Қостанай облысының 36 ауылына жүргізілген мониторинг не көрсетті?
«Көк түтінін шұбатып, желек созған ауылым. Ай көрмесем құмартып, жүрек қозған ауылым». Атақты композитор Теміржан Базарбаевтың осы әнін үлкен-кіші сүйіп айтар еді. Әнді айтып отырып, әркімнің ауылға деген сағынышы арта түскендей болатын. Ауылдың әдемі көркі, халықтың ғасырлар бойы тұмардай сақтап келе жатқан дәстүр-салтының салтанаты көз алдыңа келер еді. Ата мен әженің, аға мен інінің, келін мен жеңгенің, нағашы мен жиеннің бейнесін ауыл қалыптастырғандай емес пе еді. Әннің құдіреті ауылды алақанға салғандай аялап, әлдилейтін. Қанша ғайбаттағанымызбен Кеңес Одағы жылдары ауыл-село дәуірлеген-ақ екен. Өткен ғасырдың 70-80-жылдарындағы ауылдың әлеуметтік бейнесін қазір аға ұрпақ өкілдері ғана аңыз етіп айтып береді. – Науырзым ауданының қиыр шетіндегі Бүйректалда халық театрын құрдық. Ауыл жастары қойған Дулат Исабековтың «Әпке» спектаклін де клубқа жиналған бүкіл ауылдастар жылап отырып көретін. Өйткені, басты рөлді ойнаған қарындасымыздың тағдыры да, оның інісін ойнаған жігіттердің өмірі де тура спектакльдегідей болатын. Дулат ағамыз сол шығармасын тура біздің ауылдан жазған секілді. Бар қызық ауылда-тын. Өзім де, жолдасым да университет бітіріп, ауылға келгенбіз, – деп еске алады бүгінде еңбек ардагері Жұмағали Қасымов ағамыз. Иә, жастар жоғары білім алған соң, туған ауылына түрлі маман болып оралатын. Қостанай облысының ауыл-селоларының көпшілігінде үйлер орталықтан жылытылатын. Ауыл әйелдері қолы күйелеш болып от жақпайтын. Қазір көгілдір отын кіргізген мұндай елді мекендер некен-саяқ, саусақпен санарлық. Әр шаруашылық бөлімшелерінің өзі үлкен бір елді мекен болатын. Міне, солардың көбінің қазір жұрты қалған. Соңғы он жылда 168 ауыл облыс картасынан сызылып тасталды. Ауылды қалай сақтап қалуға болады? Бұл мәселе көптің ойында, күн тәртібінен түскен жоқ. Өйткені, бүгінде көшті тоқтады деп айтуға болмайды. Көш тоқтаса картадан ауылдар да жоғалмас еді. «Қазір ауылда соғымға шақыратын кемпір-шалдың өзі сиреп кетті. Олардың барлығы қыста қаладағы балаларының екі бөлме үйіне барып қыстайды», деп налиды шаруашылық басқарып отырған бір ағамыз. Бұл ауылдың әлеуметтік мәселесінің мәз еместігінен хабар береді. Өткен жылы облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовтың бастамасымен жұмыс тобы құрылып, қазанның 31-і мен желтоқсанның 11-іне дейін ауылдық жерлерде мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жөнінде мониторинг жариялады. Оған аудандардың басым көпшілігі қамтылып, ортадан жоғары даму мүмкіндігі бар 10 селолық округ таңдалып алынды. Осы 10 округ құрамындағы 36 елді мекенде 21 мың адам тұрады. Жұмыс тобы нысанаға алынған елді мекендерде болып, атқарылған іс пен кезегін күткен проблемалардың барлығын бүге-шігесіне дейін саралап берді. 