Әлем • 07 Қыркүйек, 2022

Су тасқынының зардабы ауыр

1173 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Пәкістандағы су тасқыны елге оңайға тимей тұр. Мал-жан шығынынан бөлек, оның салдары да ауырға соғуы мүмкін. Өйткені алапат су бастапқыда талайдың өмірін жалмаса, енді экономикаға орасан зор шығын әкелді.

Су тасқынының зардабы ауыр

Қазірге дейін тасқын салдарынан 1300-ден астам адам қайтыс болды. Елдегі 160 ауданның 81-і тікелей зардап шекті. Кем дегенде 33 миллион адам баспанасыз қалды, бұл цифрлар алдағы күндері өсуі мүмкін.

Сондай-ақ ел экономикасына жа­уапты тұлғалардың алдында ең күрделі міндет тұр. Тасқын елдің жол және коммуникация желісін бүлдіріп, көп үйді зақымдады және миллионда­ған гектар егінді шайып кетті. Ауыл шаруашылығы секторы Пәкістанның ішкі жалпы өнімнің төрттен бір бөлігін, яғни 22,7 пайызды құрайды. Оның жаппай жойылуы, соның ішінде ел үшін негізгі кіріс көзі саналатын мақта алқаптарының шайылып кетуі экономикаға ауыр соққы.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы­ның 29 тамыздағы есебіне сәйкес, Пәкістанның жалпы мақта өнімінің шамамен 30 пайызын өндіретін Синдте егіннің 80 пайызға жуығы жойылған.

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен шалады» демекші, биыл Пәкістан үшін қиын жыл. Елде валюта қоры тез азайып, инфляция деңгейі 27,3 пайызды құраған. Осылайша, кейінгі жарты ғасырда болмаған тапшылық пен қымбатшылыққа тура келіп отыр.

Елдегі жұмыс орны мен валютаның маңызды көзі саналатын тоқыма өнеркәсібінің 70 пайызға жуығы елде өндірілген мақтаны пайдаланады. Оның 35 пайызға жуығы Синд провинциясында өндіріледі. Пәкістан тоқыма фабрикалары қауымдастығының төрағасы Абдул Рахим Насирдің айтуынша, тасқын салдарынан салада тапшылық туындап отыр. 

«Шикізатпен қамтамасыз ету үшін төрт миллионнан астам бума мақта импорттаймыз. Қазіргі тапшылыққа байланысты 3 миллиард долларға жуық шығынға ұшырап, екі есе көп импорттауға мәжбүр болуымыз мүмкін», дейді А.Насри Al Jazeera-ға берген сұхбатында.

Қаржы министрі Мифтах Исмаилдің сөзіне сүйенсек, Пәкістан кемі 10 миллиард доллар шығынға ұшыра­ған. Тәуелсіз сарапшылар, Атлантикалық кеңестің Оңтүстік Азия орталығындағы Пәкістан бастамасының директоры Узайр Юнус және экономист Аммар Хабиб Хан бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін екенін алға тартады. Осылайша, шығын көлемі 15 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін.

Дегенмен, сарапшылар апат салдарынан қираған көпірлер, ғи­мараттар, жолдар, егін және мал шаруашылығының тікелей қаржылық шығыны анықталатынын, бірақ оның экономиканың басқа салаларына әсерін назарда ұстау қажет екенін айтады.

«Қазір анықталуы қиын мәселе – экономикалық белсенділіктің төмен­деуі, өмір сүру құнына әсер ету секіл­ді кең ауқымды экономикалық шығын. Мұндай жан-жақты шығынды анықтау үшін бірнеше ай қажет», дейді Оксфорд университетінің Блаватник басқару мектебінің экономисі Шахрух Вани.

Федералды жоспарлау министрі Ахсан Икбал халықаралық қоғамдас­тықты зардап шеккен 33 миллион адамға гу­манитарлық көмек көрсетуге шақыр­ды. «Апатттың ауқымы өте үлкен, 33 мил­лион адам гуманитарлық көмек қа­жет етеді. Бұл үшін мен пәкістан­дық бауырластарымды, пәкістандық эми­гранттарды және халықаралық қоғам­дас­тықты осы қиын уақытта Пәкістанға көмектесуге шақырамын», деді ол.

Осы орайда, сарапшылар мен шенеуніктер Пәкістандағы су тас­қыны­на климаттың өзгеруін кінәлап отыр. Олардың қатарында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутер­риш те бар. Ол әлемді өлімге әкеле­тін дағдарыс кезеңінде «ұйқыдан оянуға» шақырды. БҰҰ Бас хатшысы 9 қыркүйекте Пәкістанға барып, су тас­қы­нынан зардап шеккен аймақтар­ды аралап, ресми тұлға­лармен кездеспек.

Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Пәкістан су тасқынынан зардап шеккен миллиондаған адамға көмектесу үшін төтенше жағдайда 160 миллион доллар бөлу туралы үндеу жариялады.