Алматы облысының еріктілері Қостанай өңіріне 105 тоннадан астам азық-түлік жіберді. Яғни ел басына күн туғанда Алматы облысы да үнсіз қалмады. Алғашқылардың бірі боп, Әулиекөл ауданының тұрғындарына қолдан келгенше қолдау көрсетіп жатыр. Бірнеше күн бойы отандастарымызға Алматы облысының әкімдігі, еріктілер, жастар, кәсіпкерлер мен жанашыр азаматтар сырт қалмай, азық-түлікпен қатар құрылыс материалдары мен жеке күтім құралдарын жіберуді бастады. Бүгінде Алматы облысының әкімдігі Қостанай облысының әкімдігімен тұрақты байланыста болып, жиналған гуманитарлық көмекті аттандырды. Мұндай қайырымды іс жалғаса бермек.
«Осындай қиын-қыстау сәттерде қазақстандықтар ауызбіршілігін көрсетіп жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккендердің отбасыларымен жеке кездесіп, әрбір отбасы Үкіметтің қараусыз қалмайтынын айтты. Қостанай облысында зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі халық акциясын қолдай отырып, Алматы облысы да көмекке өз үлестерін қосуда. Яғни балаларға арналған жаялықтар – 9 мың дана, құрылыс материалдары – 10 тонна, азық-түліктен: күнбағыс майы, тауық еті – 10 тонна, кеспе – 3 тонна, пияз – 7 тонна, күріш пен алма 5 тоннадан және тағы да басқасы бар. Сонымен қатар бірқатар мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақыларын аударды. Қазіргі уақытта аймақтан екі ГАЗель мен төрт жүк көлігі жолға шықты. Қостанай облысына көмекке 10 ерікті кетті», дейді Алматы Жастар ресурстық орталығы фронт кеңсенің басшысы Ерасыл Толымбекұлы.
Алматы облысы