14 Мамыр, 2014

Қазақстан басшысының идеялары сәтті іске асырылуымен бағалы

397 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
интеграция2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа осы мамыр айының аяғында Астанада қол қойылады деп күтілуде. Қазіргі жаһандану заманы Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың осыдан 20 жыл бұрын көтерген идея­сы­ның дұрыстығын, оның өміршеңдігін айғақтап беріп отыр. Біз Қазақстан Республикасы Сыртқы істер минис­трінің орынбасары Самат ОРДАБАЕВПЕН бүгінде ақиқатқа айнала бастаған экономикалық одақтың қызметі, жалпы оның елдерімізге не беретіні туралы әңгімелескен едік. – Қазақстан Республикасы еуразиялық интеграцияның негізгі бастамашыларының бірі болып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ құру­дың қажеттілігі туралы идеяны алғаш рет 1994 жылы М.В.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік уни­вер­си­теті академиялық ауди­то­рия­сының алдында сөз сөйлеген кезінде еліміз Прези­денті Н.Ә.На­зарбаев айтқан бола­тын. Содан бері бұл идея өзінің өмір­шеңдігін жоймағаны өз ал­­ды­на, нақты іс жүзіне асы­рыл­ғалы отыр. Бұған өз тара­пы­ңыздан не алып-қосар едіңіз? Самат ОРДАБАЕВ– Қазақстан басшысы ТМД құрылғаннан кейін екі жыл ішінде тығырыққа тірелген көпжақты ин­теграциялық үдерістерді сол тығырықтан шығару туралы нақты ұсынысын Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығының зиялы қауым өкілдеріне ММУ-де сөй­леген сөзінде тікелей жеткізді. Н.Ә.Назарбаев «ТМД уақыттың объективті талаптарына жауап бермейді және қатысушы елдер халықтары соншалықты қатты қажетсінетін интеграцияны қамтамасыз етпейді. Сон­дықтан анағұрлым айқын ұста­нымда әрекет ететін жаңа мемле­кет­аралық бірлестік құру қажеттілігі туындады», деп ашық мәлімдеді. Мәдениет және өркениет фак­торларының маңызын мойындай отырып, біздің Елбасы интеграцияны, ең алдымен, экономикалық прагматизм негізінде құруды ұсын­­ды. «Интеграциялық үде­ріс­­тер­дің не­гізгі қозғаушысы де­рек­сіз геосая­си идеялар мен ұран­дар емес, экономикалық мүд­­де болып табы­лады», деді Қазақ­стан басшысы. Бұл бастама ТМД кеңістігіндегі ин­те­грация­лық үдерістерге дем беруші ре­тін­де танылды. 20 жыл бойы ол кезең-кезеңмен Еуразиялық эконо­ми­калық қоғамдастық, Кеден ода­ғы, Беларусь, Қазақстан және Ресей­дің біртұтас экономикалық кеңіс­тігі, т.б. осы сияқты бірқатар табыс­ты халықаралық құрылымдар қалып­тастыру арқылы жүзеге асырылды. Экономикалық интеграцияның алғашқы сатысы еркін сауда аймағын құру болып табылады. Оны ТМД шеңберінде көпжақты халықаралық құжат негізінде құру үшін екі онжылдық қажет болды. Тек 2011 жылы Достастықтың сегіз елі тиісті келісімге қол жеткізді. Экономикалық интеграцияның екінші кезеңі Кеден одағын құ­ру­мен байланысты болып отыр. Осы бағыттағы жұмыстың баста­луы туралы шешім 2006 жылы ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекет­тер басшыларының бейресми саммитінде қабылданды. Еур­АзЭҚ-қа мүше үш мемлекеттің – Беларусь Республикасы, Қа­зақ­стан Республикасы және Ресей Федерациясының Кеден одағы 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс жасауда. 