Президент • 06 Қыркүйек, 2022

Мемлекет басшысы Германияның экономикалық делегациясын қабылдады

186 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы Германияның экономикалық делегациясын қабылдады

Кездесу барысында Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Германия Үкіметі мен бизнесі өкілдеріне ілтипат білдіре отырып, еліміз энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, білім, ғылым және техникалық бағыттағы кадрларды даярлау сияқты негізгі салалар бойынша серіктестікті тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта Үкімет 800 әлеуетті инвестициялық жобадан құралған жобалар пулын дайындады. Сондай-ақ Қазақстан Германия компанияларын елімізге тарту үшін қолайлы жағдай жасауға дайын.

«Германия – Қазақстанның Еуропа Одағындағы ең маңызды серіктесі. Қазақстанда Германия капиталының үлесі бар 600-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Сауда-саттықты арттырып, инвестиция көлемін ұлғайту үшін мол әлеует бар», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.а

Сонымен қатар Президент Германияның техникалық мамандықтар бойынша кадр даярлау тәжірибесіне қызығушылық білдірді. Атап айтқанда, Қазақстан отандық мамандардың деңгейін көтеру үшін Германияның техникалық институттары өкілдіктерін, зертханаларын, ғылыми және құзырет орталықтарын ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Делегация басшысы Қазақстан мен Германияның үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Доминик Шнихельс екі елдің мемлекеттік органдары мен бизнес құрылымдары арасындағы іс-әрекет деңгейіне жоғары баға берді. Сондай-ақ ол германиялық компаниялармен жұмыс істейтін Үкіметтегі арнаулы топтың тиімділігін атап өтті.

Делегация өкілдері неміс бизнесі Транскаспий көлік дәлізін дамытуға, кен орындарын игеруге және энергетикалық сектордағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық білдіретінін жеткізді.