Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2022

Шымкент ұстаздары республика бойынша алда келеді

359 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші шақыры­лымдағы Парламенттің үшінші сес­сиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдаған болатын.

Шымкент ұстаздары республика бойынша алда келеді

Президент басты құжатта еліміздің әлеуметтік-экономикалық және сая­си-құқықтық дамуы тұрғысында мем­лекеттің келешек бағытын белгілеп, бағ­дарын айқындап берді. Соның ішін­де мақаламыздың негізгі қозғайтын тақы­рыбы болған білім саласына да айрықша тоқталды. Ол жөнінде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек.

Алайда бізде екіден алты жасқа де­йін­гі балалардың жартысынан көбі балабақ­ша­ға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақ­­ша­­­мен қамтамасыз ету мәселесін түпкі­лікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілер­дің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жа­ла­қысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүк­темесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласы­ның дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттес­тациялау қажет. Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың ­заманауи мектепте оқуына жағдай ­жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мек­тептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндет­тің ­бірі болуы керек. Жемқорлар соттал­ған­да, олардың заңсыз тапқан қаржысы мем­лекетке өтіп, түгелдей мектеп құ­ры­лысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек», деп тұжырым жаса­ған еді.

Ендеше бұл салада Шымкент қала­сында қандай жұмыстар атқарылуда? Жолдауда айтылғандай, сапалық көрсет­кіштерге қол жеткізудегі нәтижелер қан­дай? Осы сауалдарға жауап алу үшін мегаполистің білім саласы мамандарымен тілдесе отырып саралап, шама-шарқынша тереңіне бойлап көрдік.

Ресми дерек бойынша, бүгінде ұстаз­дар жалақысы 75 пайызға өсіп отыр. 2023 жылы тағы 25 пайызға өседі. Нәтиже­сін­де, 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге артады. Білім саласына бөлініп жатқан қаражатқа келсек, жыл сайын мемлекет жалпы қаржыны ұлғайтып жатыр. Мысалы, салыстырмалы түрде айтар болсақ, осыдан төрт жыл бұрын Шымкент қаласының бюджеті 146 млрд теңге болатын. Бұл қаражат Шымкент­тің жалпы әлеуметтік саласын, соның ішінде білімді де қамтитын еді. Міне, содан бері 4 жыл уақыт өтті. Бүгінде тек қана білім саласына 176 млрд теңге қаражат бөлініп отыр.

Үш жыл бойы жергілікті әкімдік тек мектептер салумен емес, білімнің са­па­сын көтерумен, материалдық-тех­­ни­калық жарақтандыру мәселесін жақ­сар­тумен айрықша айналысып жатыр. Әсіресе мектептердің көпшілігінде жа­ңар­тылған және интерактивті кабинеттер жасақталды. Соның нәтижесінде бұл бойынша көрсеткіш 32 пайыздан 72 пайызға ұлғайды. Осылайша, аз уақыт ішінде бұл бағытта қыруар жұмыс атқа­рылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін елімізде мың мектеп салынуға тиіс. Соның ішінде 101 мектеп Шымкент қаласында бой көтеруі қажет. Соңғы екі жылда мегаполисте 51 білім ошағы салынды. Тапсырма 50 пайызға орындалды. Ендігі жерде қала билігі қалған мектепті 2025 жылға дейін салып бітіруді жоспарлап отыр. Бүгінге дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 15 үш ауысымды мектептің 10-ы қысқарып, тек бесеуі қалды. 2023 жылғы мақсат пен міндеттемелерге сәйкес үш ауысымды мектеп мәселесі Шымкентте толығымен шешіліп, ал екі ауысымдық мектептер бір ауысымға ауыстырылады. Осы бағытта әкімдік тарапынан үлкен жоспарлар құрылуда.

Бүгінгі таңда Шымкентте 221 білім ошағы болса, соның ішінде бір ауысымда білім беретіні – 41 мектеп. Биылдан бастап мектептер 5 күндік оқу жүйесіне көшсе, тек үш ауысымды мектептердегі оқушылар ғана 6 күн бойы оқитын болады.

п

Былтыр Қазан қаласында болған оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы мектептерде қауіпсіздікті күшейту бойынша тапсырма берген болатын. Осыған сәйкес Шымкент қаласында мектептер жүз пайыз бейнебақылаумен, турникеттермен қамтамасыз етілді. Ал арнайы дабыл нүктесі жергілікті полиция департаментіне тікелей қосылды. Бұған қосымша әр білім ошағына мамандандырылған күзет мекемесінің қызметкерлері кезекшілікке қойылды. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасып, әрбір ашылған мектепке осы қауіпсіздік стандарттары енгізіледі.

