Қоғам • 05 Қыркүйек, 2022

Сақтандыру жүйесімен қамтылмаған

134 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай облысында 100 мыңнан аса адам медициналық сақтандыру жүйесінде тіркелмеген. Бұл туралы таяуда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының Шығыс Қазақстан облысындағы филиалының директоры Ғалымжан Әбілов айтты.

Сақтандыру жүйесімен қамтылмаған

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Аталған қордың негізгі міндеті – еліміздің азаматтарын сапалы меди­циналық қызмет түрлерімен қамтамасыз ету. Бұл ұйыммен шарт жасасқан кез келген клиникада оның орналасқан жері мен емделушінің осы медициналық ұйымға бекітілмегеніне қарамастан МӘМС жүйесінің аясында кең спектрлі медициналық қызметтерді алуға болады. Алайда ол үшін кез келген азамат­тың сақтандырылу мәртебесі болуы міндетті.

Қор өкілдері айтқандай, қазір Абай облысында тұратын 600 мыңнан аса халықтың 17%-ында немесе 114 047 адамда медициналық сақтандыруы жоқ. Сондықтан құзырлы органдармен бірлесіп, қазір бұл бағытта емханаларда және сақтандыру жүйесінде тіркелмеген халықты кеңінен қамту бойынша жұмыстар қолға алынды. Жеке және заңды тұлғалармен де МӘМС жүйесінің маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Биыл Абай облысының халқына медициналық көмек көрсетуге 64 жет­кізушімен келісімшарт жасалып, бұл мақсатта 64,2 млрд теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде ТМККК – 36,1 млрд теңге, МӘМС – 28,1 млрд теңге. 6 айда игерілген қаражаттың мөлшері – 40,7 млрд теңге, оның ішінде Тегін меди­циналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша 23,1 млрд теңге, МӘМС жүйесіне 17,5 млрд теңге тиесі­лі», деді Ғ.Әбілов.

Есепті кезеңде медициналық ұйым­дарда стационарлық көмекке байланыс­ты МӘМС қаражаты есебінен 17 мыңға жуық операция жүргізіліп, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек 518-ге жеткен. Былтыр ұқсас кезеңде тың медициналық технологияларды қолданып жасалған хирургиялық қызмет мөлшері МӘМС қаражаты есебінен 16 мыңға жуықтап, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек – 117 операция­ны құраған. Был­тырғы кезеңмен салыстырғанда, биыл хирургиялық араласулардың көрсет­кіші өсіп, жоғары технологиялық меди­циналық операциялардың едәуір ұлғаюы байқалады.

Биылғы мониторинг нәтижелеріне сәйкес есепті кезеңде аталған қордың сарапшылары 22 мың бұзушылықты анықтаған. Айыппұлдарды есепке алғанда оның сомасы – 564,2 млн теңге. Оның ішінде іс жүзінде көрсетілмеген қызметтер бойынша айыппұлдарды бірге есептегенде 279 жағдайда – 1,4 млн теңгеге жеткен.

Қордың өкілдері әсіресе нысаналы топтардағы пациенттерді дәрі-дәр­мек­пен қамтамасыз етуге ерекше басымдық берілгенін жеткізді. 2022 жылға амбулаторлық дәрі-дәрмек­пен қамтамасыз етуге 4,6 млрд теңге бөлініп, оның 4,4 млрд теңгесі Тегін меди­циналық көмектің кепілдік берілген көлемі, сондай-ақ МӘМС аясында 0,2 млрд теңге бағытталыпты.

 

Абай облысы