14 Мамыр, 2014

Кадр сыртындағы әнші

2635 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
«Қыз Жібектегі» «Гәккуді» орындаған Мүнира Ижанова жайлы бір үзік сыр кадр сыртындагы анши Қазақ киноиндустриясындағы ұлттық жауһардың бірі де, біре­гейі – «Қыз Жібек» көркем филь­мі. Осы туындыны түсіру барысында Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешовадай жастардың таланты жарқырай көрінді. Ұлттық киномыздың алтын қорына алынған «Қыз Жібекте» «Гәкку» әні орындалады. Кинотуындыда бұл әнді Жібектің рөлін сомдаған Меруерт Өтекешова орындағандай болып көрінеді. Ал шын мәнінде бәрі басқаша болған, бұл әнді бұлбұлдың үніндей сыңғырлаған даусымен орындаған Мүнира Ижанова екенін көп ешкім біле бермейді. Өйткені, кинокадр сыртында ән орындаған әнші туралы көп айтыла да, жазыла да бермейді. Қазір сол әнші Атырау қаласында тұрады. Мүнира Ижанованың өнер жолы қалай басталып еді? Осы сауалға жауап іздегенде, алдымен мына деректерді алға тарта аламыз. Біздің кейіпкеріміз Семей өңіріндегі Суықбұлақ ауылында жарық дүние есігін ашыпты. Ағасы Ғаріпжан Матай­баевты өнер жолындағы алғашқы ұстазы санайды. Өйткені, дәл осы кісі ел ішінде кең тараған, бұл күндері өте сирек айтылатын дәстүрлі әнді нәшіне келтіре орындаушылардың, кеңінен насихаттаушылардың бірінен саналады. Әміре Қашау­баевтың дауысына ұқсас ерек дауысты ағасының өнеріне елік­теген Мүнира да бес жасынан ән айта бастапты. Көпшілік өнеріне ықыласпен қол соққан сайын әншілікке түпкілікті мойы­н бұ­рады. Ел ішіне «әнші қыз» болып таныла бастаған Мүнира он сегіз жасында Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыка училищесіне оқуға қабылданады. Осы оқу ордасындағы төрт жылда жеке ән орындаудың қыр-сырын терең меңгереді. Сол себептен болар, музыка училищесінде оқыған жылдарын өнер жолының баспалдағы ретінде әрдайым еске алады. Ұлттық өнерге, соның ішінде қазақ әндеріне ғашық жанды өнердің терең тылсымдары өз иіріміне тарта береді. Демек, білімін жетілдіру қажет. Осы мақсатпен 1964 жылы консерваторияда оқуға бағын сынау үшін Алматыға жол тартады. Бірақ адам алдында нендей жәйт күтіп тұратынын біле бермейді ғой. Алматы көшелерін аралауға шыққан құрбысы екеуі балмұздақтың тәттілігіне қызығып, көбірек жеп жіберіпті. Салқын балмұздақтың «жемісі» ғой, тама­ғы ілезде ісініп шыға келіпті. Дәрі­герлер «ангина» диаг­нозымен ән айтуға тыйым салған анықтама да беріпті. Осының бәрі консерваторияда оқимын деген мақсатын іске асыруға кедергі болады. Бірақ өнерді серік етуді мақсат тұтқан жан бәрібір алған бағытынан танбайды. Сөйтіп, бір жылдан соң Қыздар педагогикалық институтына оқуға түседі. Осында жеке ән орындауға машықтанумен бірге дирижерліктің тылсымына терең бойлайды. Жаратылысынан тек алға ұмтылуды қалайтын жан институттағы оқумен шектелмей, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында академиялық капелла хорының солисі ретінде жұмыс жасапты. Сол кезде хорға профессор Анатолий Молодов жетекшілік еткен екен. Ал енді оны «Гәкку» әнін орын­дауға кім таңдады? Бұл сауал­дың жауабын: «Нұрғиса Тілен­диев таңдап еді» деп қысқа ға­на қайыра салуға болар еді. Бірақ Нұрағаң әнші Мүнира Ижанованы бір естігеннен таңдаған жоқ. Жал­пы, атақты композитор ерекше талантты, талапты жастарды қаладан да, ауылдардан да іздеп жүреді екен. Ал Мүнира 1965 жылы жоғары оқу орындары арасындағы өнер байқауында «Ақ шағала» әнін шырқапты. Қазақтың бұлбұл үнді бірегей әншісі Бибігүл Төлегенованың даусынан айнымайтын үнді есіне сақтап қалған композитор Нұрғиса Тілендиев кейін Мүнираны іздеп барған. – Институтты