Мемлекет басшысының Жарлы­ғы­мен 2022 жыл Балалар жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай Шымкентте бастауыш сынып оқу­шыларына бір реттік ыстық тамақ беру үрдісі басталып кетті. Бұл ауқымды бас­тама 1-4 сынып аралығында оқитын 103 мың баланы қамтиды. Бұдан бөлек Шымкентте жаңадан бірнеше білім ошақтары, балалар ойнайтын спорт алаңшалары, саз мектебі салынды. Ең бастысы, өткен жылы мегаполисте апатты мектептер мәселесі толықтай шешілді. Спорт алаңшаларының да мәселесі 100 пайызға жуық шешімін тапты. Ендігі жерде ескірген бірен-саран спорт алаңшаларын қалпына келтіру жұмыстары ғана қалып отыр.

Білім саласында Шымкенттің мақ­та­нарлық тұсы жетерлік. Айтар бол­сақ, оқушылар республикалық және халық­ара­лық деңгейдегі пәндік сайыстардан 10 алтын, 17 күміс, 33 қола медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек екі жүзден астам оқу­шы жүлделі орындарды иеленді. Бұл әл­бет­те, бірінші кезекте ұстаздардың ең­бегі болса, екіншіден, оқушылардың да білім­ге деген талпынысы мен ізденісінің ар­қасы. Білім басқармасы ендігі ретте бұл дең­гейден түспеуге, керісінше алдағы межені бұдан екі есеге көтеруге бекініп отыр.

Сонымен бірге қалада мектепке дейінгі бала тәрбиесі мен ерекше қам­қорлықты қажет ететін балаларды қол­дау, қосымша білім беру, салалық оқу орталықтарының жұмысын жандандыру және инклюзивті білім беру кабинеттерін ашу бойынша қыруар жұмыс атқарылуда. Былтыр осындай 4 кабинет ашылса, биыл тағы біреуі пайдалануға берілмек. Сондықтан дені сау жас буынға білім берумен қатар дамуында ерекшеліктері бар балалардың да оқу сапасына мән беріліп, мүгедектігі бар балаларды білім нәрімен сусындатуға үлкен көңіл бөлінетін болады. Бір сөзбен айтқанда, инклюзивті білім беруді мегаполистің тиісті сала басшылығы айрықша назарына алады.

Осы ретте Шымкент қаласының әкімдігі аталған мәеленің түйінін тар­қатуда мемлекетпен қатар кәсіпкерлердің де атсалысқаны абзал деп санайды. Қоғамда пайдалы игі бастаманы іске асыруда іскер азаматтар бүгін шет қалмауға тиіс. Биыл 50 мыңнан астам оқушыға мемлекет есебінен оқу құралдарын, мектеп формасын сатып алуға қаржы­лай көмек берілді. Әсіресе оған атаулы әлеуметтік көмек алатын және көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан оқушы­лар көбірек қамтылды. Бұған қосымша 12 мыңнан астам оқушыға Қазақстан халқына қорынан және 4 мыңдай балаға қаланың жомарт кәсіпкерлерінен тиісті жәрдем көрсетілді.

Қаладағы 38 колледж студенттерін жұмысқа тарту және қажетті іс-тәжіри­бе жниақтауға көмек беру үшін 117 кәсіпорынмен арнайы келісімге қол қойылды. Соның ішінде 15 колледж дуалды оқыту жүйесіне көшті. Биыл кәсіптік білім алуға мемлекеттік тапсырыс негізінде 11 704 орын бөлінді. Мем­лекеттік тапсырыстың яғни гранттың 87 пайызы техникалық қызмет көрсету салаларының үлесіне тиіп отыр.

Білімді ұлт сапалы білім беру ұлттық жобасын нәтижелі түрде іске асыру мақсатында қалада бұдан басқа да көптеген игі іс атқарылуда. Ұлттық жоба аясында қолға алынатын міндеттемелер мен мақсаттарға тоқталсақ, балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен сапалы біліммен қамту үлесін 76 пайыздан 90 пайызға жеткізу, балаларды қосымша біліммен қамту көрсеткішін 77 пайыздан асыру, жаңа модификацияланған кабинеттер санын 72-ден 80 пайызға шығару, даму мүмкіндігі шектелген балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау және ерте түзетумен қамту үлесін 50-ден 65 пайызға дейін ұлғайту, жастарды колледждерде тегін оқытуды 80 пайызға арттыру, оқу үдерісіне WorldSkills бағалау жүйесін енгізген колледждерді 40-тан 60 пайызға асыру көзделуде.

