Аймақтар • 08 Қыркүйек, 2022

Қызметін өжеттікпен атқаруда

176 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

От тұтанса өз алдына, ал дәл сол сәтте ұйытқып соғар жел тұрса, жағдай қиындады дей беріңіз. Дәп осындай жағдай Қарағанды облысында ара-тұра байқалып тұр. Мәселен, күннің ыстықтығына жел қосылып, өңірде кешегі тәуліктің өзінде 17 табиғи өрт тіркелді.

Қызметін өжеттікпен атқаруда

Мәселен, Шет ауданындағы Қызылтау ауылынан 12 ша­қырым жерде құрғақ шөп лап етіп тұтанып, әп-сәтте 300 гек­тар жерді шарпып үлгерді. Бұдан бөлек, осы ауданның Нұра­талды ауылдық округінің ма­ңында да дала өрті бұрқ ете түсті. Бұл жолы жалын 1000 га аумаққа жайылды.

Сонымен қатар Бұқар жырау ауданындағы Белағаш орманшылығының аумағында, Төрткөл ауылынан солтүстік-шы­ғысына таман түстен кейін жал­пы көлемі 10 гектардай аумақ­тағы құрғақ шөптер мен ағаштар отқа оранды.

Тілсіз жау Шет, Қарқаралы және Нұра аудандарында да бой көрсетті. Бұл жерлердегі дала өртінің жылдам сөндірілгенін айта кеткен ләзім.

Облыстық төтенше жағ­дайлар департаменті хабар­ла­ғандай, барлық өрт ошақ­та­рына ТЖД, жергілікті ат­қа­рушы органдардың ерікті өрт сөндіру құрамалары және ор­маншылықтардың күш­тері от апатымен күресіп жатыр. «Табиғи өрттер мен жануды жою­ға барлығы 362 адам мен 83 техника жұмылдырылды», делінген ТЖД хабарламасында.

Айта кету керек, табиғи өрт­пен күрес барысында қара­ған­дылық өрт сөндірушілер басын қатерге тігіп, өз қызметін өжет­тікпен атқарып жүр.

Қазіргі таңда табиғи өрт­тердің шығу себептері анықталу үстінде. Төтенше жағдайлар қызметі бол­са, тұрғындарды өрт қауіп­сіздігі ережелерін қа­таң сақтауға шақырып, мәлім­деме жасады.

 

Қарағанды облысы