Қоғам • 05 Қыркүйек, 2022

Жазғы демалыс қызықты өтті ме?

1033 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Балалар жылындағы басым бағыттың бірі оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру болғаны анық. Жалпы, жеткіншек ұрпақтың білім алуына ғана емес, саламатты өмір салтын ұстанып, дені сау болып өсуіне ата-ана да, мемлекет те мүдделі. Осы тарапта аймақтарда бірқатар іс-шара жоспарланған болатын.

Жазғы демалыс қызықты өтті ме?

Биыл оқушылардың жазғы лагерьде демалуына жағдай жасауды Алматы облысы мен Жетісу облысы теңдей бөліп, қолға алған екен. Мәлім болған деректерге сүйенсек, Алматы және Жетісу облыстары бойынша 10 993 оқушы жаз айларында тегін лагерьмен қамтылған. Мұнымен қатар екі облысқа қарасты 763 жалпы білім беретін мектеп пен 36 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдарының жанынан да жазғы алаңдар ұйымдастырылып, тағы 155 868 баланың демалуына жағдай жасалған көрінеді. Сондай-ақ 66 460 оқушыны аудан, қала аумағындағы мәдени-тарихи орындарға экскурсия­ға апару, 91 319 баланы ата-аналар мен демеушілер есебінен демалдыру, 1 200 балдырғанды республикалық «Балдәурен», «Бөбек» лагерьлеріне жіберу сияқты іс-шаралар атқарылыпты. Яғни екі облыстағы жалпы 443 312 оқушының 80 пайызы жазғы демалыс кезінде сауықтыру орындарымен қамтылып отыр. Ал Алматы және Жетісу облыстарында оқушыларды жаз­ғы демалыспен, сауықтырумен қам­ту мақсатында жұмыс істейтін 28 лагерь бар екен. Оның 8-і – мемлекеттік, 20-сы – жекеменшік санатында.

Жалпы, өткен жылдың бюджеті бойынша аймақтағы оқушыларды жаз­ғы сауықтыру орындарымен қам­та­масыз ету үшін 447 млн теңге бөлі­ніп, жұмсалған. Облыста ақылы лагерь­лердегі демалу құны 35 мыңнан басталып, 225 мың теңгеге дейінгі бағада болған. Әрине, лагерь ақысы дема­лыс орнының орналасуына, көрсететін қызметіне байланысты өзгеріп тұрады. Мұнан бөлек аймақта жазғы тіл­дік, туристік лагерьлер, дарынды оқу­шы­ларды олимпиадаға дайындау мақ­сатында ұйымдастырылатын лагерьлер де қарқынды жұмыс істеді. Сондай-ақ оқушылардың негізгі бөлігін жазғы демалыспен қамту үшін мектеп жанынан жазғы алаңдар ұйымдастырылды. Оқушылар мұнда аздаған уақытын өткізіп, ойын ойнап, өнерін ортаға салып, спорттық шараларға қатысып, үйіне қайтады. Мұндай орталықтар балалардың ғаламтор шырмауынан бір мезгіл болса да алшақтап, тынығуына жол ашады. Мемлекеттік лагерь бол­ған­дықтан балалар толықтай тегін демалады.

Биыл балаларға қуаныш сыйлаған сауықтыру лагерінің бірі – Қонаев қала­сынан ашылған Jellyfish Camp жекеменшік орталығы. Бұл орталық­тағы бір апталық қызмет көрсету құны 56 мың теңге болса, он күндік демалыс ақысы 80 мың теңге шамасында болыпты. Ал жаз мезгілінде Алматы облысының аудандарында тұратын 75 жеткіншек тегін демалған.

– Бұрын Алатау тауының етегінде жазғы демалыс ұйымдастырсақ, биыл Қапшағай жағалауынан демалыс айма­ғын жалға алып, жұмысымызды жүр­гізудеміз. Екі үлкен бассейн бар. Бала­лар сонда шомылып, күнге қыз­ды­рынып, спортпен айналысады. Волей­бол, футбол алаңдарында доп ойнап, бойларын да, ойларын да сергіту­де. Оқушылардың осындағы әр күні қызықты өтуі үшін түрлі шаралар ұйым­­дастырамыз. Шығармашылық­пен айна­­лысып, сурет салады, актерлік шеберліктерін шыңдап, театрлық қо­йылымдар қояды. Бес мезгіл тамақ ішеді. Жеміс-жидекті тұрақты беріп, сүт ішу жағын қадағалап отырамыз, – дейді Қонаев қаласындағы Jellyfish Camp лагерінің басшысы Динара Қуатбекова.

Айтпақшы, биыл аймақта туристік бағытта «Жанды сабақтар» атты жоба жүзеге асқан болатын. Жоба аясында 5-11-сынып оқушылары өңірдің көрікті жерлеріне экскурсияларға бар­ды. Биыл жоба негізінен Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Жамбыл аудандарының және Жетісу облысының Талдықорған және Текелі қалаларының мектептерін қамтыпты. Ал саяхатты Jetysu travel ту­ристік ақпараттық орталығы ұйым­дастырды. Жобаның мақсаты Қазақ­стан тарихы, биология, химия сынды мектеп пәндері бойынша білімді же­тілдіруге бағытталған. Экскурсиялар Алматы облысының ең танымал көрікті жерлерін қамтыған екен. Олардың қата­рында «Есік» тарихи-мәдени мұражай-қорығы, Green Eco жылыжай кешені, Алматы қорығының Табиғат музейі, Текелідегі «Алақай» кондитерлік фабрикасы, М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Таңбалы» қорық-мұражайы және Таңбалы археологиялық ланд­шафтының петроглифтер нысаны мен «Батыр Бабалар» мемориалды кешені бар. Жалпы, бұл экскурсияларға барлығы 200-ге жуық оқушы қатысып, өңірдің көрікті жеріне саяхаттады.

– Биылғы Балалар жылына орай, аймақта өздігінен саяхаттауға мүм­кіндігі жоқ, аз қамтылған отбасынан шық­қан балаларға арнап осындай экс­кур­сиялар өткізу туралы шешім қабыл­данды. Біз осындай балаларды қол­дап, оқушылардың қоршаған орта­ны танып, табиғаттың түрлі құбы­лыс­тары, тарихи ескерткіштер туралы ақ­па­ратпен білімін толықтыру арқы­лы оқу процесіне өз үлесімізді қос­қы­мыз келді. Нәтижесі керемет, мұн­дай факультативтер балаларға өте ұнады, – дейді Jetysu travel туристік ақпараттық орталығының басшысы Дәулет Есенәлиев.

 

Алматы облысы