14 Мамыр, 2014

Ауыл азаматтарымен ажарлы

667 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бүгінде «Шәушен» шаруа қо­жа­лығының игілікті тірліктерін бір Жамбыл облысының жұрты ғана емес, бүкіл ел біледі. Ағайын­ды Қали, Сайрамбай және Мейрам­бай Дөненбаевтардың елге жасап отырған жақсылықтарын, қайы­рымды істерін бұл жақтың адамдары аңыз қып айтады. Шынында «Ауылына қарап азаматын таны» деген, бұл азаматтардың кіндік қа­ны тамған ақ басты Алатаудың ете­гінде жатқан Жарлысу бұл күн­де төрт құбыласы сай, ең ажарлы, көрікті ауылдың бірі десе де бол­ғандай. ескерткіш DSC_0051 Ағайынды іскер жігіттер мал ша­руашылығын дамытып, ауыл жастарына жұмыс тауып беріп отырса, қайбір жылы әр малшысына жеке-жеке үй, қора-қопсы соғып беріп, елдің үлкен алғысын алған. Дөненбаевтардың елге жасап жүрген жақсылықтары бір бұл ғана емес. Осы ауыл төрінен орын тепкен айы аспанмен таласқан Алла үйі, медресе, екі қабатты ин­тернат үйі, мектеп (қаржылай кө­мек көрсеткен), бәрі-бәрі осы жі­гіт­тердің демеушілігі арқасында пай­да болды. Қазір бұл еңселі ғима­рат­тар көздің жауын алып, жап-жасыл ауылдың көркін тіптен ашып тұр. Енді, міне, Жеңіс мерекесі күні «Шәушен» шаруа қожалығының төрағасы Сайрамбай Дөненбаев Жарлысу ауылынан 1932-1933 жыл­дардағы ашаршылық құрбан­дары және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне ар­налған ескерткіш ашты. Ескерткіш маңы  аббаттандырылып, субұрқақ орнатылып, бұл іске бас-аяғы 50 миллион теңге жұмсалды. Елді жаппай ашаршылық жайлаған сол бір зұлмат жылдары осы тө­ңіректегі ауылдардан небәрі 70-тей отбасы ғана аман қалған екен. Ал Ұлы Отан соғысы басталғанда Жарлысудан 200-ге жуық азамат майданға аттанып, соның 80-ге жуығы ғана қайта оралыпты.  «Бұл ескерткіш сол марқұмдарға деген құрмет. Сүйектері әр қиырда қалған сол боздақтарды бүгінгі жастар еске алып, осы ескерткішке келген сайын рухтарына құран бағыштап жүрсін. Кейінгі ұрпақ елдің басынан қандай қиын жағдайлардың өткенін сезініп, қаншама азаматтарымыздың елді қорғауда аянбай күрескенін білсін. Солардың ерлігі жас ұрпаққа өнеге болсын деген ниетпен осы ескеркішті аштық», дейді бұл жөнінде Сайрамбай Дөненбаев. Міне, осындай атпал азаматтар тұрғанда ауыл еңсесі ешқашан төмен түспесе керек.  «Өлі риза бол­май, тірі байымайды» деген, бұл күні Жарлысу ауылында аруақ­тарға ас беріліп, құран бағыш­талып, жиын соңы қазақтың ұлттық ойыны көкпарға ұласты. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.