деп нақты айтты.

Сондай-ақ жалпыхалықтық референдумда ортақ қабылданған конс­титуциялық өзгерістер әділетті Қазақ­станның символына айналатынын жеткізді. «Біз Ата Заңымызда «жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі» деген басты қағидатты бекіттік. Бұл құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы», деді Президент.

Мемлекет басшысы әділетті қоғам орнатудың басты бағдары ретінде  елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мәселесіне айрықша тоқталды. «Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс», деп атап өтті. Шындығында елдің тұрмыстық жағдайы түзелмей, өзге салада жетістікке жетуіміз неғайбіл.

Экономика саласында қордаланған түйткілдер баршылық, еліміздің әлі күнге шикізатқа тәуелді болып отырғаны, еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз екені жасырын емес. Ұлттық табыс­тың игі­лігін елдің бәрі бірдей көруі үшін оның нақты жолдарын қарастыру қажет­тігі анық. Макроэкономикалық тұрақты­л­ық­ты қамтамасыз ету, экономиканы әрта­рап­тандыру және цифрландыру, сонымен қатар шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру кезек күттірмейтін заман талабы.

Өркениетті, дамыған елдер экономикасында шағын және орта кәсіпкерліктің рөлі басым. Көптен бері айтылғанмен, елімізде бұл салада олқылық аз емес. Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдау тапсырмасының екі жылдан бері орындалмай келе жатқанына қынжылыс білдірді.

«Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет», деген Прези­дент жаңа экономикалық саясаттың басым бағыты жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру екенін алға тартты.

Жолдау барысында ауылшаруашылық мақсатындағы жерді пайдалану жайы­на арнайы тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы игерілмей жатқан жердің 2,9 млн гектарға  жуығы мемлекетке қайта­рыл­ғанына, жыл соңына дейін тағы 5 млн гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отырғанын жеткізді. Осындай қараусыз, кү­тімсіз бос жатқан жерлер егіннің, мал­дың жайын білетін шаруаға тисе, бұл да өз ке­зегінде қарапайым шаруаның еңбек етіп, тұр­мысы түзелуіне оң әсер етер еді.

Қаңтар қасіреті елімізде, жалпы қоғам өмірінде, атап айтқанда экономикалық-саяси, әлеуметтік-рухани салаларда түбегейлі реформалар қажет екенін ашық көрсетті. Ел Тәуелсіздігіне қатер төндірген бұл жағдайдан әрқайсымыз сабақ алуымыз керек.

Қаңтардағы қатерлі күндерде ел мүддесін басты орынға қойған Мемлекет басшысы жедел шешімдер қабылдап, сая­си ерік-жігерінің арқасында жағдайды тұрақтандыра білді. Президент: «Біз кез келген ашық арандатушылыққа және заңсыз іс-әрекетке қатаң тосқауыл қоюы­мыз керек. Ел ішіне іріткі салған және заң бұзуға шақырған адамдар қатаң жазадан құтылып кетпейді. Бізге ел бірлігі ауадай қажет», деп атап өтті.

Президент қаңтар оқиғасына қатыс­қан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетіп, бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдады. Алайда Мемлекет басшысы лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайтынын қатаң ескертті.

Жолдауда Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстан құрудың жаңа міндеттеріне тоқталып, халықты ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырды.

Шынында, өз тарихында аз теперіш көрмеген халқымыз бүгінгі Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең түсінуі керек. Қазақ қоғамында мұндай жағдай қайтып орын алмауға тиіс.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдарынан құрылған арнайы сарапшылар Қаңтар оқиғасының себеп-салдарына үңіліп, қоғамдағы түйткілді мәселелерге ғылыми-талдаулар мен арнайы әлеуметтік мониторинг жүргізуде. Эксперттеріміз құқықтық баға­лау, модельдеу жұмыстарын жүргі­зіп, идеологиялық сипаттағы іс-шара­ларды өткізудің әдістері мен техно­логия­ларын, әлеуметтік-тәрбие жұмыс­тарын тиімді ұйымдастырудың әдіс­те­ме­лік нұсқауларын, алгоритмдерін қарастыруда.

Осы мәселелерді жан-жақты талқы­лау мақсатында әр саланың білік­ті маман­дарының қатысуымен универ­ситеттің Ютуб каналынан апта сайын қазақ, орыс тілдерінде «Ойталқы», «Мозговой штурм» бағдарламалары іске қосылды.

Әрине, ел дамуындағы айрықша бетбұрыстар әр салада жаңа, креативті шешімдер қабылдауды қажет етеді. Кез келген реформаны іске асырудың кілті ғылым мен білімде екені сөзсіз. Сондықтан өркениетке ұмтылған жаңа Қазақстанның кескін-келбетін білімді жастар мен еңбекқор мамандар жасайтыны анық. Бұл орайда, Жолдау жоғары білім беру жүйесіне жаңаша талаптар мен жауапты міндеттер жүктеп отырғанын түсінеміз. Мемлекет басшысы отандық жоғары оқу орындарының сапасын арттыруды, білім беру гранттарын ҰБТ нәтижелеріне және басқа да көрсеткіштерге байланысты саралауды тапсырды. Сондай-ақ барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес екенін жеткізді. «Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс. Мақсатты капиталдың мұндай қорлары әлемдегі озық университеттерде ғылымды және инновацияны қаржыландырудың өзегі саналады», деді Президент. 

Шын мәнінде, университеттер бүгінгі таңда ғылыми-техникалық әлеуетін арттырып, экономикалық және әлеуметтік үрдістерді дамытудың қозғаушы күші рөлін атқаруда. Әлемдік тәжірибе көр­сеткендей, жоғары білім ордалары ғылыми-зерттеу университеті дәрежесіне өту арқылы бірінші кезекте ғылымды дамытуда мол мүмкіндіктерге ие болады.

Қазіргі кезеңде қазақстандық жоғары оқу орындарының алдында отандық ғылыми-зерттеу нәтижелерінің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, оларды коммерцияландыру және экономикаға енгізу мақсаты тұр.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің ең ірі ғылыми және білім беру орталығы. Біздің терең тарихымыз, оқытушылар мен ғалым­дарымыздың ғылыми әлеуеті, білім алушы жастарымыздың біліктілігі – университеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің негізі.

2022 жылғы 25 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға  ғылыми-зерттеу университеті мәртебесі берілді. Білім ордасын зерттеу университетіне айналдыру тек қаржылық инвестиция­ны ғана емес, сонымен қатар дұрыс басқару стратегиясын қажет ететін күрделі жұмыс. Біз қазақстандық және халықаралық тәжірибемен салыстыра отырып, өз көрсеткіштерімізге жан-жақты талдау жасадық. Нәтижесінде, ҚазҰУ-дың 2022-2026 жылдарға арналған даму бағдарламасы әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті ретінде әзірленді. Бағдарламада біздің мүмкіндіктеріміз, қазіргі заманғы үрдістер мен еліміздегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі мемлекеттік саясат ескерілген.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Трансформация арқылы университет төрт стратегиялық міндетті шешеді деп көзделуде:

Бірінші міндет – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейінде ғылыми қызмет пен оқу үдерісін интеграциялау, білім берудің ғылыми-зерттеу бағыттарын күшейту.

Екінші міндет – білім беру бағдар­ламаларын болашақ жағдайларға жүйелі түрде бейімдеуге бағытталған.

2021-22 оқу жылында 119 жаңа білім беру бағдарламасы ашылды. Олар: неврология, вирусология, қоршаған ортаны қорғау инженериясы, креативті индустрия, цифрлық экономика, киберфизика және т.б. Сонымен қатар тех­ни­калық бағыттағы білім беру бағдар­ламалары бойынша практик мұғалімдерді өндірістен тартамыз. Біз дуал­ды оқыту­ға көшеміз, сонымен қатар студенттер­ді дипломдық жұмыстардың орнына дипломдық жобаларды орындауға бағыттаймыз.

Бүгінгі таңда университет еліміздегі ғылыми жобалар мен ғылыми жарияланымдар саны бойынша көшбасшы болып тұр.

Жердің жасанды серігін жасау бойынша ұтымды жобаларымыз іске қосылған. Ғарыш кеңістігіне екі наноспутник ұшы­рыл­ды, олар ауыл шаруашылығына жан-жақт­ы көмек көрсетіп, экологиялық мәсе­лелерді шешуге мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ ғалымдарымыз наноиндуст­рия саласында ғылыми жобаларды жүзеге асыруда және айтарлықтай нәтижелер бар.

Пандемия кезінде университет ғалымдары табиғи қосылыстар негізіндегі жаңа дәрі-дәрмектерді жасау бойынша ғылыми жобаларды жүзеге асырды. ҚазҰУ ғалымдарының 100 инновациялық әзірлемесі нәтижелерінің толық сипаттамасын қамтитын «Инновациялық технологиялар және ғылымды қажет ететін өнімдер» атты екі томдық жарық көрді. Университет ғалымдарының өндіріспен, экономиканың нақты секторымен, ірі кәсіпорындармен тығыз байланысын қамтамасыз ету және университеттің ел экономикасына нақты үлесін арттыру міндеті тұр. Бұл – біздің үшінші міндетіміз.

Ұлттық цифрландыру жобасы аясында жоғары білікті ІT мамандарын даярлауға ерекше басымдық берудеміз. Қашықтан оқыту барысындағы ақпарат­тық жүйелердің сапасын арттыру үшін сапалы және инклюзивті білім беруді қамтамасыз етуіміз керек.

Университетте «цифрлық универси­тет­тің» түбегейлі жаңа архитектурасы құрылуда. Бүгінде оқытушылардың, студенттердің және қызметкерлер­дің цифрлық ойлауын қалыптастыру, «қағаз­сыз университет» форматына көшу өте маңызды. Бұл – университеттің тұрақ­ты дамуын қамтамасыз ету үшін тиімді корпоративтік басқару моделін құруды көздейтін төртінші міндет.

ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу универ­ситетіне трансформациялануы отандық ғылым мен білімнің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, жаңа зияткерлік өнім­дерді, инновацияларды құру ар­қылы өңірлік және республикалық иннова­циялық экожүйелерді дамытуға және нығайтуға мүмкіндік береді.

Жаңа трансформация ғылым-білім-өндіріс интеграциясын жетілдіріп, инвес­тиция тарту, бизнестің барлық салаларын ынталандыру, аймақтардың әлеуметтік-мәдени дамуына серпіліс беретіні сөзсіз.

Мемлекет тарапынан ғылымға деген көзқарас жылдан-жылға артып келеді. Келесі жылы ғылым саласына бөлінетін қаржы төрт есеге көбейгелі отыр. Бұл – үлкен қолдау. Біз осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ғылым саласын жаңа бағытта жетілдіруіміз қажет.

Президент жұрт назарына ұсынған келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. «Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекет-жекеменшік серіктестігі орнату тәсілін барынша енгізу керек», деді Мемлекет басшысы. «Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтыл­ған санаттары үшін пәтер жалдауға ке­тетін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болатыны» да көңілге қонымды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2022-2026 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес жұмыс істеп тұрған 14 жатақхананы қайта жаңғыртып, жаңадан 6 жатақхана салу жоспарлануда. Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін басты назарда ұстайды.

«Білім алуға жылдық өсімі 2-3 па­йыз болатын жеңілдетілген несие де бері­леді. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғам­дағы әріптестік және өзара жауап­кершілік қағидатын нығайта түседі», деді Президент. Күнделікті тәжірибе көрсетіп отырғандай, баласы ақылы бөлімде оқитын ата-аналардың, әсіресе толық емес отбасылардың оқу ақысын уақтылы төлеуге мүмкіндігі келмей жатады. Студенттерге берілетін бұл несие олардың қатарынан қалмай білім алып, маман иесі атануына жасалған тиісті жеңілдік.

Жаңа Жолдаудың қорытынды жаңа­лығы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді және Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды.

«Мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауы­на баруға дайынмын», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Мемлекет басшысының саяси жүйені жаңғырту және мемлекеттілікті нығайту жөніндегі ұсыныстарының маңызы зор. Кезектен тыс президенттік және парламенттік сайлау өткізу бастамаларын ҚазҰУ ұжымы мен студенттері толық қолдайды. Біздің ұжым «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» – тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа парақтарын ашатынына сенімді.

2021-22 оқу жылы университетіміз үшін өте табысты жыл болды. Универ­ситет QS WUR жаһандық рейтингі бойынша Топ-200 ішінде 25 позицияға жоғарылап, 175-орыннан 150-орынға көтерілді. Жаңа 2022-23 оқу жылында да алға қойған межелі міндеттеріміз бар. Бұл жоспарды мемлекет қолдауымен жүйелі жүзеге асыра бермекпіз.

«Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоға­ры орында тұруы керек. Тағы да қайта­лап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады». Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөзі оқытушы-профессорлар арасында күнделікті басшылыққа алынып, білім алушы жастарға түсіндіріледі. Жолдаудағы Президент тапсырмасына сәйкес келешекте ел тұтқасы болатын жастардың сапалы білім алып, кәсіби маман санатына қосылуына бар күш-жігеріміз бен тәжірибемізді жұмсаймыз.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – ректоры