Өнер • 07 Қыркүйек, 2022

Асқақтап арқа күйлері...

435 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Е.Рахмадиев атындағы Мем­лекеттік академиялық филармониясының солис­тері мен «Сарыарқа» фольк­лорлық ансамблі, сон­дай-ақ Ғ.Жұбанова атын­дағы Мемлекеттік ішек­ті аспаптар квартеті Мүгіл­сін Ахметқызының (Аққыз) 125 жылдығы мен Ма­ғауия Хамзиннің 95 жыл­дығына арналған «Күй ғұмыр» мәдени сазды кешін ұсынды. Концерт «Астана Опера» театрының камералық залында өтті.

Асқақтап арқа күйлері...

«Аққыз» деген атпен танымал Мү­гілсін Ахметқызы қазақтың аты аңыз­ға айналған домбырашысы әрі әншісі. Оның «Қосбасар», «Сар­жайлау», «Бестөре» сынды Тәттімбет күйлерін орындауы ерекше. Мүгілсін Ахметқызы «Қайран елім», «Аққыз», «Қосбасар» және басқа да тамаша күй­лерді жалғастырушы ретінде Қазақ­стан композиторларының шығарма­шылығына орасан үлес қосты. Оның шәкірттерінің бірі Мағауия Хамзинді де ел үлкен талант деп таниды.

Кеш сахнасында Аққыз бен Мағауия Хамзиннің – «Қосбасар», «Жетім қыз», «Қайран елім», «Ғарышкерлер вальсі», «Белгісіз солдат», «Жайлау» сынды шы­ғармалары орындалды. Ғ.Жұ­ба­нова атындағы Мемлекеттік ішек­ті аспаптар квартеті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мың­­­таевтың жетекшілігімен өнер көр­сетті. Филармония күйшілері Арман Жайымов пен Қуат Шілдебаевтың заманауи интерпретациясында Тәттімбет пен Төлеген Момбековтің күйлерін орындады.

«Сарыарқа» ансамблінің көркемдік жетекшісі Тоғжан Жахин сазды кешті тарқата келе дәстүрлі музыканың тарихына тоқталды.

«Екі биік тұлғаны бір концертте біріктіргеніміз бекер емес. Өйткені Аққыз Мағауия Хамзиннің тәлімгері. Екеуі де  Арқа  орындаушылық домбыра мектебінің мұрагерлері, шертпе дәстүрін жалғастырушылар. Екі күйші де репертуарын өздері шығар­­ған күйлермен толтырды. Концертте «Сарыарқа» ансам­блінің орындауында Аққыз бен Мағауия Хамзиннің күйлері мен шертпе дәстүрінің жарқын солистері – Жанғали Жүзбаев, Қайрат Айтбаев, Марат Нөкеев, Ерболат Сапуанов, Амангелді Сәдуов, Рүстем Нүркенов өнер көрсетті. Сондай-ақ кеште арнайы шақырылған қонақтар – Аққыздың шәкірті Қалкен Қасымов пен күйші, Аққыз күйлерін орындаушы Болат Тәкішев болды», дейді ол. Сондай-ақ оның айтуынша, ХХ ғасыр қазақ күйлері үшін қиын кезең болды. Арқаның көптеген өнерпазы қуғын-сүргін, ашаршылық, соғыс өртінде қырылды.

«Сембек, Тәттімбет секілді күйші­лер кетіп қалды. Сондықтан Аққыз Арқа күйлерінің мұрагері болып қала­ды. Дина шешеміз Құрманғазының күйлерін жеткізген болса, Аққыз Тәт­тімбеттің мектебін жеткізді. Ал Маға­уия Хамзинмен біріктірген себебіміз, Мағауия Аққыздың шәкірті, содан ке­йін ол өзінің орындаушылық стилін қалыптастырушы. Бұрынғы күйшілер нотамен емес, құйма құлақ арқылы үйренген еді. Сол кезде құйма құлақ күй ойнаған кезде, 100 % орындау мүмкін емес, 70% орындай алады. Сондықтан өзінің табиғатымен, саусақтарының ерекшелігімен өзіндік бір стиль қалыптастырады. Тарихтан білеміз, Құрманғазының стилін Дина жалғастырса, Динаның өзінің бөлек мектебі бар. Сол секілді, Аққыз да өз мектебін қалыптастырды», деп атап өтті Т.Жахин.