бітіріп, оқыту­шылыққа қалған едім. Бірде біздің жоғары оқу орнына композитор Нұрғиса Тілендиев пен «Қыз Жібек­­тің» кинорежиссері Сұлтан Қожықов келді, – деп еске алады Мүнира апай қазақтың біртуар азаматтарымен кездескен сәтті. – Олардың мақсаты – менің даусымды тың­дау. Нұрғиса ағамыз: «Ақ шағала» әнін орындаған сен емес пе едің? Басқа қандай әндерді орындап жүрсің?» деді. Сонан соң рояльмен «Жан жарым», «Жан сәулем», «Ақ шағала», «Жүрегім менің» әндерін, 15-ке жуық шығарманың сазын ойнады. Мен рояльда ойналған әндерді айта бердім. Арада біраз уақыт өткен соң «Қазақфильм» киностудиясына шақырды. Қасымда өзім жетекшілік ететін топтың студент-қыздары бар, бәріміз сту­дияға кірген кезде Бибігүл Тө­легенова «Гәккуді» шырқап тұр екен. Оны Нұрғиса Тілендиев домбырамен сүйемелдеп отыр. «Осы әнді орындай аласың ба?»... Бұл әрине, атақты композитор Нұрғиса Тілендиевтің сауалы еді. Бибігүл Төлегеновамен Семейде танысқан Мүнира Ижа­нова «Гәккуді» орындап берген. Бәлкім, Нұрағаң қазақтың тағы бір қызының сопрано дауы­сын алтын қорға жазып алуды көздеген шығар деп топшылаймыз осы орайда. Қалай дегенде де Мүнира Ижанованың «Гәккуді» орындауға таңдалғаны ақиқат. Және оны әншіге Ижановаға Нұрғиса Тілендиевтің өзі хабарлапты. Бұл 1969 жыл болатын. «Қыз Жібек» сәтті түсіріліп, лента көрерменге ұсынылды. Алайда, Мүнира Ижанова Алма­тыда көп тұрақтай алған жоқ. Тіпті, «Қыз Жібекті» түсіру барысында басты рөлдерді ойнаған Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова Мүнираны «Жібек қыз» деп атаған екен. Әлі күнге дейін дәл осылай атаудан жалыққан емес. «Гәккуді» орындаудағы дау­сының ерекшелігі өз алдына, жібектей мінезі де көпшілікті тәнті еткендігі даусыз еді. Сонда біздің кейіпкерімізді Атырауға нендей күш жетелеп еді? – «Қыз Жібекке» музыка жазу жүріп жатқан кештің бірінде ерекше сыйлайтын ағайдың бірі: «Жібекжан айналайын, оркестрдің алдыңғы қатарында отырған жігіт сені ұнатып жүр» деді. Ол – осы фильмнің музыкалық аспаптар оркестрінде прима қобызды тартатын Досқали деген азамат екен, – дейді Мүнира өмірлік жарымен танысқан сәтін ойына түсіріп. –Бір қызығы, мен барған жердің бәрінде Досқали жүреді. Ол Атыраудағы Құлсары дейтін жерден ғой. Бұрын осы өңірге гастрольдік сапармен жиі келуші едік. Артынан отба­сымызбен тұрақты тұруға көшіп келдік. Оған енеміз себепші болды... Әр ананың жүрегі баласының көз алдында, не жақын маңда жүргенін, жиі кездескенін қалайды емес пе? Досқали ағайдың анасы ұлының Атырауға көшіп келуін қалағанда, оған қазақтың үлкенді сыйлау тұрғысындағы тәлім-тәрбиесіне жетік Мүнира да қарсы болмапты. Алматыдай өнердің үлкен ортасын қимай, Атырауға келуден бас тартуына болар еді ғой. Бірақ олай жасауға дәті бармады. Ананың баласына деген сағынышқа толы нәзік сезімінің қылын үзгісі келмеді. Немересін құшырлана бір иіскеуді аңсаған ананың тәтті үмітіне қылау түсірмеді. Сөйтіп, 1975 жылы өмірлік серігі Досқалимен бірге Атырауға қоныс аударды. Міне, сол кезде жігіттің анасының ерекше қуанғанын көрсеңіз ғой, шіркін! Қазір Мүнира апайдың өзі де ене атанып отыр. Ұлы Досымжан Айнадай арумен шаңырақ көтеріп, Жәниядай немере сүйгізді. Немересінің тәтті қылығы күнде­лікті күй­бең тірліктің бәрін бір сәтте ұмыттырып жібереді. Ал өзі әлі күнге Д.Нұрпейісова атындағы колледжде шәкірт тәрбиелеуден қол үзген жоқ. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы. Суретте: «Қыз Жібек» фильмінде «Гәккуді» кадр сыртында орындаған әнші Мүнира Ижанова бас рөлдерді сомдаған Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешовамен бірге.