Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2022

Қостанайда өрт басталғаннан бері 2091 адам эвакуацияланды

392 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанайдағы өрттен елдімекендерге қауіп жоқ. Жалындап жанып жатқан учаскелер жоқ, қалдық от ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Әрбір елді мекенде (Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарының аумағында) қарауылдау ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz ТЖМ баспасөз қызметінің 6 қыркүйек сағат 12.00 уақытындағы жедел ақпаратына сілтеме жасап.

 

Қостанайда өрт басталғаннан бері 2091 адам эвакуацияланды

Аздаған жауын жауғандықтан өңірде ауа ылғалдығы күшейген.

«Сағат 7:30-дан 8.40-қа дейін өрт аумағына ұшу жұмыстары жүргізілді.
Әуеден барлау нәтижесінде Бағаналы ауылынан Қазанбасы ауылына қарай ауданда өрт төменгі бөлігінде байқалады. Озерное, Лесное және Аманқарағай ауылдарында жағдай тұрақталды. Озерное, Аманқарағай ауылдарында тек локальды өрт ошақтарының жануы, түтін байқалады.
Күштер мен құралдар негізгі жұмыс жүргізетін Бағаналы аудандарына қайта топтастырылды. Бағаналы, Озерное, Лесное ауылдарында елді мекендерінде жерді жырту жұмыстарын жүргізу үшін Қорғаныс министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың инженерлік техникасы да жұмылдырылады», делінген хабарламада.

Өрт басталғаннан бері барлығы 2091 адам эвакуацияланды (3 қыркүйекте Аманқарағай, Озерное және Лесное ауылдарынан - 1841 адам, 5 қыркүйекте Бағаналы ауылынан Қазанбасы ауылына - 250 адам).

Әулиекөл орта мектебі мен Әулиекөл мектеп-интернатының эвакуациялау пунктінде 66 адам бар. Эвакуацияланғандардың негізгі бөлігі өз үйлеріне оралды, қалғандары туыстарының үйінде.

ТЖМ мәліметінше, барлығы 91 тұрғын үй зардап шеккен. Аманқарағай ауылында  85 үй және Озерный ауылында 6 үй. Өртті сөндіруге құрамында 224 бірлік техника, 7 әуе кемесі, 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамның 2193 адамы бар ТЖМ, ІІМ, ҰҰ, Қорғаныс министрлігі, ЖАО және облыстың коммуналдық қызметтерінің күштері мен құралдары жұмылдырылған. 

11 адам (халықтың 6 адамы, оның ішінде бір кәмелетке толмаған адам, орман шаруашылығының 1 қызметкері, әкімдіктің 1 қызметкері, ТЖМ 3 қызметкері) жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақат, күйік, улану алды, 1935 жылы туған бір адам қаза тапты.

Суағар құрылғылары үшін тікұшақтармен су алу табиғи су қоймасынан 25 км қашықтықта жүргізіледі, өрт сөндіру басталған сәттен бастап 137 су ағызу жүргізілді.

Айта кетейік, 4 қыркүйекте өрт аумағы 43 мың гектардан асқан. Ал орман шаруашылығының жалпы ауданы 107 257 га.

Қазір ТЖМ жедел желісі жұмыс істеп тұр. ТЖМ мен Қостанай облысының ТЖД психологтарының жұмысы ұйымдастырылған. Осы аралықта ТЖМ жедел желісіне ақпараттық сипаттағы 37 қоңырау келіп түсіпті.

Сондай-ақ, Әулиекөл ауданының эвакопунктінде жеті психолог шұғыл психологиялық көмек көрсетеді. Консультативтік көмек 57 адамға көрсетілді және топтық жұмыс форматымен 45 бала қамтылды.

Өрт сөндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.