Медицина • 07 Қыркүйек, 2022

Заманауи қондырғы клиникалық аурухана мүмкіндігін арттыра түсті

601 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында медицина әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Соның бір айғағы бұрын тек республикалық орталықтарда жасалатын күрделі операциялар енді еліміздің үшінші мегаполисінде де қолға алына бастады. Медицина саласында айтуға тұрарлық соңғы жағымды жаңалықтың бірі – қалалық №1 клиникалық ауруханасында заманауи ангиографиялық операция жасау бөлмесінің ашылуы. Осынау жаңа қондырғы арқылы дәрігерлер сапалы диагностикалық тексерулер жүргізе алады және сонымен бірге күрделі опера­ция­лар жасау мүмкіндігі де арта түспек.

Заманауи қондырғы клиникалық аурухана мүмкіндігін арттыра түсті

Айта кету керек, аталған заманауи диагностикалық кабинеттің ашылу салтанатына Ұлттық нейрохирургия орталығының президенті Серік Ақшолақовтың өзі келіп қатысты.

Ресми деректерге сүйенсек, Шымкент қаласында соңғы 3 жылда медициналық ұйымдардың материалдық техникалық базасын нығайтуға 13,9 млрд теңге қаражат бөлінген. Ал қажетті құрал-жабдықтармен қамту көрсеткіші 79,2 пайызға жеткен. Бұған дейін аталған ангиографиялық аппарат қалалық №2 ауруханаға, қалалық клиникалық балалар ауруханасына және онкологиялық орталыққа орнатылған еді. Осылайша, мегаполисте халыққа жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі біршама арта түсті. Осындай заманауи аппараттардың көмегімен медицина қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді.

Енді жаңа аппарат арқылы қалалық №1клиникалық ауруханада бас ми тамырына, бастағы ісікке және инсульт алған науқастарға жоғары технологиялық операциялар жасалады. Өз кезегінде жаңа ангиографиялық қондырғы осы аппараттың соңғы үлгісі болып саналады, ал бағасына келсек, оның құны 1 млрд теңгеге жуықтайды. Бұл медициналық құралдың бір ерекшелігі, екі детекторды бір уақытта қолдану арқылы нейрохирургиялық және интервенциялық операцияларды жасауға, тамырларды 3D кескінінде тексеруге, операцияның барысында компьютерлік томография жасауға мүмкіндік береді, дейді мамандар. Сонымен қатар аталған клиникада еліміздің республикалық медициналық орталықтары мен шетел мамандарын тарта отырып, онлайн шеберлік сағаттарын өткізу жоспарда бар. Тек қаланың ғана емес, мегаполиске жақын ауыл-аймақтың науқастарына да медициналық көмек көрсетудің мүмкіндігі туып отыр.

Бұдан бөлек, мегаполис медицинасына қатысты тағы бір айрықша атап өтерлік оқиғаның бірі – Шымкенттен ашылған ерекше балаларға арналған мамандандырылған стоматологиялық кабинеті.

Бұл кабинетте дәрігерлер церебральды сал ауруына шалдыққан және басқа да мүмкіндігі шектеулі балалардың ауыз қуысы мен тісін арнайы әдіспен немесе наркоз беру арқылы жеңіл түрде емдейді.

Өз кезегінде Асар шағын ауданындағы балалар ауруханасынан ашылған стоматоло­гиялық кабинетте де ақ желеңді мамандар кішкентай науқастарды тегін қабылдайды. Ол үшін пациент жергілікті емханадан жолдама алып келуі қажет. Стоматологиялық кабинетте тісті емдеумен қатар ауыз қуысына диагностикалық тексеру жүргізіліп, тиісті ем-дом тағайындалады. Кабинет рентген, наркоз аппараты сынды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Осы тақырыпқа қатысты тағы бір тың жаңалық – Шымкент қалалық стомато­логиялық емханасында түнгі уақытта да қызмет көрсететін кабинеттер саны өсіп келеді. Онда тіс дәрігерлері күндіз және кешкі 20:00-ден таңғы 08.00-ге дейін түнгі ауысыммен жұмыс істейді.

Күндіз балаларға 17 терапевтік және 4 хирургиялық кабинетте қызмет көрсетілсе, түнгі ауысымда 3 дәрігер мен 2 медбике тісі ауырған науқастарды қабылдайды.

Емхана дәрігерлерінің айтуынша, түнгі ауысымда бір күнде орта есеппен 17-25 бала ем алуға келеді екен. Ал күндіз бала саны 500-600-ге дейін барады. Бұған дейін тек бір кабинет жұмыс істеп келген. Содан емделушілер ұзақ уақыт кезекке тұруға мәжбүр болған. Аталған кемшілікті жою мақсатында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан нақты шара қолға алынып, соның нәтижесінде түнгі ауысымда жұмыс істейтін қосымша екі кабинет іске қосылды.

 

ШЫМКЕНТ