Үкімет • 07 Қыркүйек, 2022

Конституциялық соттың мәртебесі айқындалды

648 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында бірқатар консти­туциялық заң жобасы мақұлданып, жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Палатаға 2022 жылғы 5 маусымда референдумда қабылданған Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды іске асыру мәселелері бойынша заң жобаларын бірінші оқылымда талқылау ұсынылды.

Конституциялық соттың мәртебесі айқындалды

Депутаттар қарауына келіп түскен бірқатар құжат жөнінде Әділет министрі Қанат Мусин баяндама жасады. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» заң жобасы қаралды. Жалпы, құжат 3 бөлімнен, 10 тараудан және 68 баптан тұрады. Ведомство басшысының айтуынша, заң жобасында Конституциялық соттың және оның судьяларының мәртебесі, олардың кепілдіктері мен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ конституциялық іс жүргізу тәртібі қамтылған.

«Конституциялық сот биліктің сот тар­мағына жатпайтынын атап өткім келеді, өйткені бұл мәселе Конституцияда түпкілікті шешілді. Конституциялық сот еліміздің бүкіл аумағында Конс­ти­туцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган болады. Ал Конституциялық соттың судьялары мәртебесі Конституциямен айқында­латын жауапты мемлекеттік лауазымды атқа­ратын адамдар. Заң жобасында Конститу­циялық сот судьяларын тағайындау және олар­дың өкі­лет­тіктерін тоқтату тәртібіне байланыс­ты мә­селелер егжей-тегжей регламенттелген. Олар­дың тәуелсіздігі мен кепілдіктері де бекітілген.

Конституциялық сот судьяларының жоғары мәртебесін ескере отырып, оларды материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету жөніндегі нормалар енгізілген. Атап айтқанда, Сот жүйесі туралы Конституциялық заңға ұқсас Конституциялық сот судьяларының отставкаға шығу институтын енгізу ұсынылады.

Конституциялық сотты қаржыландыру тәртібін, оның аппаратының мәртебесін және осы органның қызметін қамтамасыз етуге байланысты өзге де мәселелерді қамтитын Конституциялық соттың қызметін ұйымдастыру мәселелері қарастырылған», деді Қ.Мусин.

Сонымен қатар Конституциялық соттың құзыреті және оны жүзеге асырудың ұйым­дастырушылық нысандары көрсетілген. Мәсе­лен, Конституциялық соттың құзыретіне сайлауды өткізудің дұрыстығы мәселелерін қарау, Парламент қабылдаған заңдар мен халық­аралық шарттардың республика Консти­туциясына сәйкестігін қарау, сондай-ақ Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру жатқызылған. Яғни Конституциялық кеңестің қолданыстағы функциялары Консти­туциялық сотқа берілді.

«Ең маңыздысы, Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Конституциялық сот аза­мат­тардың өтініштері бойынша олардың құқық­тары мен бостандықтарына тікелей тиетін нормативтік құқықтық актілерді Консти­ту­цияға сәйкестігін қарайды. Сондай-ақ Консти­туциялық сотқа жүгіну құқығы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге берілді», деп түсіндірді Қ.Мусин.

Министрдің сөзіне сүйенсек, консти­ту­ция­лық іс жүргізудің жалпы шарттары мен қағи­даттары бекітіледі. Конституциялық сотқа жолданатын өтініштердің түрлері, олардың нысаны мен мазмұны айқындалады. Заң жобасында азаматтардың Конституциялық сотқа жүгіну тәртібін белгілеу ұсынылған.

«Азамат даулап отырған нормативтік-құ­қық­тық акт оның қатысуымен жалпы юрисдикция сотында қолданылуы керек деген талапты белгілеу ұсынылады. Бұл норманы белгілеу, ең алдымен, Конституциялық сот азамат­тардың өтініштері бойынша тек олардың құқық­тары мен бостандықтарына қатысты норма­тивтік-құқықтық актілерді тексеретіні туралы Конституция нормасын іске асыру үшін қа­жет. Конституциялық сотқа жүгінгенге дейін жал­пы юрисдикция сот құралдарын пайдалану туралы шарт көптеген Еуропа елдерінде қолда­ны­латынын атап өткен жөн», деді Қ.Мусин.

Жалпы, Конституциялық соттың өтініштерді қарау рәсімі жалпы соттардағы сот ісін жүргізу тәртібінен түбегейлі ерекшеленеді. Жоба барлық процедуралық және ұйымдастырушылық рәсімдерді барынша жеңілдету қажеттілігін ескере отырып әзірленді.

