Орталық стадионда «Қайрат» «Тобылды» қабылдады. Бірінші таймда Игорь Сергеев пен Айбар Жақсылықов екі гол соғып, қостанайлықтарды алға шығарды. Үзілістен кейін Артур Шушеначев есеп айырмашылығын қысқартқан кезде алматылық жанкүйерлер, ең болмағанда, тең нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлады. Бірақ Сергееев тағы бір рет мергендік танытты. Бәсекенің соңында Гүлжігіт Алықұлов 11 метрлік нүктеден нысананы дәл көздеді. Есеп – 2:3. Көш басындағы «Ақтөбе» осы турда көш соңындағы «Қызылжарды» айқын басымдықпен ұтатынына ешкімнің күмәні болған жоқ. Бірақ қонақтар оңайлықпен алдырмады. Олар кездесудің соңғы минуттарына дейін сауатты қорғанды. Десек те мықтының аты мықты ғой, 89 минутта Жерар Гоу жеңіс добын соқты – 1:0. «Астана» Оралдың «Ақжайығының» қақпасына жауапсыз төрт гол салды. Оның авторлары – Денис Поляков, Педро Эуженио (екі рет), Марин Томасов. Бір ғажабы, соңғы үш голды елордалық футболшылар соңғы алты минутта соқты.
Жарыс кестесінде «Ақтөбе» бірінші орында келеді. Олар 18 ойыннан кейін 38 ұпай жиды. Екінші орындағы «Астананың» одан төрт ұпайы кем. 32 ұпайды қоржынға салған «Тобыл» үшінші сатыға жайғасты. Төртінші және бесінші орындарды «Шахтер» мен «Қайрат» өзара бөлісуде. Екеуінде де 27 ұпайдан бар.