Грек-рим күресінде ТОП-10 балуанның қатарына Қазақстанның екі өкілі ғана еніп отыр. Олар – Қорлан Жақанша мен Алмат Кебісбаев. 55 кило салмақта сайысқа түсіп жүрген 30 жастағы Жақанша 2019 жылы Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында финалға дейін жетіп, жанкүйерлердің назарын өзіне аударған болатын. Одан бөлек, ол Азия біріншілігінде үш рет үшінші орынға табан тіреді. Қорлан қазіргі кезде жетінші сатыға жайғасты. 67 кило салмақта үздік ондықты түйіндеп тұрған 34 жастағы Алмат Кебісбаев жайында ұзақ әңгімелеуге болады. Ол – әлем чемпионатының бес және Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері, Азия біріншілігінің финалында бес мәрте белдесіп, екі алтын мен үш күміс медаль олжалады. Бірақ Белградқа баратындардың тізімінде екеуі де жоқ. Себебі бұл жолы ұлттық құрама бапкерлері аса жеңіл салмақта Аманғали Бекболатовты боз кілемге шығаруды жөн көрген екен. Ал Алмат болса, былтыр үлкен спорттан қол үзіп, бұл күндері еліміздің жасөспірімдер құрамасын жаттықтыруда. Міне, үздіктер тізімінен Қазақстанның осы екі «классигінің» ғана есімдерін кезіктірдік. Әрине, бұл қуанатындай жағдай емес.
Қазіргі кезде Әзербайжан балуандарының қарқыны өте күшті. Қап тауы бөктерінде орналасқан бұл мемлекеттің 10 балуаны үздіктер санатында. Солардың екеуі әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Олар – Санан Сулейманов (77 кило) мен Рафиг Гусейнов (82 кило). Алғашқысының әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы деген атағы бар. Екіншісі – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы және Еуропа біріншілігінің үш дүркін жеңімпазы. Парсы елі пехлевандары Мохаммадреза Гераеи (67 кило) мен Мохаммадхади Саравиге (87 кило) де тең келер ешкім жоқ. Гераеи соңғы үш жылдағы байрақты бәсекелердің барлығында жеңіс тойын тойлады. Ол Олимпиада, әлем және Азия чемпионы атанды. Сарави Токиодағы ойындарда қола алса, әлем және Азия біріншіліктерінде қарсылас шақ келтірмеді. Грузия құрамасының да қос қыраны – Лери Абуладзе (63 кило) мен Якоб Каджая (130 кило) UWW рейтингінде алдарына жан салар емес. Сондай-ақ жапониялық Кен Матцуй (55 кило), молдовалық Виктор Чобану (60 кило), литвалық Криступас Шлейва (72 кило) және сербиялық Зураби Датунашвили (87 кило) сынды дүлдүлдер өз салмақтарында дара тұр.
Әлемдік рейтингте ТОП-10-дыққа мына елдердің грек-рим күресі шеберлері еніп отыр: Әзербайжан –10, Ресей – 9, Түркия – 8, Иран – 7, Грузия, Германия, Мажарстан – 5, Жапония, Армения, Молдова, Польша – 4, Қырғызстан, Украина, Литва, Норвегия – 3, Қазақстан, АҚШ, Куба, Финляндия, Сербия – 2, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Мысыр, Швеция, Эстония, Беларусь, Дания, Алжир, Болгария, Италия және Чили – 1.
Еркін күрестегі жағдайымыз «классиктерге» қарағанда біршама жақсы. Қазіргі кезде Қазақстанның алты бірдей өрені үздік ондықтың қатарында. Олар – Нұрислам Санаев (57 кило) – 6-орын, Азамат Дәулетбеков (86 кило) пен Олег Болтин (125 кило) – 7-орын, Талғат Сырбаз (70 кило) – 8-орын, Юсуп Батырмұрзаев (125 кило) – 9-орын және Әділет Даулынбаев (92 кило) – 10-орын.