36 елді мекен тұрғындарының саны да бірдей емес. Мысалы, шалғайда жатқан Науырзым ауданындағы Ақбұлақ ауылында небәрі 18 жан ғана қалса, облыс орталығынан қырық шақырым жерде орналасқан Владимиров селосында 2649 адам тұрады. Алыстағы ауылдарда тұрғындар саны азайып, жақын ауылдарда одан сайын көбейе түскен. Ауылдың азаюына қарап, онда ешқандай жұмыс жүрмейді деген ой тумаса керек. Әлеуметтік көркейту жұмыстары жүргізіліп-ақ отыр. Соңғы бес жылда облыста бұл мақсатқа 63 миллиард теңге жұмсалған. Ауылға арнап бөлінген қаржының көлемі де жыл өткен сайын қомақты бола түсті. Мысалы, 2009 жылы 9,4 миллиард теңге бөлінсе, оның көлемі былтыр 17,8 миллиардқа бір-ақ көтерілді. Ал биыл бұл 20 миллиард теңгеден асады. Жұмсалған қаржының көлемі аз емес, шелектеп төккендей. Ауыл ауыл болуы үшін оған тірліктің тырнағы ілінер жағдай керек. Тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі осы орайда алдына қара салмасы анық. Мониторинг жүргізілген 36 елді мекенде 30 ірі шаруашылық бар. Алайда, олар тұрғындардың барлығына бірдей жұмыс беруге дәрменсіз. Облыс әкімінің аппарат жетекшісі Арман Әбеновтің айтуынша, Сарыкөл ауданындағы «Злотоуст» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Злотоуст селолық округіндегі тұрғындарды, Арқалық ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы Ашутасты селосын тұтастай 95-100 пайызға дейін жұмыспен қамтиды. Бірақ бұл мыңнан бір мысал. «Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар», деген ғой. Екі қолға бір күрек табылып тұрса, ауылдың көші тоқтар еді. – Ауылдың демографиялық жағдайы ішкі және сыртқы көштің салдарынан көтерілмей отыр. Қалаға қарай қоныс аудару үдерісі жалғасып жатыр, бірақ бұрынғыдай үдере көшу емес, әрине, – дейді Арман Әбенов. Ауызсуға жарымаған ауылдың қонысы қалай құтты болмақ? Мониторинг жүргізілген елді мекендердің 75 пайызы суды құдықтан ішеді. Орталықтандырылған құбырдан келетін су әзірге бес ауылға ғана бұйырып тұр. Ал облыс бойынша барлығы 610 ауылдық елді мекендердің тек 156-сына ғана ауызсу су құбырлары арқылы жеткізіледі. 54 елді мекендегі тұрғындар суды тасып ішеді. Мамандардың айтуына қарағанда, «Ақ бұлақ» бағдарламасы жарылқаса, барлық ауылдың 80 пайызына ауызсу құбыры жүргізілетін болады. Осы бағдарламаны жүзеге асыруға өткен жылы ғана 5,6 миллиард теңге жұмсалған. 215, 7 шақырым су құбырлары, 16,7 шақырым суды бұру желілері салынған. Осынша жұмысты атқарғанда Ұзынкөл, Қостанай және Жангелдин аудандарында бірнеше ауыл ғана ауызсулы болды. Қаржыны шелектеп төгіп, ауызсуды қасықтап ішуге ауылдар арасының тым алыс орналасқаны басты себеп екені тағы аян. Ауылдық елді мекендерге жасалған мониторинг жердің шалғайлығына байланысты Науырзым, Жангелдин, жалпы, Торғай өңіріндегі ауылдарға жанар-жағармайдың дұрыс жеткізілмеуі, сондағы әлеуметтік тұрмыстың төмендеуіне себеп болатынын көрсетті. «Әулиекөл – Амангелді», «Әулиекөл – Арқалық» тас жолдарының бойында жанар-жағармай құю стансалары жоқ, ол жерде жолаушылар тыныстап алатын шайхана секілді орындар да жұмыс істемейді. Жол азабы орталықтан алыстағы елді зарықтыратыны белгілі жай. Елбасы бағыттап отырған шағын және орта бизнес өркен жайса, ауыл да гүлденері хақ. Жол дұрыс болмай, оның үстіне жанар-жағармай тапшылығын көрген шалғай елді мекендерде қандай бизнес өркен жаяды? Назарға алған 10 селолық округте «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында адамдарды жұмысқа орналастыру жұмыстары жүргізілген. 