Спорт • 06 Қыркүйек, 2022

Автогол, хет-трик, камбэк

191 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жексенбі күні Қазақстан Премьер-лигасының 18-туры аясында өткен төрт кездесуді тамашаладық. Бұл ойын­дардың барлығы тартысқа толы болды.

Автогол, хет-трик, камбэк

Алғашқы матч «Шахтер» мен «Тараз» арасында өтті. Бәсекенің тағдырын автогол шешті. 16 минутта қонақтардың қорғаушысы Нұрлан Дайыров өз қақпасына доп соқты – 1:0. Одан кейін таблодағы есеп өзгерген жоқ. «Атырау» өз алаңында «Каспийді» қабылдады. Бір сағатқа жуық уақыт бойы тізгінді өз қолдарында берік ұстаған қонақтар 18 және 51-минуттарда мергендік танытты. Екі голдың да авторы – Иван Пешич. Сол сәтте ғана естерін жиған атыраулықтар дамылсыз шабуылдап, ақырында маңызды үш ұпайға қол жеткізді. 59-минутта Юрий Завезин есеп айырмашылығын қысқартса, 65 және 86-минуттарда Андрия Филипович нысананы дәл көздеді – 3:2.

Шымкентте «Ордабасы» Түркістанның «Тұранына» есе жіберді. Ең өкініштісі, бірінші тайм бел ортадан ауғанда алаң иелері екі доп жіберіп алды. Үзілістен кейін «Ордабасының» ойыншылары бір мәрте мергендік танытты. Бірақ одан әріге олардың әлдері жетпеді – 1:2. «Ақсу» мен «Мақтарал» арасындағы матчта алты гол соғылды. Нәтижесінде, 4:2 есебімен алғашқылары жеңіске жетті. Бұл кездесуде Еркебұлан Тұңғышбаев хет-трик жасады.