Тілсіз жаудың мұншалықты жиілеп кетуіне себеп, апталап тұрған ыстық. Шығыста жазда болмаған ыстық болды. Бұта-қараған ши тисе, сыр ете түсердей кеуіп тұр. Зайсан ауданы, Айнабұлақ ауылдық округі аумағынан шыққан өрт туралы ақпарат Төтенше жағдайлар қызметіне 3 қыркүйекте келіп түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына ілешала жеткенімен, құрғақ шөпті қуалай шарпыған қызыл жалын далалы жерлерге тез тараған. Бәлкім, өрт сөндіру техникалары сағаттай сақылдап тұрмаған соң да жалын оңайшылықпен бой бермеді ме, кім білсін?!
Облыстық ТЖД мамандарының айтуынша, Зайсан даласынан шыққан өртті сөндіру үшін құрамнан 16 адам, 4 техника жұмылдырылған. Орманшылардан 30 қызметкер және 6 техника өртпен күрескен. Мамандардың сөзіне сүйенсек, жалаңдаған жалынды сөндіру оңай болмаған. Үдегеннің үстіне үдей түскен. Неге десек, біріншіден, от шыққан жерге жету қиын болса, екіншіден желдің күші отты одан сайын ышқынта түсіпті. Абырой болғанда, екпіндей түскен өрт елді мекенге жетпей сөндірілді. Бар күшін салған өрт сөндірушілер, орманшылар 17 сағат, 25 минутта өртті ауыздықтай алған. Ертесі есеп жүргізген мамандар 45 гектар жерді отқа оранғанын анықтады. Аз жер емес. Өрттің шығу себеп-салдарын анықтау арнайы мамандардың міндеті.
Зайсан ауданындағы алапат өрт сөндірілгені сол еді, тілсіз жау Алтай ауданының таулы аумақтарын шарпыды. Мұндағы өртті сөндіруге «Зырян орман шаруашылығы» КММ, «Быков» орманшылығы аумағындағы орманшылар, ТЖД өрт сөндірушілері, жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылды. Алдын ала болжам бойынша өрт алаңы 367 гектарға жайылған. Оның ішінде 167 гектар ормансыз аймақ болса, 200 гектар ауылдық округтің жерлері.
«Қазавиаорманқорғау» АН-2 ұшағы әуеден де барлап көріп, елді мекендерге қауіптің жоқтығын анықтады. Ең жақын ауыл өртке оранған жерден 25 шақырым екен. Бірақ мұндайда арқаны кеңге салуға болмайды. Жел күшейсе, 25 шақырымды әп-сәтте өртең далаға айналдырады.
Бой бермеген өртті сөндіру үшін «Қазавиаорманқорғау» ММ-нен 340-тан астам адам мен 25 техника жұмылдырылды. Қосымша суағар құрылғысы бар ШҚО АП МИ-8 тікұшағы іске қосылды. Қазіргі таңда облыстың ТЖД-де және өрт орнында жедел штабтар жұмыс істейді. Жағдай бақылауда. Өрт толық ауыздықтала қойған жоқ. Бәрінен де жайқалған орманға, құлпырған табиғатқа обал. Өрттен жердің жақын он жылдықта қалпына келмейтіні және бар. Сол үшін де орманды жерге барғанда жаққан отты әбден сөндіріп жүрген абзал. Бір тал сіріңке мыңдаған гектар орманды отқа орамасына кім кепіл?! Сондықтан аса абай болу керек.
Шығыс Қазақстан облысы