Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2022

Жаңаарқада – жаңа мешіт

530 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жазиралы Жаңаарқа жерінде тағы бір мешіт бой көтерді. Кентке кіре­берісте орын тепкен жаңа мешіт жолаушылар үшін өте ыңғайлы. Сапарда жүрсеңіз, тоқтап, құлшылығыңызды жасап аласыз. Тура жолдың бойында.

Жаңаарқада – жаңа мешіт

Жаңа мешітті жаңаарқалық Әбді­шевтер әулеті салып отыр. Жарат­қанның мадағын алу­ды мақсат санаған олар иман ордасына бабалары Най­мантай мен Байғозы батырлар есімін бергенді жөн санаған. Ел-жұрты үшін атқа қонған әкелі-балалы қос батырды ұлықтау мақсатында. Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Ершат Оңғар, дін саласының зиялы өкілдері және аудан басшылығы қатысты.

– Әкелі-балалы қос ба­тыр­­дың есімін ұлықтау мақ­сатында жаңа мешітке «Бай­ғозы-Най­мантай батырлар» атауы беріліп отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масы соңғы бірер жылда қа­зақтың арғы-бер­гі тарихында аты қалған, тәуел­сіздік жолында күрескен аза­маттардың есімін мешітке беріп келеді. Қазіргі таңда еліміз бо­йынша 2700-ден аса мешіт бар. Бүгін, міне, қос батырдың атын жаңғырту мақсатында жаңа құлшылық ордасына сол кісілердің аты берілді. Алла­ның жердегі үйін сал­ған адамдарға қатысты Пайғам­барымыз (с.ғ.с.) өз ха­дисінде былай дейді: «Кім жер бе­тінде Алланың жердегі үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұ­мақ­тан орын дайындайды». Ислам тарихында мешіт салу – қадірлі іс болған, – деді өзінің құт­тықтау сөзінде наиб мүфти.

Салтанатты ашылу рәсі­мінен кейін жаңа мешітке жи­­ылған жамағат арасында ұлттық ойын көрініс тапты. Ас беріліп, Құран оқылып, жа­мағат бір сапқа тұрып намаз оқыды. Көпшілік ізгі­лікпен із қал­дырып жүретін Әбді­шев­тер әулетіне ризашылықтарын жет­­кізді.

 

Қасымхан ҒАЛЫМ,

журналист

 

Ұлытау облысы,

Жаңаарқа ауданы