14 адам мал шаруашылығы, бақша өсіру, жолаушылар тасымалымен айналысу үшін шағын несие де алған. Дегенмен, адамдардың бағдарламадан хабарсыз болуы, кепілге қоятын жылжымайтын мүлкінің болмауы, нарықтағы бағаның төмендігі, ауыл адамдарын әлеуметтік жұмыстарға тартудағы ауылдық кәсіпорындардың селқостығы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының баяу жылжуына себеп болып отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының мақсаты да өңірлік кәсіпкерлікті дамыту болып табылады. Облыстағы барлық аудандарда 53 жоба ғана жүзеге асырылуда. Науырзым ауданында бұл бағдардама бойынша кәсіпкерлер бірде-бір жобаны қолға алған емес. Ал мониторинг өткен 10 селолық округтің 4-інде ғана кәсіпкерлер бизнес ашқан. Негізінен кәсіпкерлер ісі аудан орталықтарында орналасады. Ауылдар жұмыс орны болатын іс сирек қолға алынады. Жұмыс тобы болған елді мекендердің барлығында дерлік ауыл адамдары үшін мал жайылымының өзектілігі байқалған. Бұл айта-айта жауыр болған тақырып. Мал ұрлығы, егінді арам шөптен арылтудың агротехникалық шаралары ережелерінің бұзылуынан ауыл айналасындағы шөп пен жас ағаштардың уланып, қурап қалуы ауыл үшін зор шығын. Осы кезге дейін аудандардағы ветеринарлық стансалардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін аз жұмыс жүргізілген жоқ. Бірақ ауылдағы малды қолдан ұрықтандыру жұмысы өткен жылы қолға алынбаған. Қысыр сиырдың шаш етектен шығын екенін ауылдағы шаруа біледі. Міне, 10 селолық округ бойынша жасалған мониторинг ауылдың осындай көптеген проблемаларын жайып салды. Мүмкін айтылмағаны қанша?.. Бірақ осы өзекті мәселелердің шешімін табар нақты жауап есту қиын. Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов ауылдардың орталық учаскелерін сақтап, ықшамдап, газдандыру мәселесін көтеріп жүр. Көптеген шаруашылық ұйымдастырушылар хал-қадерінше ауылды сақтауға, көркейтуге атсалысады. Облыста О.Даниленко, Б.Князев, Қ.Омаров, Ө.Ихтиляпов секілді кәсіпкерлер қатары ауылдарды тұтас сақтап қалып, тіршілігін тербетіп отыр. Ауыл үшін ең керегі жұмыс па? Жетеді. Ауызсу ма? Шолақсайдағы әр үйдің ауласында заңғыраған құдық бар, суы бұлақтың суындай тұщы. Кеңшардан қалған үйлердің тозығы жеткен жоқ, барлығы дерлік кірпіштен салынған. Мектеп, балабақша ол да тұр. Ауыл ұлы жолдың бойында орналасқан. Бірақ мектептегі бала саны жыл сайын азайып барады. Ол жерден жұмысы жоқ тұрғындар емес, жұмысы бар, бақуатты тұратындар қалаға көшетін болды, – деп налиды 90-жылдары «Шолақсай» шаруашылығын сақтап қалған еңбек ардагері Өмірзақ Ихтиляпов. Ауылда жұрт арқа, үлгі тұтатын, еліктейтін кәсіпкерлердің, әкімдердің қалада пәтері, үйі жоғы кемде-кем. Олар ауылға көктемде барып егінін егіп, күзде жинап алады, малмен айналысатындардың жалдамалы бақташылары бар. Қалған қызығы қалада. Балалары да қалада оқиды. Қазір ауылда қолы қысқа, барар жері жоқтар тұратындай түсінік қалыптасқан сыңай бар. Біз сөзімізді бастаған «Ауылым» әнін қазір сахнадан да, той-томалақтардан да ести қоймаймыз. Неге айтылмайды? Әннің төресі емес пе? Ауылға деген сағыныш жоқ па, сонда?.. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы.Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Кеше