Қоғам • 06 Қыркүйек, 2022

Қарағанды қолұшын созды

234 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысындағы алапат өрттен зардап шеккен отандастарымыздың ауыр жағдайы қарағандылық қайырымды жандарды бейжай қалдырмады. Мұның нақты дәлелі ретінде облыстың барлық қалалары мен аудандарында от апатының ізінше шұғыл түрде гуманитарлық көмек жинау бекеттерінің ашылғанын айтуға болады. Аталған іс-шараны Amanat партиясының Қарағанды облыстық филиалы ұйымдастырды.

Қарағанды қолұшын созды

Ал бұл игі істің бел ортасынан табылып, белсенділігімен көзге түскен «Жастар Рухы» Қарағанды облыстық филиалының өрендері болды. Ұйым төрағасы Ержан Хамитов бекеттер ашылған бетте, алғашқы көмектің келіп жеткенін айтады.

«Біз таңғы сағат 9.00-де қа­был­дау пункттерін аштық, ал 10.00-де алғашқы көмек келіп түсті. Армян диаспорасының өкілдері арнайы құрылған есепшотқа миллион теңге аударды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Amanat партиясының белсендісі Меруеш Башай зардап шеккен қостанайлықтарға киім алып беруге 500 мың теңге берді. Біздің облыста қайырымды тұрғындар өте көп. Адамдар қажетті заттарды әкеліп жатыр, ақша аударып, қолдарынан келген көмектен аянып жатқан жоқ», дейді ол.

Осы орайда ағылып келіп жат­қан ақшалай, заттай көмекті қабыл­дап алудың, оларды сұрыптау­дың өзі оңай шаруа емес екенін айта кеткен жөн. Сол себепті «Жас­тар Рухы» жастар қанатының ерік­тілері қатарынан 30-ға жуық адам­нан тұратын топ құрылды. Олар азық-түлік пен қажетті заттар­ды сатып алумен және басқа да қар­балас шаруалармен айналысуда.

Ал кеше облыстың барлық өңір­лерден жиналған көмек Қараған­дыға жеткізіліп, заттар Amanat партиясының облыстық филиалы орналасқан ғимаратта сұрыпталды. Содан кейін гуманитарлық көмек жүк көліктеріне тиеліп, Қостанай облысына жөнелтілді.

«Қостанайға – көмек!» атты ак­цияны ұйымдастырған Ama­nat пар­тиясының Қарағанды об­лыстық филиалы екенін жоғарыда айттық. Бөлімшенің атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбе­ковтің бұл қайы­рым­дылық іс-ша­расына қараған­дылық кәсіп­кер­лердің, қайырым­ды жандар­дың белсене ат салыс­қанын риза­шылықпен атап өтті.

«Қысқа ғана уақыт ішінде 10 тоннадан астам азық-түлік жинал­ды. Киім-кешек, басқа да аса қажетті тұрмыстық заттар өз алдына тау болып үйілді. Әсіресе бұл істе белгілі кәсіпкерлер Әнуар Осин, Алек­сандр, Куприенко, Артур Ново­сардян және Меруеш Башай сияқ­ты басқа да азаматтар көзге түсті. Сонымен қатар ірі кәсіп­кер, «Шанс» шаруа қожалы­ғының басшысы Игорь Жабяк 15 тонна картоп бөліп, жомарттық танытты», дейді Б.Алтынбеков.

 

Қарағанды облысы