2010 жылғы 6 шілдеде Кеден одағының Кеден кодексі күшіне енді. 2011 жылғы 1 шілдеден үш мемлекет шеңберінде ішкі кеден шекаралары алынды. Кеден одағына мүше мемлекеттер тығыз қызмет ете бастады, өзара тауар айналымы айтарлықтай өсті, экономика дамуының тиімділік көрсеткіштері артты. – Иә, әлемдік экономика мен әлемдік шаруашылық өсу қар­қы­нының жалпыға ортақ бәсең­деуіне қарамастан, 2013 жылы «үштік» шеңберінде тауар айналымы артып, 64,1 млрд. АҚШ дол­ларын құраған. Бұған ненің есе­бінен қол жетуде? Мәселенің осы жағын сәл ашып айтып кет­сеңіз. – Бұл жерде өзара сауданың құ­рылымы өзгеріске түсіп отыр. Экс­порттық-импорттық опе­ра­ция­лардағы шикізат ресурс­тарының үлесі азая бастады. Бұл өзгеріс технологиялық өнімдердің артуы және жоғары қосылған құн салығы тауарлары есебінен мүмкін болды. Біртұтас кеден аумағының қыз­меті өзінің шеңберінде тарифтік және тарифтік емес кедергілері жоқ біртұтас тауарлар нарығын құрды. Қазақстандық өндірушілер үшін өткізу нарығының шекаралары кеңейді. Бірлескен өндірістер мен кооперациялардың құрылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуын жандандырып, халық үшін өнім түрлерін көбейтті. Бизнес жүргізу жағдайы ай­тар­лықтай жақсаруда. Дүниежүзілік банк тобының есептеген бизнес жүр­гізу жағдайының рейтингі бар­лық КО-ға мүше елдер үшін жоға­рылады. 2012 жылғы 1 қаңтардан бас­тап Беларусь Республикасы, Қа­зақстан Республикасы мен Ресей Фе­дерациясы интеграцияның жа­ңа, үшінші кезеңі – Біртұтас эко­но­микалық кеңістікке (БЭК) қадам басты. Кеден одағына мүше мем­лекеттер 2010 жылы БЭК-ті қа­лыптастыруға негізделген 17 халықаралық келісімдерді жасап шығарды және қабылдады. Олардың барлығы 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Шеңберінде тауар, қызмет, капитал және жұмыс күшінің ауысу еркіндігі қамтамасыз етілетін Біртұтас экономикалық кеңістіктің әлеуеті маңызды. БЭК-ті құру қазақстандық бизнес үшін транзакциялық шы­ғын­дарды азайтуға қосымша мүм­кіндіктер берді және тиісінше, дамытуға жұмсалуы ықтимал айналым қаржысының пайда болуына жағдай туғызды. 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап БЭК елдері мемлекеттік сатып алу­ларға ұлттық режім ұсынса, бұл өз кезегінде қазақстандық тауар сатушылардың Ресей мен Бела­русьтің мемлекеттік және муни­ци­палдық сатып алуларға ресейлік және беларусьтік тауар сатушылармен тең қатысуына мүмкіндік береді. БЭК қызметінің маңызды құ­рамдас бөлігінің бірі өнеркә­сіп­тік ынтымақтастық пен аграрлық-өнеркәсіптік кешенді (АПК) дамыту болып табылады. 