*Мүмкіндігі шектеулілер мүмкіндігі
Бүгінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің өткізілуі әрі оның нәтижесі бойынша тұрғындардың жұмысқа орналасуы ешкімге де таңсық емес. Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек дегендей, Орал өңірінде өткізілген бұл жолғы бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің ерекшелігі – ол мүмкіндігі шектеулі жандарға арналды. Бұл тұңғыш шараға «Нұр Отан» партиясы Зеленов аудандық филиалы бастамашы болды.Бұған аудандағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер өкілдері және жеке кәсіпкерлер қатысты.
Әрине, мәселе құр, жалаң жәрмеңкені қызықтау емес, оның түпкі нәтижесінде болса керек.Мәселенің мәнісіне осы тұрғыдан келгенде, оған қанағат етуге болады деп есептейміз.Нақтырақ айтқанда, бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысқан мүмкіндігі шектеулі жандардың бірқатары білімдері мен біліктерін жетілдіру курстарына жолданған. Сонымен бірге, олардың кейбіріне өз кәсіптерін ашу туралы пайдалы кеңестер берілген. Ал екінші біреулеріне тұп-тура сол жәрмеңкенің үстінде жұмыстар ұсынылған. Жәрмеңкеде бағы жанған осындай Зеленов ауданы тұрғындарының бірі, үшінші топтағы мүгедек, бұрынғы медбике – Айнұр Құдабаева. Ол қайта даярлау курсынан өткен соң, аудандық ауруханаға өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасатын болып шешілді.
Бұған қоса айтарымыз, «Нұр Отан» партиясы Зеленов аудандық филиалы аппаратында әр аптаның сәрсенбісі күні өткізілетін қоғамдық қабылдауда мүгедек жандардың мұң-мұқтаждары мен оларды толғандырған мәселелерге айрықша назар аударылып келеді.Осындай кешенді де қалтқысыз көзқарастың арқасында жәрмеңкеге дейін де сегіз мүмкіндігі шектеулі аудан тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасыпты.
Сонымен бірге, осы топқа кіретін ерік-жігері жоғары жандар әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. Сондай-ақ, уақытша жұмыс пен кәсіби оқу қатарын толықтырған мүмкіндігі шектеулілер де аудан әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясы филиалының қолдауы мен көмегіне дән риза.Мұның сыртында, өткен жылы мүгедектердің бір тобы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша қажетті несиеге қол жеткізіп, өз кәсібін ашуға мүмкіндік алыпты.
– Елбасының биылғы Жолдауында айтылған міндеттер мен тапсырмаларға сай, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру үшін барлық мүмкіндіктер мен тетіктерді қарастыру үстіндеміз.Әрине, олардың бәрін бір уақытта тұрақты жұмыспен қамту оңай іс емес.Сондықтан да біз бұл мәселеге айтылған ұсыныс-пікірлерді ой елегінен өткізе келіп, бұған сатылап, әрі үздіксіз үрдіс тұрғысынан келуді қолайлы көріп отырмыз.Мүмкіндігі шектеулілерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін жылына төрт рет өткізу жөнінде арнайы шешім алынғаны да осындай ойлардан туындады, деді бүгінгі тақырып төңірегіне орай Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Гүлнәз Құлжанова.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы,
Зеленов ауданы.