Күрестің бұл түрінде АҚШ-тың алдына ешкім түсе алар емес. Бұл елдің 10 балуаны ТОП-10-дыққа кіргені былай тұрсын, солардың төртеуі әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Олар – Олимпиаданың қола жүлдегері, әлем чемпионы Томас Гильман (57 кило), Олимпиаданың қола жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы Кайл Дэйк (74 кило), Олимпиада чемпионы, әлем біріншілігінің бес дүркін жеңімпазы Джордан Барроуз (79 кило), Олимпиада чемпионы және финалисі, әлемнің екі дүркін чемпионы Кайл Снайдер (97 кило). Сонымен қатар олардың әрқайсы Панамерика ойындары мен біріншілігінде сан мәрте топ жарғанын да айта кеткен абзал. Мықтылардың алдыңғы легінде Иранның екі балуаны бар. Рио Олимпиадасында алтын, Токиода күміс алып, әлемнің үш дүркін чемпионы атанған Хассан Яздани (86 кило) мен әлем чемпионы Камран Гасемпурге (92 кило) бүгінгі таңда тең келер ешкім жоқ. Өзге салмақ дәрежелерінде ресейлік Абасгаджи Магомедов (61 кило), моңғолиялық Тулга Тумыр Очир (65 кило), қырғызстандық Ерназар Ахматалиев (70 кило) және грузиялық Гено Петриашвили (125 кило) сынды саңлақтар дара тұр.
ТОП-10 еркін күрес шеберлері арасында мына мемлекеттердің марқасқалары бар: Ресей –11, АҚШ – 10, Иран – 9, Түркия – 7, Қазақстан, Әзербайжан – 6, Үндістан, Грузия – 5, Беларусь, Моңғолия – 4, Армения, Жапония, Қырғызстан – 3, Германия, Македония, Словакия, Мысыр, Италия, Украина – 2, Болгария, Бруней, Пуэрто-Рико, Мажарстан, Польша, Молдова, Өзбекстан, Грекия, Камерун, Франция, Канада және Куба – 1.
Әйелдер күресінен Жапония құрама командасының 14 мүшесі үздік ондықтың тізіміне енгенімен, олардың біреуіне де көш бастау бақыты бұйырмады. Бұл ретте АҚШ-тың асығы алшысынан түсіп тұр. Бүгінгі таңда америкалық балуандардың төртеуі топ жаруда. Олар – Сара Хилдебарндт (50 кило), Хелен Луиза Марулис (57 кило), Форрест Энн Молинари (65 кило) және Аделайн Мария Грей (76 кило).
Соңғы уақытта Қырғызстанның қыздары керемет нәтиже көрсетіп жүргені барша жұртқа мәлім. Өздерінің өрелі өнері мен орасан зор табыстарының арқасында бұл күндері Айсұлу Тыныбекова (62 кило) мен Мейірім Жұманазарова (68 кило) өз салмақ дәрежелері бойынша UWW рейтингінде жеке-дара көш бастап келеді. Ал аса ауыр салмақта сайысқа түсіп жүрген Айпері Медетқызы екінші орынды иеленуде. Бұл алақандай ғана қырғыз елі үшін кермет жетістік екені сөзсіз.
Қазақ қыздары арасында үздіктер тізімінен жалғыз ғана Жәмила Бақбергенованы кезіктірдік. Десек те Алаштың аруы қалың топтың арасында емес, 72 кило салмақта күресетін бұрымдылардың көш басында. Тіпті атағы алысқа жайылған түркиялық Бусе Тосун, германиялық Анна Шелл, жапониялық Масако Фуруити, франциялық Ванесса Вескан, моңғолиялық Даваанасан Енх-Амар, үндістандық Дивия Какран сынды балуандардың өздері Бақбергенованың артынан сығалап қалды. Мықтылар көшін бастап тұрған Жәмилаға біз алдағы жарыста да жарқын жеңіс тілейміз. Сондай-ақ моңғолиялық Болотуя Бат-Очир (53 кило), германиялық Нина Неммер (55 кило) және үндістандық Сарита Сарита (59 кило) төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылуда.
ТОП-10 балуандардың тізіміне енгендердің саны жағынан Жапонияның алда тұрғанын жоғарыда айттық. Одан кейінгі орындарға мына командалар жайғасты: АҚШ – 10, Моңғолия – 8, Болгария, Украина – 6, Ресей, Үндістан – 5, Канада, Беларусь, Германия – 4, Румыния, Қытай, Молдова, Швеция, Польша, Түркия, Қырғызстан – 3, Бразилия, Әзербайжан – 2, Эквадор, Мексика, Тунис, Нигерия, Чехия, Қазақстан, Франция, Мысыр және Эстония – 1.
10 қыркүйекте шымылдығы түрілетін әлем чемпионатында алғашқы болып боз кілемге грек-рим күресі шеберлері шығады. Олар үш күн бойы айқасады. 12 қыркүйекте бұрымдылар өздерінің алғашқы жүлделерін сарапқа салады. Ал соңғы күндері еркін күрес шеберлерінің өнерін тамашалаймыз. Аталған дода 18 қыркүйекте өз мәресіне жетеді.