«Конституциялық соттың өтініштерді қарау тәртібі бес кезеңнен тұратын болады. Бірінші, Конституциялық сот Аппаратының өтініштерді алдын ала қарауы. Екінші, конституциялық іс жүргізуге өтінішті қабылдау. Үшінші, Конституциялық сот отырысында өтінішті қарау үшін материалдар дайындау. Төртінші, өтінішті қарау бойынша отырыс өткізу. Және соңғы кезең – өтініш бойынша түпкілікті шешім қабылдау. Сондай-ақ жобаға Конституциялық соттың шешімдерін орындау тетіктері енгізілген», деді Қ.Мусин.

Сондай-ақ Әділет министрі «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасын таныстырды. Ведомство басшысы бұған дейін мұндай құжат қабылданғаны, жаңа мәтін Уәкіл қызметінің мақсаттары мен міндеттерін, оның құқықтық жағдайы мен құзыретін ашатынын жеткізді.

«Жаңа ережелерді екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – Уәкілдің құзыреттілігін күшейту, екіншісі – оның қызметін ұйымдастырудың тиімділігін арттыру. Уәкілдің құзыретін күшейту бөлігі бойынша. Біріншіден, Конституция нормаларын іске асыру мақсатында Заң жобасында Уәкілдің адамның және азаматтың Конс­титу­цияда бекітілген құқықтары мен бостан­дық­тарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілер­дің Конституцияға сәйкестігі мәселесі бойынша Конституциялық сотқа жүгіну құқығы көзделген.

Екіншіден, басқа мемлекеттердің шақы­руы бойынша адам құқықтары мен бостандық­тарының сақталуына байқаушы ретінде әрекет ету құқығын беру ұсынылады. Үшіншіден, Уәкілдің құзыретін күшейту мақсатында оның арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйым­дарға және қылмыстық-атқару жүйесі мекеме­леріне кедергісіз бару құқығы бекітіледі», деді Қ.Мусин.

Уәкілдің қызметін ұйымдастырудың тиімділігін арттыру бөлігінде Заң жобасында адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталық басшысының орынбасары лауазымын енгізу, сондай-ақ Ұлттық орталықтың қосымша функциялары белгіленеді.

«Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшы­сының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Рес­публикасы Конституциялық заңының жобасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Қазақстан Респуб­ли­касы Заңының жобасы жөнінде де Әділет ми­нистрі Қанат Мусин баяндама жасады. Жалпы құжатта 7 бағыт бойынша түзету енгізілмек.

«Бірінші, Президентке қатысты түзетулер. Заң жобалары Президенттің жергілікті атқа­рушы органдарға және Жоғарғы Сот Кеңесіне қатысты жекелеген өкілеттіліктерді, Сенаттағы «Президенттік квотаны» қысқарту, сонымен қатар Президент лауазымын атқару кезеңінде енгі­зілетін жекелеген шектеулер бо­йынша түзе­тулерді қамтиды.

Екінші, Парламенттің қызметіне, яғни Парла­­мент Палаталарын қалыптастыру тәрті­біне қатысты түзетулер. Сайлау жүйесінің аралас мо­деліне көшуіне және Қазақстан хал­қы Ассам­блеясының ұсынысы бойынша «пре­зиденттік квотаны» қолдану тәртібінің өзгеруіне бай­­ланысты түзетулер осы құжат аясында қарас­­тырылған. Бұдан басқа, Конституцияға ен­гі­зілген түзетулерге сәйкес Парламенттің бір­­қа­тар жаңа өкілеттіктері бойынша түзетулер бар.

Үшінші, Үкіметке қатысты түзетулер. Енді Үкіметке Конституцияға енгізілген түзету­лерге сәйкес заңды күшіне енген уақытша қаулыларды қабылдау бойынша өкілеттіліктер беріледі. Мынаны атап өткен жөн, мұндай актілер айрықша болып табылады және осындай актілерді негізсіз қабылдау тәуекелдерін азайту талаптары және басқа жағдайлар осы заң жобаларының шеңберінде қарастырылған», деді Қ.Мусин.

Министрдің айтуынша, төртінші бағыт сайлау заңнамасына қатысты. Сайлау жүйесінің аралас моделіне көшуіне байланысты сайлауды өткізудің жүйесі толығымен қайта құрылады.

«Сайлау процесі заманның талаптарына сай жетіліп келеді. Депутаттық мандатты кері қайратып алу жаңа институты енгізіледі. Ауыл, және облыстық маңызы бар қалаларының әкімдерін сайлау кезең-кезеңімен енгізіледі.

Бесінші, саяси партияларды тіркеу тәртіп­теріне қатысты түзетулер. Саяси партияларды тіркеу үшін оның сандық шегі 20 мыңнан 5 мың­ға дейін, саяси партиялардың аймақтардағы өкіл­дік­терінің саны 600-ден 200-ге дейін, саяси пар­тияны құру кезіндегі бастамашыл топ азаматтарының саны 1 мыңнан 700-ге дейін қысқартылады.

Алтыншы, жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп тану бойынша Конституцияның 6-бабына қабылданған нақты түзетулер енгізу ұсынылады.

