Спорт • 05 Қыркүйек, 2022

Белградта бас жүлде бұйыра ма?

297 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстанда грек-рим күресінің жеңіспен өрілген бай дәстүрінің барын барша жұрт жақсы біледі. Сонау Кеңес Одағы дәуірінің өзінде Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері көптеп шықты. Біздің балуан­дар үнемі бұрынғы «бауырлас» 15 республиканың алдыңғы легінде жүрді. Тәуелсіздік алған тұста да сол тамаша үрдіс жалғасын тауып, жерлестеріміз байрақты бәсекелерде өз жанкүйерлеріне қуаныш пен шаттық сыйлады. 10 қыркүйекте Сербияда шымылдығы түрілетін әлем чемпионаты қарсаңында отандық «классиктеріміздің» жүріп өткен жолына біраз шолу жасауды жөн көріп отырмыз.

Белградта бас жүлде бұйыра ма?

«Қазақстанда грек-рим күре­сінің керемет мектебі қалып­тасқан», «Біздің елде бай дәстүр бар» деп қанша жерден мақтансақ та, соңғы кездері жанарымызбен жер шұқып жүргеніміз белгілі. Мәселен, осы күрес түрін серік еткен саңлақтарымыз соң­ғы рет сонау 1999 жылы әлем чем­пионы атанды. Иә, ол кезде коман­дамыз өте қарулы еді. Ұлттық ко­манданың сапында жүрген жігіт­терді қандай сынаққа салса да, намысты қолдан бермейтін.

Тәуелсіз мемлекеттің өрендері ретінде 1993 жылы Стокгольмде шымылдығы түрілген дүние­жү­зілік додада алғаш рет бой көр­сеттік. Скандинавия түбегінде қор­жынға күміс медаль түсті. Оны Дәулет Тұрлыханов (82 кило) жеңіп алды. Даңқты балуан финалда Түркияның жас перісі Хамза Ерліқайға жол берді. Кейін­нен Хамза Олимпиаданың екі, әлемнің үш және Еуропаның сегіз дүркін чемпионы атанды. Дәулет Болатұлы өзі күресе жүріп, ұлттық командамыздың бас бапкері қыз­метін қатар атқарды. Дәл сол тұста біздің балуандардың тасы өрге домалап, даңқы шар­та­рапқа тарады. 1994 жылы Фин­ляндияның Тампересінде Юрий Мельниченко (57 кило) алтын тұғырға көтерілді. 1995 жылы Прагада Юрамен бірге Бақтияр Байсейітов те (74 кило) күміс медальды иеленді. 1997 жылы Вро­цлавта Мельниченко (58 кило) қарсы келгендерді қо­ға­дай жапырып, екінші мәрте төрт­күл дүниенің теңдессізі атан­ды. 1998 жылы Евледе Қазақ елі­нің әнұраны екі рет шырқалды. Мхи­тар Манукян (63 кило) мен Бақтияр Байсейітов (76 кило) барлық қарсыласынан басым түсіп, бас жүлдені олжалады. Дәл сол Швецияда Қазақстанның ұлт­тық құрамасы өз тарихында тұңғыш және әзірге жалғыз рет жалпы есеп­те үздік үш коман­да­ның қата­рына қосылды.

1999 жылы Мхитар Манукян Афинадағы жарыста алдына жан салмады. 63 кило салмақта күш сынасқан ол қатарынан екін­ші мәрте финалда түркиялық Ше­реф Ероғылыны еңсерді. Бұл – қазақстандық балуандардың әлем чемпионаттарында жеңіп алған соңғы алтыны. Содан бері табаны күректей 23 жыл өтті. Сол уақыттан бері отандастарымыз қанша талпынғанымен, бас жүлдеге қол жеткізе алмай жүр.

Жаңа ғасыр табылдырықтан аттағаннан кейін әлем чемпио­на­тының жалауы 16 мәрте жел­біреді. Сол жарыстың алауынан қор­жынымыз бос қайтты. Тарқатып айтсақ, Патрыда (2001), Мәскеуде (2002), Гуанжоуда (2006), Бакуде (2007), Ташкентте (2014) және Будапештте (2016) тегістей ұтыл­дық. Әлемдік додада Алмат Ке­біс­баев (60 кило), Мейрамбек Ай­нағұлов (59 кило) пен Демеу Жадыраев (71 кило) және Қорлан Жақан­шаның (55 кило) алтын алуға тамаша мүмкіндіктері бол­ды. Олар ақтық сынға дейін ал­қынбай жеткенімен, шешуші тұста сүрінді. 2011 жылы Ыстан­бұлда Алмат ирандық Омид Хад­жи Норузиге, 2017 жылы Па­риж­де Мейрамбек жапониялық Кэнъитиро Фумитаға, Демеу гер­ма­ниялық Франк Штеб­лерге және 2019 жылы Нұр-Сұл­танда Қорлан грузиялық Нугза­ри Цурцумияға жол берді.

Жоғарыда аталған күмістерден бөлек, Алмат Кебісбаевтың әлем­дік додаларда тағы төрт рет қола медальді мойнында жарқырат­қанын айта кеткен абзал. Семей өңі­рінің тумасы өзінің осы табыс­тарына 2010, 2015, 2019, 2021 жыл­­дары қол жеткізді. Яғни әлем чемпионаттарында Алмат бес рет жеңіс тұғырына көтерілді. Жүл­­делердің саны жағынан ол даңқты Юрий Мельниченкодан да асып түсті. Бірақ сапасы жа­ғынан Олимпиада чемпионы қандасымыздан озып тұр. Юраның жеңіп алған төрт медалінің екеуі алтын және екеуі күміс.

Нар тұлғалы Нұрмахан Тын­әлиев­ке де айтар алғысымыз шексіз. Аса ауыр салмақта алып­тармен айқасқан қазақтың батыр ұлы әлем чемпионаттарында қа­тарынан үш рет қолаға қол соз­ды. Бұл жүлделерді Нұрмахан 2010, 2011 және 2013 жылдары ол­жалады. Сондай-ақ Георгий Цурцумия (2003), Ермек Көкетов (2005), Нұрбақыт Теңізбаев (2009), Досжан Қартықов (2015), Ай­дос Сұлтанғали мен Мейіржан Шер­маханбет (2018) және Мей­рамбек Айнағұлов (2019) бір-бір реттен дәл сол межеден кө­рінді.

Былай қарағанда, 1993-2021 жылдары төрткүл дүниенің ең белді балуандары бас қосқан 23 жарыста 27 жүлде алудың өзі оңай шаруа емес. Осы көрсет­кіш­­пен біз аталған мерзім ара­лы­ғында өткен байрақты бәсе­келердің жалпы есебінде 12-орында нық тұрмыз. Тарқатып айтсақ, 5 ал­тын, 8 күміс және 14 қолаға қол жеткіздік. Алайда ал­тын­ның аздығы көңілімізге қаяу тү­сіруде. Мәселен, соңғы 33 жыл аралығында балуандық өнерде бай дәстүрі бар алпауыт мемле­кет­терді айтпағанда, Израиль (Гоча Ци­циашвили – 2003), Эс­то­ния (Хейки Наби – 2006, 2013), Сербия (Давор Штефанек – 2014, Виктор Немеш – 2017, Зураб Датунашвили – 2021) және Молдова (Виктор Чобану-20021) секілді шағын ғана елдің өрендері әлемнің әр бұрышында бірнеше мәрте өз елдерінің әнұранын шыр­қатты. Солардың қатарында қазақстандық балуандардың бол­мауы қалың қазақ көрер­мен­де­рінің көңіліне кірбің түсі­руде.

Соңғы үш әлем чемпионатына тоқталсақ, бұл ретте ең үздік көр­сеткіш Ресейге тиесілі. Олар 2018 жылы Будапештте алты алтын алса, 2019 жылы Нұр-Сұлтанда екі рет топ жарды. 2021 жылы Ослода көршілеріміз бір рет дара шықты. Былтырғы байрақты бәсекеде Иран құрамасының қарқыны өте күш­ті болды. Парсы елінің төрт пехлеваны алтын тұғырдан қол бұл­ғады. Бүгінгі таңдағы ең мық­ты командалар осылар. Соны­мен қатар Жапонияның – үш, Әзер­байжан, Мажарстан, Түркия, Гру­зияның – екі, Германия, Куба, Украина, Молдова, Армения және Сербияның бір спортшысы бас жүлдені иеленді. Міне, соңғы үш жарыста осы мемлекеттердің ғана өкілдеріне бас жүлде алу бақыты бұйырған екен.

Санаулы күндерден кейін Сербияда өтетін жарыста Қазақ елінің намысын 10 балуан қор­ғайды. Солардың арасынан Айдос Сұлтанғалиді бөле-жара атап өтсек, еш айыбы жоқ. 60 кило салмақта белдесетін 26 жастағы Сыр бойының тумасы 2018 жылы Будапештегі әлем чемпионатында қола медальді мойнына ілді. Өзге отандастарымыз ешқайсысы ондай табысымен мақтана ал­майды. Сонымен қатар Айдостың Азия чемпионы деген атағы да бар. Бұл табысына ол былтыр Алматыда қол жеткізді. 87 кило салмақта күш сынасатын Нұр­сұлтан Тұрсынов та талай дүр­мекті көрген сақа спортшы. Құр­лық біріншілігінің толық ме­дальдар жиынтығын қор­жынға салған 31 жастағы Семей өңірінің түлегі былтыр Токио Олим­пиа­да­сына қатысты.

Аса жеңіл салмақта Аман­ғали Бекболатов белдессе, ауыр сал­мақ­та Азия чемпионы Әлім­хан Сыз­дықовқа сенім арты­лып отыр. 77 килода Темірлан Шадукаев өнер көрсетеді. Ол да осыдан екі жыл бұрын құрлық чемпионатында қарсылас шы­датпаған. Таяуда ғана Софияда өткен жастар ара­сындағы әлем біріншілігінде қола медальды иеленген 67 кило сал­мақтағы Дін-Мұхамед Қошқар да Бел­град­қа баратындардың тізімінде. Сондай-ақ Ғалым Қаб­дунасыров (63 кило), Ибрагим Магомадов (72 кило), Диас Қален (82 кило) және Олжас Сырлыбай (97 кило) сын­ды ба­луан­дар боз кілемге шығады.

Қазіргі кезде Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері ара­сында ең жақсы күресіп жүрген Мейір­жан Шермаханбет екені еш дау туғызбайды. 67 кило салмақта өнер көрсететін ол 2018 жылы Будапештте әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленсе, одан кейін Азия біріншілігінде бір алтын мен бір күмісті еншіледі. Биыл жазда Алматыда өткен Болат Тұрлыхановтың кубогында қазақ­тың қайсар ұлы Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлем және Азия чемпионы Мохаммад Реза Гераеиды қалай ұтқанын өз көзімізбен көрдік. Жоғарыдағыдай көріністің куәсі болған жанкүйер­лер сол сәтте «Дәл осы балуан бізге әлем чемпионатының алтын ме­далін сыйлайды» десіп жат­ты. Ал соның алдында ғана Шер­маханбет әлем чемпионаты мен Азия ойындарында қатарынан екі мәрте теңдессіз деп танылып, құрлық чемпионатында үш рет топ жарған оңтүстіккореялық Рю Хан Суды 11:3 есебімен тас-тал­қанын шығарған еді. Өкінішке қарай, өр мінезді жігіт Белградқа бармайтын болды. Өйткені ке­зекті жаттығулардың бірінде ол көзін жарақаттап алған екен. Қа­зір Мейіржан ем-дом қабылдап жат­қан көрінеді.

