34 жастағы АҚШ-тың алыбы әуелде тай боксы мен кикбоксты жетік меңгеріп, елеулі табыстарға қол жеткізді. Тіптен Жапониядағы К-1 турнирінің Гран-приінде де айқасты. Кейіннен боксқа ауысты. Кезінде ол даңқты Мирко КроКоппен күш сынасып, Владимир Кличко, Тайсон Фьюри және тағы басқа дүлей күш иелерінің спарринг-әріптесі болды. Өзі кәсіпқой рингте 26 кездесу өткізіп, бірде-бір рет жеңілген емес. Джаррелл 20 қарсыласын нокаутқа жіберді. Оның әлі тек өзінің отандасы Джой Давейкоға ғана жетпеді. 2013 жылдың басында өткен бұл кездесуде тең есеп тіркелді. Кезінде Миллер Ахрор Муралимов, Деральд Вашингтон, Мариуш Вах, Жоан Дюопа, Томаш Адамек, Богдан Дину сынды танымал боксшылардан басым түсті.
2019 жылдың ақпан айында Джаррелл Миллер чемпиондық тәж үшін ұлыбританиялық Энтони Джошуамен жұдырықтасуға тиіс еді. Алайда америкалық алып допинг-тексеруден өте алмады. Соның кесірінен ол жекпе-жек өтпей қалды. Биыл жазда бас-аяғы бір айдың ішінде Миллер екі жекпе-жек өткізіп үлгерді. 23 маусымда аргентиналық Ариэль Эстебан Бракамонтені ұпай санымен ұтса, 23 шілдеде мексикалық Дерек Карденасты төртінші раундта есінен тандырды. Әрине, оған таңдануға болмайды.
Алатау баурайында Магомедрасул Меджидов та өз өнерін ортаға салады. Осыдан тоғыз жыл бұрын Алматыда өткен әлем чемпионатының финалында ол біздің Иван Дычконы ауыр нокаутқа жібергенін жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. 27 қыркүйекте Әзербайжанның 26 жасқа толғалы отырған алыбы әуесқой рингті армансыз шайқады. Ол – Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы, Еуропа чемпионаты мен Ислам ынтымақтастығы ойындарының жеңімпазы. 2009 жылдан бері Меджидов кәсіпқойлар арасында күш сынасып жүр. Әзірге төрт кездесу өткізіп, үшеуінде жеңіске жетті.
Алматыдағы кәсіпқой бокс кешінде Дәурен Елеусінов, Ангелина Лукас және тағы басқа отандық былғары қолғап шеберлеріміз шаршы алаңға көтеріледі. Сондай-ақ шет мемлекеттерден келген бірқатар танымал боксшының да өнерін тамашалаймыз.