Жетінші, сот лауазамына конкурстық рәсімдер бойынша онлайн-трансляция өткізу бөлігіндегі жекелеген түзетулер. Сонымен қатар мәслихат төрағасының лауазымын енгізу, нормаларды реттеудің деңгейлерін анықтау және нормашығармашылық процесін қысқарту бойынша түзетулер бар», деді Қ.Мусин.

Бұдан бөлек, Әкімшілік құқық бұзу тура­лы кодекске енгізілетін өзгерістер мен толық­тырулар бірінші оқылымда мақұлданды. Атал­ған құжатта 4 бағытта түзетулер енгізіледі.

«Біріншіден, Конституциялық соттың құрылуына байланысты Конституциялық кеңес пен оның мүшелері аталған баптарға оларды Конституциялық сот және оның судьяларына ауыстыру тұрғысында нақтылайтын түзетулер ұсынылып отыр.

Екіншіден, заң жобасында Есеп комитетінің атауын Жоғары аудиторлық палатаға ауыстыруды нақтылайтын түзетулер қарастырылған. Үшіншіден, сайлау туралы Конституциялық заңға түзетулерді сайлау алдындағы үгіт жүргізуге және үгіт материалдарын таратуға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық құрамдарымен байланыстыру мақсатында заң жобасында кодекстің 112 және 113-баптарына түзетулер көзделген.

Төртінші және соңғы бағыт кодекстің 874-1-бабын Конституцияның 83-1-бабының адам құқықтары жөніндегі уәкілді Сенаттың келісімінсіз сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларына тартуға болмайды деген бөлігіне сәйкес келтіріледі», деді Әділет министрі Қ.Мусин.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста «Проку­ра­тура туралы» Қазақстан Республикасы Конс­ти­туциялық заңының жобасы қаралды. Аталған құжат жөнінде Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев баяндама жасады.

«Бірінші тарауда прокуратура қызметінің мақсаттары мен принциптері, құқықтық негіздері және басқа да мәселелер берілген. Екін­ші тарауда прокуратураның жүйесі нақты­ланып, олардың әрқайсысының құзыреті бекітіледі. Заң жобасында әрбір буындағы проку­ратура органдарына тоқтап, олардың құзырет­терін бекіттік. Атап айтсақ, Бас прокуратура, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті, Құқық қорғау органдары ака­демиясы, әскери, көлік, облыстық, аудандық про­куратураларға дербес тоқталып, олардың негізгі функциялары нақтыланған.

Прокурорлардың өкілеттіктері жеке бапта көр­сетілді. Ол бапта аудандық сатыдан бастап Бас прокуратураға дейін – қандай құ­қықтары және қандай міндеттері бар екені анық бекіледі. Біз оларды жүйеге келтіріп, барынша Конс­титуциялық заңда бекітуге ұмтылдық. Бұл тарауда негізінен прокуратураның конституциялық функцияларын жүзеге асыруға бағытталған өкілеттіктері көрсетіледі», деді Ә.Шындалиев.

Заң жобасында жоғары қадағалаудың үш нысаны бекітіледі. Олар – тексеру жүргізу, заң­дылықтың жай-күйіне талдау жасау, күшіне енген актілерді бағалау. Тексеруді Президенттің, Бас прокурордың тапсырмасы және облыстар пен аудан прокурорларының шешімі бойынша жүргізіледі.

Сондай-ақ жиында «Қазақстан Республи­ка­сының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Құжат жөнінде Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев баяндама жасады.

Заң жобасы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге және ұлттық кинокомиссияны құру, шетелдік инвесторларды тарту, халықаралық кинонарықтарда, кинобизнес-алаңдарда және басқа да іс-шараларда Қазақстанның киноиндустриясын көрсету арқылы кинематография­ны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

Заң жобасы сондай-ақ Қазақстан Респуб­ликасында және шетелде әлеуметтік маңызы бар және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуді регламенттеуді көздейді.

Депутаттар заң жобасымен жұмыс барысында кинематография саласындағы кадрлардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыруға және кинематографиялық қызмет субъектілерінің халықаралық кинофестивальдерге қатысуына мемлекеттік қолдау көрсету, елде және шетелде қазақстандық кино күндерін ұйымдастыруға бағытталған және тағы басқа да бірқатар түзету енгізді.

Президенттің 2022 жылғы 16 маусымдағы Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында «Қазақстан мерекелері туралы» заңға түзету енгізіледі. Осылайша, 25 қазан ұлттық мереке – Республи­ка күні ретінде айқындалады. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке ретінде белгіленеді. Сонымен қатар 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күнін мерекелеуді Мем­лекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні және қо­ғамдық маңызы жоғары әлеуеті бар өзге де күн­дер сияқты, оны мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастау ұсынылды.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста бірқатар заң жобасы жұмысқа алынды. Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады.