Сегіз ай бойы жалғасқан «Аманат» комиссиясы жұмысының қорытындысы ретінде Президентке Қаңтар оқиғасының қатысушыларына бір реттік рақымшылық жасау жөнінде ұсыныс білдірген едік. Адамдардың тағдырына, жастардың өміріне алаңдап, әрбіреуінің жағдайына үңіліп, Мемлекет басшысына амнистия жасау жөнінде тілек айттық.
Ұсыныс қолдау тапты! Кішкентай ғана ұйымның жұмысы назарға алынып, ұсынысымыз ең жоғарғы деңгейде қолдау тауып, қаңтар оқиғаларына қатысып, қапасқа қамалған азаматтарымызға қатысты бір реттік рақымшылық жасау жайында тиісті шешім қабылданғаны Президент аузымен Парламент қабырғасында қалың елге жарияланды. Мыңдаған жанға қуаныш сыйлаған бұл сүйінші хабарды біз әділеттің салтанат құруы, гуманизм актісі деп қабылдаймыз. Мемлекетіміздің іргетасын нығайтуға бағытталған қадам десек, артық айтқанымыз емес.
Әрине, жастар бір рет жаза басты екен деп ұзақ жылға соттап жіберу дұрыс болмас еді. Ол азаматтардың бала-шағасы бар, туыстары бар, жағымсыз іс-әрекет олардың мемлекетке деген сеніміне селкеу түсіріп, теріс айналдырар еді. Мемлекеттің басты құндылығы – адам болса, бұл шешім маңызды шешім – адамның тағдырын ойлауға деген талпынысының көрінісі. Бұл – «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес келетін ұйғарым.
Мемлекет басшысының рақымшылық жариялау туралы ұсынысын «Аманат» комиссиясы жұмысының шешуші қорытындысы деп қабылдадық. Алайда біздің жұмысымыз мұнымен аяқталмайды, алдағы уақытта комиссиямыз рақымшылық туралы заңның жасақталуына, қолданылуына қатысты заң орындарымен бірге жұмыс істейді. Біз өз атымыздан және қаңтар оқиғаларына қатысты қамауда болған азаматтар мен олардың тума-туыстарының атынан мемлекет болашағын ескеріп, адамдар тағдырына қатысты осындай әділ шешім қабылдағаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үлкен алғыс айтамыз!
Уайс ЕРСАЙЫНҰЛЫ,
«Аманат» тәуелсіз комиссиясының мүшесі