Есіл ауданында дала жолындағы мобильді топтардың бірі орманға кірген КамАЗ көлігінің ізін байқаған. Тәртіп сақшылары жақын жерде орналасқан ЖШС жұмысшыларының ізін тексеріп, ағаштардың артында шөпке түсірілген жаңа егіннің дәнін тапты. Шақыру бойынша келген жедел-тергеу тобы кәсіпорынның 39 жастағы қызметкерінің қатысы барын анықтады.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген. Оқиға орнынан жалпы құны 1,4 миллион теңгеден асатын 12 тонна 260 келі бидай тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
«Иелері қабылдаған қауіпсіздік шаралары қылмысты жедел ашуға ықпал етті. Алқаптағы астық пен астық сақтайтын токтардағы қатаң есептен басқа, кәсіпорын күзетпен қамтамасыз етілгенін, сигнализация және бейнебақылаумен жабдықталғанын атап өткен жөн. Айта кететін болсақ, ауылда кәсіпкер қоғамдық орындарға 5 камера орнатқан, ол учаскелік полиция пунктіне қосылған», дейді аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Ерлік Еслямбеков.
Бүкіл облыс бойынша полиция қызметкерлері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өз нысандарының техникалық беріктігін қамтамасыз етуді, күзет жүйесін жетілдіруді ұсынады – бұл ұрлық фактілерінің алдын алуға және жедел ашуға ықпал етеді. 20 тамыздан бастап «Астық» ЖПІШ іске қосылғаннан бері облыста 5 қылмыс тіркеліп, оның 4-і ашылды.