Десек те «Үмітсіз – шайтан» деп дана халқымыз бекер айтпа­ған ғой. Әлемдік додада өнер көрсететін апайтөстеріміздің ара­­сын­да мықты балуандарымыз же­тер­лік. Бәлкім, солардың бірі Бел­­градтың боз кілемінде бас жүлдені олжалап, барша қазақ­стан­­дық жанкүйерлерге зор қуа­ныш сыйлар. Алдағы байрақты бәсе­­кеде біз Серік Жұмашев же­тек­­шілік ететін жігіттерге сәт­тілік тілейміз.

Әлем чемпионатының ТОП-15 командасы

(1993-2021 жылдар аралығы)

Орын

Командалар

Алтын

Күміс

Қола

Барлығы

1.

Ресей

44

26

28

98

2.

Түркия

18

11

18

47

3.

Иран

15

3

20

38

4.

Куба

14

11

16

41

5.

Оңтүстік Корея

9

9

12

30

6.

Армения

9

9

9

27

7.

Әзербайжан

7

7

13

27

8.

Грузия

6

5

9

20

9.

Швеция

6

4

4

14

10.

Болгария

6

2

11

19

11.

Мажарстан

5

14

13

32

12.

Қазақстан

5

8

14

27

13.

Германия

5

5

13

23

14.

АҚШ

4

7

9

20

15.

Украина

4

5

11

20

1993-2021 жылдар аралығында әлем чемпионаттарының жалауы 23 мәрте желбіреді. Сол жарыстарда 29 мемлекеттің өкілдеріне бас жүлде бұйырды. Жоғарыда аталған командалардан бөлек, Жапония

(4 рет), Сербия (3 рет), Польша, Беларусь, Эстония, Франция, Сербия (2 реттен), Финляндия, Өзбекстан, Молдова, Мысыр, Израиль, Қытай, Солтүстік Корея және Словакияның балуандары (1 рет) алтын тұғырға көтерілді. Ал жүлде алған елдердің жалпы саны – 42.

2021 жылы Ослода өткен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері

55 кило: 1.Кэн Мацуй (Жапония), 2.Эмин Сефершаев (Ресей), 3.Нугзари Цурцумия (Грузия) мен Эльдениз Азизли (Әзербайжан).

60 кило: 1.Виктор Чобану (Молдова), 2.Жоламан Шаршенбеков (Қырғызстан), 3.Степан Марянян (Армения) мен Мурад Мамедов (Әзербайжан).

63 кило: 1.Мейсам Далхани (Иран), 2.Лери Абуладзе (Грузия), 3.Кэнсукэ Симидзу (Жапония) мен Ленур Темиров (Украина).

67 кило: 1. Мохаммад Реза Гераеи (Иран), 2.Назир Абдуллаев (Ресей), 3.Алмат Кебісбаев (Қазақстан) пен Рамаз Зоидзе (Грузия).

72 кило: 1.Малхас Амоян (Армения), 2.Сергей Кутузов (Ресей), 3.Геворг Саакаян (Польша) мен Криступас Шлейва (Литва).

77 кило: 1.Роман Власов (Ресей), 2.Санан Сулейманов (Әзербайжан), 3. Мохаммадали Гераеи (Иран) мен Роланд Шварц (Германия).

82 кило: 1.Рафиг Гусейнов (Әзербайжан), 2.Бурхан Ақбұдақ (Түркия), 3. Адлан Акиев (Ресей) пен Педжаман Поштам (Иран).

87 кило: 1.Зураб Датунашвили (Грузия), 2.Кирилл Маскевич (Беларусь), 3.Лаша Гобадзе (Грузия) мен Аркадиуш Кулинич (Польша).

97 кило: 1.Мұхаммадхади Сарави (Иран), 2.Алекс Шоке (Мажарстан), 3.Артур Саргсян (Ресей) мен Трэйси Хэнкок (АҚШ).

130 кило: 1.Алиақбар Юсуфиахмадчали (Иран), 2.Зураб Гедехаури (Грузия), 3.Оскар Марвик (Норвегия) пен Якоб Каджая (Грузия).