Шымкент қалалық білім басқар­ма­сының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, биылғы оқу жылында 386 300 оқушы және балабақшаларда 78 300 балдырған білім мен тәрбиенің көкжиегін кеңейтпек. Білім беру саласына қатысты 862 мекемеден 577 балабақшаны, 263 жалпы білім беретін мектепті, 38 кәсіптік және техникалық колледжді, 12 мектептен тыс білім беру ұйымын бөліп қарастыруға болады. Биыл аталған білім мекемелері жаңа оқу жылына тас түйін дайындықпен келіп отыр. Соның ішінде мектепке дейінгі білім беруде бірнеше индикаторлық көрсеткіш белгіленген. Осыған сәйкес 2-6 жасты қамтитын межені биыл 89,1 пайызбен орындап отырмыз. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 13,8 пайызға артығымен орындалған. Ал 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту үлесі жекеменшік балабақшалар есебінен жүз пайызға жетті. Ендігі ретте мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының сапасын арттыру басты талапқа айналды. Осыған байланысты қалалық білім беру басқармасының жанынан алдағы уақытта арнайы дамыту орталығы ашылмақ. Орталық тарапынан мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысы жеке-жеке сараланып, жүйеленетін болады. Сонымен қатар педагогтердің біліктілігін арттыру, білімді ұстаздар дәрежесін одан сайын жоғарылату басқарма алдында тұрған басты міндеттердің бірі.

Бұған дейін балабақшаларда баста­уыш сынып мамандары білім берсе, ен­ді­гі талап бойынша мектепке дейінгі білім беру мамандығы негізінде оқытыл­ған мамандар ғана бала тәрбиелейді.

Басқарма тарапынан «Әжемнің ер­тегісі» жобасы қолға алынып, жер­гілікті телеарналарда көрсетілді. Балалар бағдарламаны тамашалап қана қоймай, тікелей эфир арқылы байланыс жасауға мүмкіндік алды.

Жас басына қаржыландыру бағдар­ламасы бойынша 2022 жылы тиісті қаражат толық қаралды. Бүгінгі таң­да балабақшалардың 32 пайызы мате­риалдық-техникалық тұрғыдан толы­ғымен жарақталды. Жоспарға сәйкес бұл межені 2025 жылға қарай 100 пайыз­ға жеткізу мақсаты тұр. Сонымен бірге 56 балабақшаның жанындағы ойын алаңшаларын жаңарту бойынша талаптарды орындау биылғы оқу жылынан бастап қолға алынбақ. Балалар­дың тамақтану режімін бақылау мақсатын­да электронды жүйе іске қосылды. Одан бөлек қаржылық процестердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін мектепке дейінгі ұйымдарда арнайы модуль енгізіліп отыр.

Орта білімге тоқталсақ, бүгінгі таңда басқарма тарапынан алынған мәліметке сәйкес мегаполистің білім сапасы 56,2 пайызға жетті. Әрине, әкімдік бұл межені алдағы уақытта әрі қарай да көтеру жолында жұмысты жандандыратын болады. Осыған сәйкес басқарма жанынан ерекше білімге қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығы ашылады.

Ерекше атап өтерлігі, білім саласында биыл білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылдау мен мектеп директорларын ротациялау жұмыстары жүйелі атқарылды. Жоспар бойынша 116 мектеп директорын басқа білім ұйымдарына басшылық жасауға ауыстыру көзделсе, бүгінде 110 директор ротацияланып үлгерді. Еңбек демалысына байланысты қалған 6 басшының директорлық қызметін басқа мектепте жалғастыру жөніндегі іс алдағы уақытта толық жүзеге асырылады. Сондай-ақ қала мектептерінде мұғалімдерді жұмысқа қабылдау ісі толығымен цифрландырылды. Оның ішінде 1 198 педагог өткен жылдың оқу жылында жұмысқа алынса, олардың 585-і үздік дипломмен, 515-і магистрмен, 32-сі шетелдерде білім алған сапалы кадр ретінде іріктеліп жұмысқа қабылданды. Білім сапасын көтеру мақсатында кадр ­саясатын іске асыру арқылы басқарма үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Алдағы жоспар бойынша мектептегі ұстаздар ұжымын жас мамандармен толық­тыру, жаңа оқу жылындағы межеге сай 250 жас маманды жұмысқа тарту жоспары тұр.

Бұдан бөлек ағартушылық салада сыбайлас жемқорлықты болдырмау және алдын алу бағытында арнайы жоспарлар құрылды. Осының негізінде басқарма тарапынан бүгінге дейін біршама жұмыс атқарылды. Мәселен, білім саласындағы адам факторын азайту жолында 32 қыз­меттің 30-ы электронды форматқа көш­ті. Айталық, бірінші басшыларды, педа­гог­терді жұмысқа қабылдау ісі автоматтандырылды. Мұғалімдерді аттес­таттау ісі де биыл толығымен цифр­лан­дырылды. Яғни біліктілігін арттырамын, санатын көтеремін деген ұстаз арнайы электронды форматта құжатта­рын өткізеді. Сол бойынша алдағы уақыт­та санаттары белгіленеді. Мекеме басшыларын сайлау ісінде де қоғам белсенділерінен, ар­да­гер ұстаздардан, заң органы қыз­мет­керлерінен және қарапайым мұғалім­дерден құралған арнайы жұмыс тобы, яғни комиссия ашық түрде белсенді жұмыс атқарады. Мұнымен қоса мектеп директорларының жұмыс кабинеттері бүтіндей бірінші қабатқа ауыстырылды. Арнайы «опен спейс» қабылдау бөлмесі де мектептің бірінші қабатынан ашылды.