2013 жыл­ғы мамырда өнеркәсіптік коо­пе­рацияны тереңдету мен ұлт­тық өнеркәсіптік саясаттың үйле­сім­ділігін қарастыратын өнеркә­сіптік ынтымақтастықтағы тұжы­рым­дамалық шешімдердің бірі қабылданды. – Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің құрылуы халықаралық қаржы инс­­титуттарының тарапынан оң баға алып отырғаны бел­гілі. Мәселен, Еуропа Қайта құру және дамыту банкінің «Тransition Report 2012» баянда­ма­сында Кеден одағы мен Біртұ­тас экономикалық кеңістік қа­лып­­­тастыру посткеңестік кеңіс­­­тік­тегі табысты өңірлік ин­те­гра­­цияның алғашқы мысалы ре­тінде аталды. Бұған тағы не алып, қосуға болар еді? – БЭК жұмысының басталуы қарсаңында, 2011 жылғы 18 қарашада Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы жә­не Ресей Федерациясының прези­дент­тері интеграцияны одан әрі дамыту осы мемлекеттердің мүдделеріне сай екеніне, олардың алдында тұрған ортақ міндет – адамдардың әл-ауқатын арт­тыру мен өмір сапасын жақ­сарту, орнықты әлеуметтік-эконо­микалық даму, көпқырлы жаңғыр­тулар мен жаһандық экономика шеңберінде ұлттық бә­се­кеге қабілеттілікті күшейту сияқ­ты ортақ тапсырмаларды ше­шу­ге мүмкіндік беретініне сенім­дерін білдіре отырып, Еура­зия­лық эко­номикалық интеграция жө­ніндегі декларацияға қол қойған еді. Үш ел президенттері инте­гра­циялық құрылыстың жаңа кезеңі егемендікті құрметтеу мен мем­лекеттер теңдігін, адамның негіз қалайтын құқықтары мен бос­тан­дығын, құқықтық мемлекет пен нарықтық экономиканы бекі­туді қоса алғанда, халықаралық құ­қық­тың көпшілік мойындаған нор­маларын сақтау қағидаларына негізделетінін атап көрсетті. Инте­грацияның одан арғы негізгі маз­мұнын Кеден одағы мен БЭК-тің әлеуетін толық жүзеге асыру, шарттық-құқықтық база мен инс­титуттарды жетілдіру мен одан әрі дамыту және төмендегі негізгі бағыттар бойынша практикалық өзара іс-қимылдар болады: – тауарлардың, қызмет көр­сетулер мен капиталдың және ең­бек ресурстарының ортақ нары­ғының тиімді қызметін қамта­масыз ету; – келісілген өнеркәсіптік, кө­ліктік, энергетикалық және аграр­лық саясат қалыптастыру, ықтимал бірлескен трансұлттық корпорацияларды және басқаларын қоса алғанда, өндірістік кооперацияларды тереңдету. Үш елдің басшылары 2015 жыл­ғы 1 қаңтарға дейін қатысушы мемлекеттер Кеден одағы мен БЭК-тің нормативтік-құқықтық базасын құрайтын халықаралық келісімдердің кодификациясын аяқтауға және осы негізде Еуразиялық экономикалық одақ құруға ұмтылатынын мәлімдеді. Аталған бағыттағы қызмет қата­рын­да мыналар да бар, бірқатар келі­сімдерден тұратын болады: – теңдестірілген макро­эко­номикалық, бюджеттік және бә­секелестік саясат; – еңбек нарығы, капиталдар, тау­арлар мен қызмет көрсе­ту­лердің құрылымдық реформалары; – энергетика, көлік және теле­ком­­муникациялар саласында еура­­зиялық желілерді құру. – Үш елдің басшылары бұл ин­­теграциялық бірлестік өз қа­­­лып­­­тасуындағы және қыз­ме­тіндегі кез келген кезеңде Одақ­­тың міндеттері мен ұста­ным­­дарын бөлісетін және олар­ды жүзеге асыруға дайын басқа мем­ле­кеттердің қосы­луы­на ашық болатынын атап өтке­ні мәлім. Осы орайда, Еура­зия­лық эко­но­микалық одақтың пе­р­с­­пек­­тивалары мен артық­шы­лық­тары туралы не айтуға болады? – Біріншіден, бұл жерде қандай тұрпатта да КСРО-ны қайта қалпына келтіру туралы ешқандай да әңгіме жоқ және болуы да мүмкін емес. Келмеске кеткенді