Спорт • 05 Қыркүйек, 2022

Алға, Аружан!

168 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нью-Йоркте өтіп жатқан US Open турниріндегі соңғы үмітіміз Юлия Путинцева екінші айналымда әлемдік рейтингте өзінен әлдеқайда төмен тұрған германиялық теннисші Юле Нимайерден ұтылғаннан соң назарымыз жұптық сайыстарға ауды.

Алға, Аружан!

Отандастарымыздың арасынан Анна Данилина ғана үшін­ші кезеңге жолдама алды. Бра­зилиялық Беатрис Хаддад-Майямен иық тіресе ойнаған ол Алена Большова (Испания) мен Ульрикке Эйкерден (Норвегия) басым түсті – 6:1, 7:5. Енді олар 1/8 финалда Эллен Перес (Аустралия) және Николь Меликармен (АҚШ) шеберлік байқасады. Даниялық Хольгер Ру­не­мен жұп құрған Александр Бублик Фран­цияның өкілдері Кентен Гали мен Адриан Ман­нариноден жеңілді – 3:6, 7:5, 6:7. Александр Недовесов пен пәкіс­тандық Айсам-Уль-Хак Ку­реши Марсело Аревало (Саль­вадор) мен Жан Жюльен Ройер­ден (Нидерланд) ойсырай ұтылды – 0:6, 3:6.

Жасөспірімдердің іріктеу тур­ни­рінде Сандуғаш Кенже­баева ни­дерландық Роуз Мари Нейкампты 7:6, 6:2 есебімен ұтты. Өкінішке қарай, финалда ол польшалық Вероника Эвальдқа есе жіберді – 6:4, 0:6, 6:7. Есесіне Аружан Сағындықова өзін жақсы қырынан көрсете білді. Бастапқыда қазақ қызы жапониялық Харука Хасегаваны қапы қалдырды – 6:4, 3:6, 7:6. Ал шешуші сында америкалық Джульетта Пареходан айласын асырды – 6:2, 6:3. Осылайша, Аружан негізгі жарыста өнер көрсету құрметіне ие болды.

Сонымен қатар әлемнің басқа да мемлекеттерінде теннисшілердің бірқатар турнирлері өтіп жатыр. Мәсе­­лен, Таиландтың Нонтабури қала­сында аяқталған «Челленд­жер» санатындағы додада Бей­біт Жұқаев жартылай финалға дейін жетті. Бұл ме­жеде қандасымыз франциялық Ар­тур Казодан айласын асыра алмады – 1:6, 6:7. Испанияның Мана­кор қаласындағы жарыста Қазақстанның қос өкілі өнер көр­сетіп, екеуі де ширек финалда жеңілді. Атап айтсақ, Ми­хаил Кукушкин болгариялық Алек­сандр Лазаровтан ұтылса, Дми­трий Попко иорданиялық Абедалле Шелбайхуға есе жібер­ді.

Ал Лаостың астанасы – Вьентянда үстел теннисінен жасөспірімдер ара­сын­дағы Азия біріншілігі басталды. 17 мем­лекеттің өкілдері бас қос­қан жарыс­та Қазақ елі намысын қара­ғандылық Алан Құрманғалиев қорғауда.ф