Білім олимпиадаларын да автоматты жүйеде жүргізу қолға алынды. Бұдан басқа педагогтерге қажетті кеңсе тауарларына, білім беру ұйымдарының өзге де шаруашылық заттарына, күрделі емес жөндеу жұмыстарына биыл екінші жыл қатарынан жергілікті әкімдіктің нұсқауымен тиісті қаржылар бөлініп келеді. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін әр апта сайын қаланың бас педагогі Жанат Тәжиева жергілікті телеарналарда тікелей эфирге шығып, халықтың көкейінде жүрген сауалдарына жауап береді. Осы орайда басқарма тарапынан қабылданған шаралар арқылы мектеп директорларының құзыреттілігін арт­тыру, ұстаз мамандығына қызығушылық­ты өсіру және үздік мұғалімдер арасында мансаптық өсуді жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар биыл оқу жылының басты жаңалығы мен негізгі міндетіне айналып отыр. Сонымен бірге мектепке дейінгі оқытудың да жаңа моделі қалыптасты. Білімді ұлт сапалы білім беру ұлттық жобасы аясында басқарма алдында 14 индикаторды іске асыру бойынша талаптар қойылып отыр.

– «Адамның көңілі шын мейір­лен­се, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» деген екен хакім Абай. Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды. Сондықтан оқушылардың білімге деген ынта-ықыласын оятып, шабыт­тан­дырып, білімнің жаңа белестерін бағындыру жолында талмай еңбек ете береміз. Бұл – ұстаздардың мойнына артылған міндет. Мемлекет саналы ұрпақ тәрбиелеп, білім сапасын көтеру жолында үлкен жұмыс атқарып жатыр. Соның нәтижесінде білім саласына қолдау күшейді. Педагогтердің мәртебесі көтеріліп, ұстазға деген құр­мет пен бұл мамандыққа қызығу­шы­лық қоғам ішінде әсіресе, өскелең ұр­пақ арасында өсе түсті. Ендігі мақсат – мемлекет сенімін ақтап, саналы ұрпақ тәрбиесіндегі жұмысты абырой биігінен түспей атқара беру, – деді қаланың бас ұстазы Ж.Тәжиева.

«Күнделік kz» жобасының бас директоры әрі құрылтайшысы Мұхтар Ільясовтың айтуынша, соңғы екі жылда Шымкент қаласы төрт рет «Алтын түймемен» марапатталды. Ол нені біл­діреді? Яғни шымкенттік ұстаздар «Күн­делік kz»-ті сапалы толтырған, күн­тізбелік жоспарларды орындаған, ата-аналармен арадағы қарым-қатынас жоғары деңгейде болған деген сөз. Міне, осы көрсеткіштер бойынша Шым­кент бірнеше жыл қатарынан респуб­ликадағы өңірлер арасында алдыңғы орындардан көрініп келеді. Жоба жетек­шісінің мәлімдеуінше, бұл бірінші кезек­те қарапайым мұғалімдер мен мек­теп директорларының және білім бас­қар­масының еңбегі деп есептейді. Өйт­кені ағартушылық саладағы осындай жү­йелі жұмыстар мен өзара байланыстар бол­мағанда мұндай нәтижелі көрсеткішке қол жеткізе алмаған болар еді.

Айта кету керек, «Күнделік kz» деге­німіз – интернет-платформа. Онымен бүгінгі таңда Қазақстанның бүкіл мектебі жұмыс істейді. Бұрын қағаз түріндегі журнал, күнделік болатын. Барлық есеп қағаз нұсқасында іске асырылатын. Қа­зіргі заман технологиясы бойын­ша мұ­ның барлығы 2016 жылдан бастап элек­тронды форматқа көшкен. Осы цифр­лық алаң арқылы мектеп жұ­мысы қағаз­бастылықтан арылса, екін­ші бір жақ­сылығы, мұғалімдердің жұ­мысы жеңіл­дей түсті. Бұл ата-анаға да, ұстаз­дарға да бірдей ыңғайлы құралға айналды. Себебі ата-ана қай жерде жүрсе де баласының үлгерімін интернет арқылы көре алса, мұғалім үй тапсырмасын тек­серіп, оның нәтижесін электронды жур­налға үйінде отырып-ақ жүктеуге мүм­кіндік алды.

 

ШЫМКЕНТ