қайта жаңғыртуға ұмтыламын деу, жұмсартып айтқанда, алыс-жақынды болжай алмағандық болып шығар еді. Алайда, жаңа құндылықты, экономикаға не­гіз­делген тығыз интеграция – уақыт қалауы. БЭК-ке мүше мемлекеттер қа­зіргі заманғы әлем полюстерінің бірі болуға қабілетті және оның үстіне Еуропа мен серпінді да­муға қол жеткізіп келе жатқан Азия-Тынық мұхиты өңірлері арасында тиімді байланыстырушы рөлін атқаратын қуатты бірлестіктің үлгісін ұсынуда. Табиғи ресурстардың, капи­талдардың, мықты адам әлеуе­тінің басын біріктіру Еура­зия­лық экономикалық одаққа ин­дустриялық және технологиялық жарыста, инвесторлар тарту мен озық өндірістер құру жо­лын­да­ғы жарыстарда бәсекеге қа­бі­летті болуға және ЕО, АҚШ, Қытай, Азия-Тынық мұхиты эко­номикалық ынтымақтастығы (АТЭС) сияқты маңызды ойыншы­лармен, сондай-ақ, өңірлік құрылымдармен қатар, жаһандық даму тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Екіншіден, Еуразиялық эко­номикалық одақ болашақтағы ин­теграциялық үдерістердің өзін­дік бір орталығы қызметін атқар­мақ. Яғни, Одақ қазіргі кезде бар құрылымдар – Кеден одағы мен БЭК-тің бірігуі жолымен қа­лыптасатын болады. Үшіншіден, Еуразиялық эко­номикалық одақ – ашық жоба: оның қатысушылары Одаққа бас­қа әріптестерінің қосылуын қол­дайды. Бүгін Қазақстан үдемелі ин­дустриялық-инновациялық да­му бағытын ұстанып отыр. Бо­лашақ ұлттық инновациялық экономиканың негізі ретінде заманауи өндіріс күштерінің жаңа құрылымы қалыптастырылуда. Сондықтан Еуразиялық эко­но­микалық одақтың инновациялар мен қуатты технологиялық сер­пілістердің аумағы болғаны маңызды. Тек интеграцияланып қана біздің еліміз халықаралық аренада бәсекеге қабілетті бола алады. Еуразиялық экономикалық одақ құруда ерікті, тең құқықты интеграцияны, мемлекеттердің бірлескен тиімді экономикалық дамуын қамтамасыз ететін, ел­дерімізді әлемдік экономикада мық­ты шепке ілгерілететін шарт­тық-құқықтық база қалып­тастыру қажет. Барлық деңгейде шешім қа­былдағанда консенсус қағидатын қолдану және бекіту, сондай-ақ, саяси интеграцияға жол бермеу міндетті шарттар болуы тиіс. – Құрылатын Одақ барлық мемлекеттердің мүдделерін есепке ала отырып экономикалық дамуға тең жауапкершілікті қамтамасыз еткенде ғана берік және орнықты болады емес пе? – Әлбетте. Бұл ретте, Елба­сы­­­­мыз бір­неше рет атап өткендей, біз­­дің елдерімізді жақындастыру­шы негіз тек экономика болып табылады. Интеграцияның негізінде өзара тиімділік, теңдік пен эво­люцияшылық, кезеңділік пен пра­гматизм, практицизм, саяси егемендіктің бұлжымастығы мен интеграциялық қадамдардың дәйек­тілігі жатуы тиіс. Осы мамыр айының соңында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт қабылдау жоспарлануда және Қазақстан, Ресей, Беларусь жаңа технологиялық тәртіпке бірлесіп секіріс жасау ниетінде. Бірақ, Қазақстан да, Ресей де, Беларусь те өзіндік ұлт­тық мүдделері бар тәуелсіз мемлекеттер болып қала береді. – Тұшымды әңгімеңіз үшін рахмет. Әңгімелескен Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан».