Қоғам • 06 Қыркүйек, 2022

Бейнеттің зейнеті жасына емес, әл-ауқат саясатының жақсаруына байланысты болады

924 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Халқымызда «Бейнеттің зейнетін көріңіз» деген көңілге жағымды тіркес бар. Зейнет жасында алаңсыз өмір сүріп, бала-шағасының рахатын көруді армандамайтын жан кемде-кем. Жақында Президент Жолдауында көп уақыттан бері қоғам талқысына түскен зейнет жасына қатысты мәселе шешімін тапты.

Бейнеттің зейнеті жасына емес, әл-ауқат саясатының жақсаруына байланысты болады

Осыған орай зейнетақы жүйесінің тиім­ділігін арттыруға сәйкес жаңа шаралар пакеті ұсынылып, келер жылдан бастап әйелдер зей­неткерлік жасына 61 жастан шығатын болды. Бұл межені алдағы бес жылға дейін асырмау көзделуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі мұндай шешімнің коро­навирус пандемиясының азаматтардың ден­саулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсерін ескере отырып қабылданғанын жет­кізген болатын.

Бұған дейін елімізде әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендету туралы ұсыныс қоғам белсенділері, депутаттар тарапынан көтерілгені белгілі. Оның себебін Сенат депутаты Дана Нұржігіт Қазақстанда орташа өмір сүру жасының 70 жасқа дейін төмендеп кеткенімен және де зейнет жасы туралы заңнамаға сәйкес азаматтар 60-63 жасқа дейін жұмыс істесе, жастардың жұмыссыз қалуымен байланыстырған еді. Ал Президент Жолдауынан кейін әйелдердің зейнет жасын төмендету туралы мәселені көтеріп жүрген депутаттар да, қоғам белсенділері де 61 жасты қанағат тұтты.

БҰҰ деректеріне сүйенетін болсақ, соңғы жылдары дамушы және дамыған елдерде  қоғамның қартаю үдерісі қарқын алып келеді. Деректерге сүйенсек, 2050 жылға қарай елімізде 65 жастан асқан тұрғындардың саны екі есеге дейін ұлғаятын көрінеді. Сарапшылар пікірінше, өмір сүру сапасы жоғары елдер қатарында тұрған Дания, Финляндия, Норвегия, Чехия, Германия, Франция сияқты елдерде зейнеткерлерге жақсы жағдай жасалған. Халықаралық ұйым зерттеулерін, әлемдік трендтерді, ішкі ахуалды қаперге ала отырып, зейнеткерлер жасын ұзарту үрдісін жалғастырып отырған елдерде әлеуметтік мәселелерге басымдық берілген.

Осы орайда әлеуметтану ғылымдары­ның докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Мәнсия Садырова Қазақстандағы әйелдердің зейнетке ерте жаста немесе кеш шығуының өзіндік себеп-салдары бар екенін алға тартты. Егер зейнетке 61 жаста шығатын болса, сәйкесінше зейнетақы қорында қомақты қаражат жинақталады. Сонымен бірге әйел мамандардың жеке ұстанымы, денсаулығы тұрғысынан қарағанда да 61 жасқа дейін жұмыс істеу қоғамға да, отбасына да, жеке бастың саулығына да пайдасы зор. Десек те бұл шешіммен келіспейтін қауым бар. Мұндай жағдайда әйелдердің құқығын қаперге алу қажет. Егер білікті маман болса, жұмыс істеуге мүмкіндік берген жөн. Сондай-ақ зейнетке ерте шыққан әйелдердің көп жағдайда еңбек әлеуеті толығымен пайдаланылмай қалады. Тіптен жұмыс істеп, белсенді өмір салтына үйренген әйел азаматтар зейнет жасына ерте шыққанда өзін қоғамнан сырт қалғандай нашар сезінуі мүмкін. Бұл үшін дифференциалды қадамдар қажет. Мәнсия Сапарғалиқызы зейнетақы реформасы аясында халықтың, оның ішінде әйелдердің көңіл күйін зерттеу жұмыстарын күшейтудің өзекті екенін айтады. Осындай жүйелі зерттеулер барысында әртүрлі топтардың жағдайы, қызығушылықтары, көңіл күйі, пікірі қатаң ескерілуі қажет. 

Әйелдердің зейнетке 61 жаста шығу межесінің белгіленуін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы­ның іске асқаны екенін атап өтті әлеумет­тану ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі Ләззат Нұрқатова. Бұл мәселенің әлеумет­тік астары бар, дейді ол. Яғни, сая­си тұрғыдан қарастырғанда, әлеумет­тік мәселелер кейінге шегеріле береді. Сарапшының айтуынша, әлемдік трендтерді басшылыққа алатын болсақ, таяу жылдарда жас ұзақтығы  елімізде – 80, ал Еуропа елдерінде 100 жас­тан асуы мүмкін. Мысалы, Скандинавия елдерінде зейнеткерлік жас – 68. Мұны еңбек жағдайының жақсаруымен бай­ланыстырған сарапшы әр елде зейнетке шығу жасын ұзартудың өзіндік себептерінің бар екенін ескерген абзал, дейді. Мысалы, Ұлыбританияда әлеуметтік қызметтерге жастар бара бермейді. Себебі мамандар дайындалмайды, ал білікті мамандар, ересектер зейнетке кететін уақыт таяған. Сондықтан осы сабақтастықты сақтап қалу үшін Ұлыбританияда зейнет жасын ұлғайта отырып, көп жағдайда әйелдер атқаратындықтан геронтологиялық орталықтар, қарттар үйі сияқты әлеу­мет­тік орталарда қызмет ететін әлеу­меттік қызметкерлердің мәртебесін арттыру жағына көп көңіл бөле бастады.

Ал елдегі жағдайды назарға алатын болсақ, қалалық әйелдердің өмір сүру сапасымен ауыл әйелдерінің жағдайын салыстыруға келмейді. Сонымен бірге бір отбасын жалғыз өзі асырап отырған әйелдер үшін тиімсіз, ал ересек балалары қамқорлық жасап отырған әйелдер үшін қолайлы. Сондықтан бұл жағдайдың бүтіндей отбасылық идеологиямен байланысты екенін ескерген жөн. Мысалы, елімізде Конституцияға сәйкес ересек адамдарға балалары қам­қорлық жасауы қажет. Ал Қытайда ата-анасына хабарлас­паса, жұмысында айыппұл салынады. Түркияда әйелдер үй жұмысында, ал еңбек нарығында ер азаматтар белсенді. Соның өзінде әлемнің озық отыз елінің қатарында келеді.

«Сондықтан мәселе жас мөлшерінде емес, еңбек жағдайы, өмір сүру сапасының жақсаруына байланысты. Осы орайда ересектер қоғамның инклюзивті мүшесі екендігін де ескерге жөн», деп атап өтті сарапшы. Асыраушысынан айырылған, мүгедектігі бар, тағы да басқа себептерге байланысты әйелдер осы жаста жұмыс істеуге мәжбүр болып отырғанын да тілге тиек етті ғалым.

«Бір кездері жұмыссыздық мәселесін азайту үшін немерелерін баққан әжелерге ақы төлеу мәселесі көтерілген болатын. Бұл біздің ата-әже институтына, ұлттық менталитетімізге келмейтінін айтқан болатынмын. Ондай жағдайда әжесі немересіне туысы, жақыны емес, табыс көзі ретінде қарайтын болады. Бұл туыстық қатынастарымыздың бұзылуына апарып соқтыратын келеңсіз жағдай. Мұның астарында сонымен қатар әлеуметтік қайшылықтар жатыр. Оның салдары бірқатар шетелде көрініс беріп келеді. Ал адамның жасы ұлғайған сайын сырқаты да сыр бере бастайды. Бұл мезгілде оған күтім керек. Оның мемлекетке де салмақ болатыны анық. Сондықтан белсенді өмір жасының ұзақтығын, ересектерге арналған әлеуметтік қызметтерді дамытуды қолдай отырып, жоғарыдағы мәселелерге назар аудару қажет», дейді Ләззат Төлегенқызы.

Осы орайда мамандар бейнеттің зейнеті жас мөлшеріне емес, әл-ауқат саясаты­ның жақсаруына байланыс­ты екенін назар­ға алып отыр. Сарап­шы­лардың пікірі­не сүйенсек, әлем ел­дері тәжірибесін қарас­тыр­­ғанда, мінсіз зей­нетақы жүйесі жоқ. Ал зей­нет жасын арттыру шараларын қарасты­рып отырған елдерде өмір сапасын жақ­сарту шаралары тиімді жүзеге асып келеді.

 

АЛМАТЫ